Ежелгі Грек Рим лингвистикалық және оның тіл біліміндегі орн

Ежелгі дәуір - тіл біліміне қатысты ой-пікірдің жаңа туындай бастаған және оның мейілінше балаң шағы. Ұзақ мерзімді қамтитын бұл уақыт бойында тіл біліміне тән түсінік бірте-бірте, өте баяу дамиды. Ол өрісі, тереңдігі жағынан да тым жұпыны болды. Соған қарамастан бұл кезеңдегі тіл біліміне қатысты мәліметтерді қазіргі кезде өркен жайған тіл білімінің бастамасы, қалана бастаған ірге тасы деп санаған жөн.Ежелгі дәуір тіл білімінде ерекше көңіл бөлінген екі күрделі проблема болған. Оның бірі - атау, ат қою теориясы да, екіншісі - грамматикалық өнер /искусство/ проблемасы.
Ежелгі дәуір тіл білімінің тағы бір отаны - Ежелгі Греция. Грецияда туған тіл біліміндегі ой-пікір бүкіл Еуропа тіл ғылымының қалыптасып дамуына күшті әсерін тигізді. Ф.Энгельстің: «Греция мен Рим қалаған негіз болмаса, қазіргі Еуропа да болмас еді»,- деген сөзін тіл біліміне байланысты да айтуға болады. Тіл мәселелеріне байланысты бұл елден біздің дәуірге жеткен жазба материалдар жыл санауымызға дейінгі Ү ғасыр шамасынан басталады.
Ғалымдардың айтуына қарағанда, Греция тіл білімі Гомердің "Илиада" мен "Одиссея" жырының тілін зерттеуден басталыпты. Көне заманнан сақталған бұл дастан тілінің көп жері гректердің сөйлеу тілінен мейілінше алыстап, оларға түсініксіз бола бастаған да, грек ойшылдары соны зерттеу, айқындау істерімен шұғылданған. Бұл жағынан алғанда, Үнді тіл білімі мен Грек тіл білімін туғызған себеп бірдей.
Әдетте, Греция тіл білімін екі кезеңге бөліп қараушылық бар. Оның бірі - философиялык кезең, екіншісі - филологиялық кезең деп аталады. Бірінші кезең біздің дәуірге дейінгі Ү-ІІІ ғасырлар арасын қамтиды. Бұл - Грек тіл білімі қалыптасуының алғашқы кезеңі. Мұны қалыптастырушылар философтар болған. Олар тіл мәселелерін лингвистикалық тұрғыда емес, философия тұрғысынан сөз еткен, философияға тәуелді, соның ажырамайтын бір саласы деп есептеген және нақтылы тілдік фактілерге сүйенбей, абстрактылы болжаулар, философиялық тұжырымдар жасаумен шұғылданған. Бұл бағыт Греция тарихында эллинизм деп аталатын дәуірге дейін сақталды.
Ежелгі Грек философтарының тілге қатысты мәселелерден ерекше сөз еткендері - атаудың табиғаты, зат пен оның атауы арасында қандай байланыс болатыны, тілдің қайдан, қалай пайда болғаны және тілдің грамматикасы мен логика арасындағы қарым-қатынас жөніндегі мәселелер.
Заттың өз атауына қатысы жөніндегі мәселе Ежелгі Грецияда бірнеше ғасырға созылған және Грек философтарын екі топқа бөлген аса күрделі мәселе болған. Олардың Гераклит бастаған бір тобы - атау заттың табиғатына сәйкес жаратылыстан берілген, сөз табиғат туындысы десе, Демокрит бастаған екінші тобы оған қарсы - зат пен оның атауы арасында табиғи байланыс болмайды, ол екеуінің арасындағы байланыс - шартты, кездейсоқ байланыс деген тұжырым жасайды.
Грек философтары арасында болған бұл айтыс Платонның "Кратил" деп аталатын диалогі арқылы біздің дәуірге жетті. Демокрит атаулардың жаратылыстан берілген табиғи еместігіне төрт түрлі дәлел айтады. Олар тілдерде бір затты әр түрлі атаумен білдіретін синоним және атауы біркелкі бола тұра әр түрлі мағынаны білдіретін омоним сөздердің болуы, сондай-ақ, көптеген заттардың тілдік атауларының болмауы немесе зат атауларының кейде өзгеріп кететіні - осылардың барлығы атаудың зат табиғатына тән еместігін білдіреді деген дұрыс қорытынды жасайды.
Ежелгі Грек философтарының тілге байланысты сөз еткен екінші проблемасы - тілдің шығу жөніндегі мәселе. Бұл мәселеде де олар дұрыс шешімге келе алған жоқ. Олардың бір тобы тілді дыбысқа еліктеуінен шыққан десе, екінші бір тобы ертедегі адамдардың өзара келісуінен барып шыққан дегенді айтады. Тіл білімінде мұның алғашқысын дыбысқа еліктеу теориясы десе, соңғысы келісім теориясы деп аталады. Бұл екі тұжырымның екеуінің де ғылыми негізі жоқ.
Грек ғалымдары көтерген тағы бір проблема - грамматика мәселелері. Грамматиканы да алғашқыда философия, әсіресе логика ғылымына тәуелді, соның бір саласы ретінде, логикалық категориялардың көрсеткіші ретінде ғана қараған. Бұл саладағы алғашқы пікір Платон мен Аристотель еңбектерінде кездеседі. Платон тілдегі сөздерді есім, етістік деп екі топқа бөлсе, Аристотель алдыңғы екеуінің үстіне жалғауыш дегенді қосып, үш топқа бөледі. Аристотель - грамматика мен логика арасындағы қарым-қатынасты алғаш сөз еткен ғалым. Оның логика мен поэтика жөніндегі ілімі кейінгі заман оқымыстыларына да күшті ықпал жасады. Аристотель логиканы ұғым, пайымдау сияқты категорияларды зерттейтін ғылым деп анықтайды да, сөз табы деген - сөйлемнің элементтері, ал сөйлем - есім мен етістіктің байланысы, бұл екі категория арасында елеулі өзгешеліктер бар: етістік шақты білдіреді, предикативтік қызмет атқарады, ал есім септеледі, сөйлемде субъектілік қызмет атқарады дейді. Бірақ Платон да, Аристотель де сөздерді тапқа бөлгенде, біздің қазіргі түсінігіміздей тілдік категория ретінде емес, логикалық категория ретінде қарайды. Есім мен етістік - пайымдаудың мүшелері, бұлардан басқа сөздер осы екеуінің төңірегінде топталып, жалғауыштық қызметтер атқарады деп түсіндіреді. Соған қарамастан Аристотельдің лингвистикалық көзқарастары бұл ғылымның кейінгі замандардағы дамуына зор әсерін тигізді. Күні бүгінге дейін қолданылып жүрген грамматикалық категориялардың, терминдердің көпшілігі сол Аристотельден қалған.
Бұл елдегі тіл ғылымы өз дамуының ең биігіне Греция тарихында эллинизм деп аталатын дәуірде көтерілді. (Бұл - жыл санауымызға дейінгі III ғасыр мен біздің дәуірдің ІҮ ғасыры арасы). Тіл білімі тарихында грамматистердің Александрия мектебі деп аталатын бағыт та осы дәуірде қалыптасқан. Бұл кезең Греция тіл білімі тарихында филология дәуірі деп аталады. Оның басты бір ерекшелігі - грамматикалық ілімнің философияның, логиканың ықпалынан босанып, өз алдына дербес пән ретінде қаралуы еді. Грамматистердің Александриялық мектебін қалыптастырып, грамматика ілімін дамытушылар: Аристарх Самофракийский (б.д.д. 200-150 ж), оның шәкірттері Дионисий Фракийский, Аполлоний Дискол (біздің заманымыздың II ғасыры) болды. Аристарх тілдегі сөздерді есім, етістік, есімше, член (артикль), есімдік, предлог, үстеу, жалғаулық деп сегіз топқа бөлген. Дионисий Фракийский негізгі сөз таптарының көптеген грамматикалық категорияларын, Аполлоний Дискол синтаксис мәселелерін зерттейді. Дегенмен, Ежелгі Грецияда морфологияға қарағанда синтаксис, фонетика, лексикология аз зерттелген.Бұл дәуірдегі филология жазба ескерткіштерді жинау, зерттеу ісімен ерекше шұғылданған. Ежелгі Грек дәуірінен келе жатқан зат пен оның атауы арасындағы қарым-қатынас жөніндегі талас бұл дәуірде де болды. Бірақ бұл кездегі талас тілде белгілі бір заңдылық деген бола ма, жоқ па деген мәселе төңірегінде болды. Оны бар деушілер анологистер, жоқ деушілер аномалистер деп аталады.
Аномалистер (Кратес Малос) зат пен оның атауы және грамматикалық категориялар мен логикалық категориялар арасында ұқсастық, заңдылық жоқ десе, анологистер (Аристарх Самофракийский) тілде анологияның ролі ерекше, тілдік элементтерде анология жолымен бірыңғай, біркелкі, болу тенденциясы күшті болады, тілдегінің барлығы да белгілі бір заңдылыққа бағынады деді.
Тіл білімі тарихында елеулі мәні барлығына қарамастан, Ежелгі Грек тіл ғылымының әлсіз жақтары да мол болған. Тіл мәселелері алғашқыда философия, логика ғылымдарына тәуелді, соның бір саласы ретінде қаралғандықтан, тілдік категорияларды логикалық категориялармен теңестіріп қарау, алдыңғысын соңғысының мүддесіне бағынышты ету әрекеті кейінгі заманға дейін арылмай келді. Тілдік категорияның өзгеріп, дамып отыратын тарихи құбылыс екеніне гректер де жете мән бермеді. Оның үстіне гректер өз тілінен басқа тілдерді тіл деп санамады. Сондықтан олардың зерттеулері бір ғана тіл фактілеріне негізделеді. Бұл - олардың лингвистикалық мәліметтерінің өсуіне, жалпы тілдік теориялық терең тұжырымдар жасауларына мүмкіндік бермеді.
Рим тіл білімі. Грецияны жаулап алған римдіктер тіл білімін дамытуға айтарлықтай үлес қоса алмады. Олар Александрия грамматистерінің ілімін өз тіліне сәйкестендіріп қолданудан аса қойған жоқ. Рим грамматистері ішіндегі ең көрнектісі - Варрон (жыл санауымызға дейінгі I ғасырда өмір сүрген), кейінірек Донат (ІҮ ғасырда) болды. Бұлар латын тілі грамматикасын жазды.