Көне үнді тіл білімі. Панини грамматикасы және оның тіл біл
5. Көне үнді тіл білімі. Панини грамматикасы және оның тіл біліміндегі орны туралы пайымдаңыз.
Ежелгі дәуір - тіл біліміне қатысты ой-пікірдің жаңа туындай бастаған және оның мейілінше балаң шағы. Ұзақ мерзімді қамтитын бұл уақыт бойында тіл біліміне тән түсінік бірте-бірте, өте баяу дамиды. Ол өрісі, тереңдігі жағынан да тым жұпыны болды. Соған қарамастан бұл кезеңдегі тіл біліміне қатысты мәліметтерді қазіргі кезде өркен жайған тіл білімінің бастамасы, қалана бастаған ірге тасы деп санаған жөн.Ежелгі дәуір тіл білімінде ерекше көңіл бөлінген екі күрделі проблема болған. Оның бірі - атау, ат қою теориясы да, екіншісі - грамматикалық өнер /искусство/ проблемасы.
Үнділерден бізге жеткен зерттеулер жыл санауымыздан бұрынғы V ғасырдан басталады. Бұл материалдардың ғылыми жүйелілігіне, ой тереңдігіне қарағанда Үндістан тіл білімі бұдан да бұрын болғанға ұқсайды. Тіл білімі мұнда практикалық қажеттіліктен туған. Үнділердің өте ерте дәуірден сақталған аңыздардан, гимндерден, діни жырлардан құралған "Веда" деп аталатын жазба ескерткіштері болған. Біздің дәуір алдындағы ҮІ ғасырларда белгілі болған бұл жинақты үнділер қасиетті, киелі деп санаған және қазірде де сондай санаушылық бар көрінеді. Бұл "киелі" жырлар тілінде сол уақытағы үнділерге мағынасы түсініксіз көптеген сөздер, сөйлемшелер болған. Соларды айқындау және "Веда" тілін сөйлеу тілі әсерінен қорғау, оның айтылу мәнерін, беретін түсінігін өзгеріссіз сақтау мақсатымен "Веданың" тілін зерттеген. Бұл зерттеу төрт түрлі бағытта жүргізілген: а) дыбыстық жүйесі мен айтылу мәнерін, яғни фонетикасы мен орфоэпиясын зерттеу; ә) жырдың құрылысы мен өлең өлшемдерін зерттеу; б) грамматикасын зерттеу; в) жеке сөздердің тіркесін және оның мән-мағынасын яғни лексикасы мен этимологиясын зерттеу. Ежелгі Үндістандағы тіл білімі, негізінде, осы төрт бағытта дамыған. Бірақ бұлардың даму тарихы, зерттелу дережесі біркелкі болмаған.
Өз кезі үшін айтарлықтай жақсы, жан-жақты зерттелген мәселелер қатарына ғалымдар фонетика мен морфологияны жатқызады. Бұлар жөніндегі зерттеулер үнділердің атақты лингвисі Яска мен Панини жазған еңбектер арқылы біздің заманға жеткен. Яска біздің дәуірімізге дейінгі бесінші ғасырда өмір сүрген. Ол - "Веда" тілінің бес томдық сөздігін жасап, түсінік жазған адам.
Панинидің біздің дәуірге дейінгі ІҮ ғасыр шамасында жазған «Аштадхьян» (грамматикалық ережелердің сегіз бөлімі) деген еңбегінде төрт мыңнан астам грамматикалық ереже берілген. Бұл еңбегінде Панини "Веда" тілін қалпына келтіру нәтижесінде пайда болған үнділердің санскрит деп аталатын көне әдеби тілінің және «Веда» жыры тілінің дыбыстық жүйесін, сөз туғызу, сөз өзгерту жолдарын жан-жақты зерттеген. Панини еңбегі - тіл білімі тарихындағы біздің дәуірге жеткен тұңғыш сипаттама грамматика дейді мамандар. Ол санскрит тілінің грамматикасы деп те аталады. Мұнда сөздерді тапқа, түбірге, түрлі қосымшаларға бөлу, жұрнақ, жалғау, префикс дегендердің бәрі де бар. Панини грамматикасы ережелерінің дәлелдігіне, зерттеулердің терең және жан-жақтылығына қарап, бірсыпыра ғалымдар Үндістанда тіл білімі Паниниге дейін де даму басқышынан өткен, бірнеше грамматикалық еңбектер жазылған болу керек деп жорамалдайды. Бірақ ондай еңбектердің болғанболмағаны ғылымда әзірше белгісіз.
Үнділер тілдегі барлық сөздерді есім, етістік, предлог, демеулік деп төрт топқа бөлген де, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін жан-жақты сипаттаған. Етістіктің шаққа бөлінуі, есімдерде жеті түрлі септік жалғаудың барлығы, т.б. көптеген граммматикалық мәселелер өте дәлдікпен шешілген.Үнділер синтаксис мәселелеріне жеткілікті көңіл бөлмеген. Ежелгі Үндістан тіл білімінде морфологиядан кейінгі мол зерттелген сала - фонетика. Фонетика ежелгі заман тіл білімінің ешқайсысында Үндістандағыдай зерттеудің жоғарғы сатысына көтеріле алмаған. Дыбыстардың физиологиялық сипаттары, сөйлеу орғандарының тіл дыбыстарын жасаудаға артикуляциясы, дыбыстардың дауысты, дауыссыз, шұғыл, ызың болып кездесетіндіктері, олардың себептері жан-жақты және дұрыс сөз етілген.Үндістан тіл білімінің тарихын сөз ете келіп, В.Томсен: "Үндістан тіл білімінің көтерілген биігі ерекше. Бұл биікке, көп нәрсені үнділерден үйрене тұрса да, еуропалық тіл білімі XIX ғасырға дейін көтеріле алмады", - деп жазады.
Ал И.А. Бодуэн де Куртенэ "XIX ғасырдағы тіл ғылымы немесе лингвистика" деген еңбегінде: "Егер де үнді грамматистерінің ХҮІІІ ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың бас кезіндегі Еуропа зерттеушілерінің ақыл-ойына тигізген орасан зор әсері болмаса, салыстырмалы грамматиканың, тіпті Еуропа мен Америка топырағында пайда болған тіл ғылымының гүлдеп дамуы болмаған болар еді", - дейді.Шынында да, үнділер тіл білімінің дамуына елеулі үлес қосқан. Тіл фактілерін зерттеуде олар синтетикалық тәсілді де қолданған. Сол арқылы тілдік элементтердің өзара ұқсастығын және бір-бірінен өзгешеліктерін айқындаған.
Кейінгі дәуірлерде Үндістанда Панини грамматикасының мән-мағынасын талдап түсіндірген, оның жолын ұстанған бірнеше лингвист алымдар болған.Эдинбург университетінің профессоры Джон Лайонз 1978 жылы орыс тілінде жарияланған "Теориялық лингвистикаға кіріспе" деп аталған еңбегінде Панинидан кейін Үндістанда он шақты грамматикалық бағыт болған. Бізге олардан көне үнді грамматикасын зерттеген мыңға жуық еңбек жетті. Олардың көпшілігі Панини дәстүрін қолдаған деп жазады.