Ұстаздық – тарихтағы ұлы іс

Абай атамыздың:

Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, – деген өлең шумақтарын білмейтін оқушы жоқ шығар. Шынында да ұстаздық деген дүниедегі барлық мамандықтың төресі. Кезекті мақаламызда сіздерге ұстаздық мамандығы жайлы және сол мамандықтың иелері жөнінде айтқан әлемге әйгілі ойшылдардың қанатты сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.

Түсінгендіктің шын белгісі-«иә» деген жауап емес,шәкірттің жүзіндегі қуаныш болып табылады.

Абу-ль-Фарадж ал-Исфахани



Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.

Әл-Фараби

Мұғалім ісі – сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі.

К. Д. Ушинский

Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз.

Л. Н. Толстой

Егер мұғалім өз бойына іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз.

К. Д. Ушинский

Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады.

В. А. Сухомлинский

Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, әлі күнге дейін өзімді шәкірт сезінемін.

Серке Қожамқұлов

Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім.

Ахмет Байтұрсынов

Дана халқымыз "бір әріп үйреткенге 40 жыл тағзым" дейді. Ұстаздың ісі – өлшеусіз, баға жетпес асыл өнер. Болашақ ақын да, жазушы да, актер де, шахтер де аяулы ұстаздың алдынан тәлім алып, білім нәрімен сусындайды. Сондықтан екінші анамызға айналған абзал жандары қашанда құрметтеп, басымызды иіп жүру мәңгілік борышымыз.