Сөздер сөйлейді. Шар
Шар. "Қамбар батыр" жырында:
Ақылың болса, жарқыным,
Жіберме шарға ісімді, - деген жолдар бар. Мұндағы шар сөзін осы жырды 1957 жылы жеке кітап қылып шығарушылар: "шар – тас, ертеде болыстарды сайлағанда қолданылған... Болыс басқармасын кейде "шар" деп атаған. "Қамбарда" осы соңғы мағынада қолданылып отыр" деп түсіндіріпті. Бұл – жаңсақ түсіндірме. Жоғарыдағы жолдардағы шар сөзі дау-шар дегендегі шар сөзі, мағынасы "дау". Мағынасы бірдей екі сөздің қосарлана жұмсалатыны, яғни плеонастық құбылыс болатыны белгілі. Солардың бірі – дау-шар сөзі, екі компоненті де бір мағынада, ол – "дау, жанжал". Қазақ тілінде шар сөзі жеке тұрып та "дау, жанжал" мағынасында қолданылып келген.
Шарға салып басыңды,
Бола көрме сен құмар, – дегенді "Қобыланды" жырынан да оқимыз.
Дулаттан:
Адаспайтын даңғыл жол,
Қасым салған қасқа жол
Шарға соғып із кетті, – деген өлең жолдарын көреміз. Бұл мысалдарда, әрине, болыс сайлауы, болыстық туралы әңгіме жоқ, мұндағы шар сөзі – дау деген сөздің синонимі, егіздің сыңары ретінде қолданылып тұр. Шар сөзі дау-шар деген қос сөзден өзге, біреудің басын шарға салу, ісін шарға жіберу сияқты тұрақты тіркестердің құрамында қолданылуға бейімделген. Сондықтан жоғарыдағы сияқты жаңсақ түсіндірмелерді түзетіп дұрыс оқу керек.