Толғау жанры туралы түсінік

Толғау – әдебиетімізде өзіндік ерекшеліктерімен көрініп, көне дәуірлерде туып қалыптасқан поэзиялық шығарманың бір түрі. Толғау қазақтың «жыр толғау», «толғап айту» деген сөзінен алынып, жеке термин ретінде әдебиетімізде кейінгі кеңестік дәуірде ғана қалыптасты. Толғаулар өзінің табиғи сипатымен жүйелі оқиғасы бар жырға жақын, үндес. Бізге жеткен толғаулардың халық өмірінің аса бір жауапты, күрделі де қиын тұсында айтылып таралғанын аңғарамыз. Жыраулар толғаған суырып салма жырлар философиялық ойға құрылған тұжырымдарымен де, жеке адам бейнелерін жасаған салиқалы да тартымды мазмұнымен де дараланады. Мұнда ел, жер, халық тағдыры, болашағы жүйелі сөз болады. Осы ерекшелік мұны эпикалық жырларға көп ұқсатады. Мәселен, Сыпыра жырау жырларының бізге жеке күйінде жетпей, эпостарда кездесуі де көп мәселенің сырын аңғартса керек.
Толғау жанрының қалыптасып, өркен жаю кезеңі жырлары өз атымен келіп жеткен Асан қайғы творчествосынан басталады. Бұл тұста толғаудың әлеуметтік, қоғамдық мәні артып, арнау, дидактика үлгісіндегі жырлармен толыса түсті. Бұған Асан қайғы өмір сүрген кезеңнің қат-қабат қиындығы мен күрделілігі де елеулі әсер етті.

Толғау бұл кезеңде өзінің тақырыбының ауқымдылығы мен мазмұнының байлығы жағынан ғана емес, сыртқы құрылысы жағынан да түлеп толысып, халықты толғантқан күрделі мәселелерді жырлау дәрежесіне көтерілді. Жыраулар адам мен адам арасындағы әр алуан имандылық, ізгілік, адамгершілік қатынастарды сөз еткенде, көбінесе, өмірдегі құбылыстарды салыстыра отырып, ойдың ұтымдылығы мен тиімділігін арттыруға мән береді.

Ең алдымен толғау түріндегі туындылардың жанр ретінде туып қалыптасуы тікелей жыраулар творчествосымен байланысты іске асты. Жыраулар өз шығармаларын, көбінесе, ауыз әдебиеті дәстүрінде тудырып отырғанымен, бұлар өзінің құрылысы мен көркемдік тәсіл, бейнелеу мүмкіндіктері жағынан бірден-бір дара әдебиеттің өкілдері ретінде көрініп танылды. Бұл – әдебиетіміздегі даралық творчествосының ең алғаш тек поэзияда, оның ішінде жыраулық толғауларда туып дамығанын көрсетеді. Мұны әдебиетіміздің даму жолындағы басты бір ерекшелігі деп атап көрсеткен жөн.