Жұмекен Нәжімеденов өлеңдеріндегі түс ерекшелігі
Қазақ поэзиясында өзінің ұлттық стиль машығымен дараланып көрінетін ақындардың бірі – Жұмекен Нәжімеденов. Оның 1979 жылы жарық көрген «Жеті бояу» жинағына әртүрлі түстер атауымен аталатын өлеңдері («Қара түс», «Сұр түс», «Көк түс», «Қызыл түс», «Қоңыр түс», «Сары түс», «Ақ түс») енген. Ақын поэзиясының стилі, көркемдігі қандай деген мәселені қозғар болсақ, әрине, оның ақындық толғаныс, тебіреністерін білдіруде қолданған бояуларын айтар едік.
Кез келген халықтың ұлттық әдебиеті мен мәдениеті, халықтық наным-сенімдері, халықтың наным-сенімдері, халықтың ұлттық болмысы өз тілінде көрініс табатын халық ұғымындағы түр-түстік ұғымдар, символдар баға жетпес тілдік қазына болып табылады.
Ақын түр-түстің әр түрін терең философиялық ой-сезіммен қолданғанын көреміз. Жер бетіндегі әрбір халықтың шығу тегімен, ұлттық танымымен, салт-дәстүрімен астасып жататын түстер құпиясы ақынды тереңге жетелеп әкетеді. Қазақ халқының жанына жақын түстердің бірі – қоңыр түс. Осы түстің ақын өлеңіндегі қолданылу ерекшелігіне тоқталсақ:
Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,
Көзін сулап қалып еді қамығып.
Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп –
Қоңырқай ой маза берер емес түк.
Қоңырайып жатыр алда жолда әлі –
Кеудем кейде қоңыр күйге толады.
Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,
Өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы.
Ақын мұнда «қоңыр» сөзін түс ретінде қолданбаған. Өлеңде «қоңыр» сөзі бірнеше рет қайталанып келіп, өлеңнің көркемдік ажарын, өңін кіргізіп, стильдік реңк үстеп, қазақ елінің мінезіне тән қарапайымдылығы мен момындығын, мамыражай тыныш өмірін бейнелеп тұр.
Ақынның «Сұр түс» өлеңін оқи отырып, ақынның түсінік-танымында «сұр» жағымсыз түстердің қатарына жататынын аңғарамыз.
Темір қақпа, темір төсек – сұр бәрі,
Ертеңді-кеш сұстанып кеп тұрғаны...
Сұп-сұр ұшқын төгіп қалды сұр жанар,
Сұр жұдырық түйіледі ұрғалы.
Беймаза, көңілсіз сұрғылт тартқан мекеннің, дүниенің кейпін елестетеді. Ақынды жегідей жеген сұрқай өмірдің түсі кеткен тыныс-тіршілігінен көрініс береді.
Қазақ тілінде қызыл сөзіне қатысты символдық мағыналар көп. Ақын жырында да «қызыл» түсінігінің қолданылу аясының кеңдігін байқаймыз.
Жырың қызыл ғой десе,
Жауап әзір, таза арым:
Қызыл тілім сөйлесе,
Қызыл қанмен жазамын.
«Қызыл түс – өткірлік белгісі. Сөйлеуде, поэзияда сөздің шебер қолданысында қызыл түс тура мағынасында емес, ауыспалы мағынада қолданылуы жиі кездеседі».
Сонымен қатар ақын поэзиясында түр, түс, бояуларын қолдану арқылы өмірдегі әділет, арамдық, аңқаулық, қулық, зұлымдық, ерлік, ездік сияқты қасиеттерді де сөз етеді.