Мұрат Мөңкеұлының арнау өлеңдері
Қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы Мұрат Мөңкеұлының соңында қалдырған әдеби мұрасының біраз бөлігі – арнау өлеңдер. Бұл шығармалар оның өз заманындағы белгілі бір кісілерге арналып айтылған. Олардың қай-қайсысы да тарихи деректілігімен, айрықша мазмұнымен, көркемдік қуатымен ерекшеленеді.
Мұраттың арнау өлеңдерінің әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Мәселен, «Қыз» деген өлеңі, Атырау өңіріндегі көнетоз қарттардың айтуынша, Адай қызының тойына арналған көрінеді. Ал «Еліне жазғаны» деген хат түріндегі өлеңді мазмұнына қарап Маңғыстауда дүниеге келген шығармаларының қатарына жатқызуға болады. Ақын елге деген сағынышын ауылда қалған азаматтарға өлеңмен сәлем жолдау арқылы жеткізеді.
Дұға де Мәкен, Сыйғыт, Шеруенге,
Тойсойған, адыра қалғыр, ит Қарабау,
Ат мініп, киім киген жерім еді.
Есіме Беріш жігіті түсіп кетсе,
Көзіме қай-қайдағым көрінеді...
Бұл өлеңнің 1924 жылы Ташкентте Халел Досмұхамедұлы жариялаған нұсқасында 1880 жылы жазылғаны көрсетілген. Оның үстіне хаттағы: «Жетер ме Маңғыстаудан айтсам сәлем, Қоныста-ай еркелеткен қылаңдарға», - деген жолдардың өзі Адай жұртының арасында туған өлең екенін айғақтап тұр.
Мұрат Мөңкеұлының шығармашылық өмірбаянын айшықтай түсетін мұрасының бірсыпырасы – би-болыстарға айтқан арнау өлеңдері мен жиын-тойлардағы жырлары. Бұл өлеңдерден ақынның мінез-құлқы, өскен ортасы, өмір сүрген кезеңі жайында мол мәлімет алуға болады. Өлеңдерінің дені өзінің туып-өскен жерінің азаматтарына арналған.
Ақынның бырсыпыра өлеңдері би-болыстарды әжуәлауға арналған. Мұраттың айтысқа түскенде жеңіске жеткізетін ащы әзілі мен мысқылы осы шығармаларынан да анық байқалады. Жыр жүйрігі өзін олармен тең дәрежеде ұстап, ойына оралған сөздерін емін-еркін айтатын болған. Елдің қамын емес, тек билікті ғана ойлайтын болыстар Мұрат өлеңдерінің нысанасына іліккен.
Айтыс ақындары қашанда той-думанның көркі болған. Алқалы топ арқалы ақындарға тойбастар айтқызып, жаңа түскен жас келіннің бетін ашқызған. Атақ-даңқы қалың елге кең танылған Мұрат та Атырау, Маңғыстау өңірінде өткен тойларды жырмен бастаған, ойын-сауықтың сәнін келтірген ақын. Тойбастар құрметіне ие болу үшін Жаскелең ақынмен айтысып, оны тізе бүктіргені белгілі.
Мұрат Мөңкеұлының екі тойбастар өлеңі ғана сақталған. Бұл өлеңдерді басқа шығармаларына қоса Берік Қорқытов 1947 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің бірінші курсында оқып жүрген кезінде Мұраттың баласы Дәулетқалидың аузынан жазып әкеліп тапсырған.
Қорыта айтсақ, Мұрат Мөңкеұлының арнау өлеңдерінде оның ақындық қуаты, шығармашылық шеберлігі, адами болмысы айқын көрініс тапқан. Сондықтан мұны ақын мұрасының маңызды бір бөлігі ретінде қарастырған жөн.