Жалайридың «Жамиғат-ат тауарих» атты еңбегі
XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың ең алғашқы жылдарында жазылған осындай түркі ескерткіштерінің бірі – Жалайри Қадырғали Қосымұлының қолынан шыққан тарихи туынды «Жамиғат-ат тауарих» («Шежірелер жинағы»)
1602 жылы жазылып аяқталған бұл шығарманың ғалымдар назарына ілігуі XIX ғасырда өмір сүрген татардың ағартушы ғалымы Ибрагим Халфиннің есімімен тығыз байланысты. Ол бұл еңбектің бір көшірмесін 1819 жылы Қазан университетінің кітапханасына тапсырады.
Қадырғали би еңбегі – ортаазиялық тарихи шығармалар дәстүрінде жазылған еңбек. Сонымен қатар автор сол тарихи кезеңдегі мәдени дамудың деңгейі мен сипатына сай жазба тарихпен қатар, жатқа айтылған тарихты да жақсы меңгерген. Өйткені, ол өмір сүрген тарихи кезеңде көшпелі түркі қоғамдарында ауызша тарих айту дәстүрі кең тараған еді. Шежірелер жинағында берілген шежірелік материалдар, түркі халықтары арасында кең тараған Едіге жайлы эпостан үзінді, пайдаланылған қанатты сөздер мен мақал-мәтелдер соның айғағы.
Алайда, Қадырғали би еңбегінің құндылығы – қазақ халқының өз өкілінің қаламынан туған жазба тарих болуында. Бұл шығармада қазақ тарихына қатысты деректер өте көп болғанымен, сол азын-аулақ мәліметтердің өзінің ғылыми маңызы өте құнды, оны басқа сол тұстағы ескерткіштерден кездестіре алмаймыз. Өйткені, Қадырғали мәліметтері қазақ қоғамына тән процестерді сырт көз арқылы емес, іштен қарауға көмектеседі.
Орта ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерінің барлығында да, оның ішінде Қадырғали шежіресінде де өзге тілдік қабатты араб пен парсы сөздері құрайды. Сонымен қатар мұнде монғол сөздері және некен-саяқ қытай тілінің элементтері кездеседі.
Шығармада қолданылған араб сөздерінің дені – дерексіз (абстракт) ұғым атаулары. Олардың да басым көпшілігі түркі тілдерінің бірқатарына еніп, күні бүгінге дейін орын алып келе жатқан дәулет, асыл, илтифат, ихлас, ишарат, файда, рәсім, адат тәрізді сөздер.
Қорыта айтқанда, Қадырғали бидің «Жамиғат-ат тауарих» атты шығармасы – XVI ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақтың ескі жазба әдеби тілінің прозадағы, оның ішінде тарихи-шежіре жанрындағы тұңғыш үлгісі.