Әбілғазы Баһадүрханның «Түркі шежіресі» атты еңбегі
XVII ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің ішінен Әбілғазы Баһадүрханның «Түркі шежіресі» кітабының алатын орны ерекше. Оның себебі, біріншіден, кітап авторының өз заманының білімді, жан-жақты (тарихшы, ақын, полиглот, жауынгер т.б.) адам болуында болса, екіншіден, оның шығармасының тарихи, әдеби тілдік жақтарының аса құндылығында. Оның дәлелін Әбілғазының өзі келтірген мына сөздерінен көруге болады. Ол өз кітабының кіріспесінде былай дейді: «Құдай тағала мырзалық қылып, маған біраз нәрсе берген, мен, әсіресе, үш түрлі өнерді жете меңгердім. Біріншісі – әскери өнер, яғни әскерді басқару, оның тәртібі. Екіншісі – ақындық өнер, яғни түрлі өлең құрылысын сақтай отырып, түрік тілінде қасида, ғазал, рубаят тәрізді өлең шығара алу, араб, парсы, түрік сөздерінің мағынасын жетік білу. Үшіншісі – бұрын Арабстан, Иран, Тұранды билеген патшалардың өмірі мен мемлекеттік маңызды істерін, оларда болған ірілі-уақты оқиғаларды жатқа білу».