Аудармашыларға нұсқаулықтар
Корей/жапон драмаларының аудармашыларына нұсқаулар.
- Аударманы бастамас бұрын (егер сіз аудармасы басталып кеткен жобаға келсеңіз, яғни бастапқы серияларының аудармасы бар болса) аударылған серияларды бір қарап шығу абзал (тым болмаса бірінші және соңғы аударылған серияларды). Бұл бастапқыдан ауытқымай, мазмұнын түсінуге, сонымен қатар аударма екі түрлі болып кетпес үшін көмектеседі. Көп жағдайда мамандық аттары, не туыстық атаулар ағылшын, орыс тілдерінен қазақшаға аударылғанда біраз басқаша аударылады. Мысалы, ағылшынша «brother-in-law» орысшаға 1) зять (муж сестры) 2) шурин (брат жены) 3) свояк (муж свояченицы) 4) деверь (брат мужа) болып аударылса, ал қазақшада сәйкесінше 1) күйеу бала 2) балдыз 3) бажа 4) қайын аға деп аударылады. Яғни сериалда кім жайлы айтылып жатыр, соған мән беру керек. Ең дұрысы екі тілдің субтитрларын көшіріп алып, аудару. Орысшадан түсінбей жатсаңыз ағылшында қалай аударылған екенін қарауға болады.
- Аударма барысында нені қолдансаңыз да: google-транслит, электронды, кітап-сөздік болсын мазмұнсыз, өздері түсініп алсын деген сияқты, сөзбе-сөз аударылған аударма қабылданбайды.
- Аударма кадрдағы сценаларға сәйкес болуы керек. Сол себепті тікелей орысшадан, не ағылшыншадан аудара салуға болмайды. Көп жағдайда қазақша синонимдермен, немесе мақал-мәтел болса қазақша баламасын іздестіру абзал. Немесе тура аудармасы болмаса, бір оқығаннан түсінікті болу үшін қосымша ескертулер енгізіп кетуге болады.
- Қазақ тіліне екі тілден (ағылшын, орыс) қатар аударуға болатындықтан субитрдың мазмұны түсініксіз жағдайлар сирек болады. Бірақ сондай болып жатса, диалог біткенше бақылап, келесі диалогтардың мағынасына қарап, диалогтың не жайлы екенін шамалы түсінуге болады.
- Егер аудармашы қазақшаға бір сөйлемді қалай дұрыс аудару керек екенін білмесе, өзінің ойынан шырамытып жаза салғаннан гөрі редакторға хабарласқаны дұрыс. Немесе редактор ағылшын/орыс тілдерін жетік меңгерген болса сөйлемді сол қалпында қалдырып кеткен дұрыс болатын шығар. Егер өз ойыңды жазып, редакторға аударма түсініксіз болса ол қайта ағылшын/орыс субтитрларын ашып, көріп екі жұмыс жасатпау үшін.
Егер редактор да сөйлемге дұрыс балама таба алмаса, форумдарға жазып, не жақсы білетін филолог-таныстардан сұрап көруге болады.
- Егер қандай да бір сөйлем «жүрмей қалса» оны тастап кетіп, басқаларын аудара беру керек. Кейін қайта «жүрмей қалған» сөйлемге қайтып келгенде, аудармасы табылып қалып жатады.
- Аударма аяқталған соң өзіңіз жасаған субтитрлармен видеоны қайта көріп шыққан абзал. Техникалық тұрғыда (субтитрлар экранға сыйып тұр ма, түсіп кеткен жоқ па), мазмұнына (сөйлем түсінікті ме, қателер жоқ па) назар аударыңыз. Аударманы өзіңіз жақсы түсінуіңіз керек, егер аудармашы сіз түсінбесеңіз, онда көретін көрермен мүлде бейхабар болуы мүмкін.
Тек өзіңіз көріп болған соң, өзіңіздің редакцияңыздан өткен соң аударманы редакторға жіберу керек.
- Орфографиялық қателіктер әрбірінде болады. Бірақ бұл сіздің қалай болса солай жазу керек екендігін білдірмейді. Менен кейін редактор жөндейді деп бар жүкті редакторға іліп қоюға да болмайды. Егер тіптен қалай жазылатынын білмей жатсаңыз интернеттің көмегіне жүгініңіз. Орфографияны тексеретін редактор – қазақ тілінің мұғалімі емес. Осыны ескеріңіз.
Біріншіден, аударманы бастамас бұрын ағылшын/орысша (қай тілден аударуыңызға байланысты) субтитрлармен бір қарап шығыңыз. Бұл сіздің тақырыпқа еніп, түсінуіңізге мүмкіндік береді, сәйкесінше аударма да жеңілдейді. Міндетті түрде видеомен бірге аудару керек. Ол үшін DSRT немесе Aegisub бағдарламаларын қолданған жөн.
Аудармада ең бастысы – ағылшын/орыс сөйлемдерін тікелей аударуға болмайды. Қазақшаға оқыған кезде ыңғайлы, әрі түсінікті болуы керек. Аудармашы өзінің ойын «қазақша» жеткізуі керек. Егер ағылшын/орыс мәтінінде әрбір бөлім бастауыш пен баяндауыштан тұрса ол аудармада да міндетті түрде солай болу керек дегенді білдірмейді. Есте сақтаңыз – біз әңгімелерді аударамыз. Яғни ауыз-екі тілде қазақша қалай айтылуы мүмкін, соны ойланыңыз. Бірнеше рет оқып, біраз сөздердің орындарын ауыстырып, баламасын іздеңіз.
Қайталанудан сақтаныңыз. Бірнеше сөйлемде бір атты қайта жаза бермеңіз, басқаша қалай айтуға болады, соны да ескеріңіз. Мысалы: «Сіз қаншалықты оны жақсы көресіз, сіздің өміріңізде қаншалықты орын алады, сіз осыны ойладыңыз ба?» Немесе «Есейген кезде өзіңе өмірлік серік жолықтырасың, өзіңе сенімді боласың, өзіңнің жеке өмірің болады».
Осындай кезде «артық» сөздерді алып тастауға болады. Ең бастысы мазмұны сол күйінде қалу керек.
Мәтіннің бейнелілігін арттыру үшін қазақ тіліндегі фразеологизмдер мен эпитеттерді қосуға болады. Әсіресе ұрысу, мазақтау, немесе еркелету, жұбату кезінде қазақ тіліндегі баламаларды кеңінен пайдаланған жөн.
Барынша кейіпкердің сөйлеу мәнерін сақтаған жөн. Оның мінезіне, сөйлеу мәнеріне мән беріңіз. Арнайы сөздермен кейіпкердің осы қасиеттерін ашуға тырсыңыз.
Сөйлемді аудармасыз қалдырмаңыз. Бірнеше рет видеомен қарап шығыңыз. Былайынша 20% ақпарат сөзбен беріледі, қалғаны дене қимылы, мимика, екпін және т.б. Тым болмаса осыларға қарап сөйлемді біраз түсініп, аударуға болады. Егер сөйлем тым қиын болып, аудара алмасаңыз, «өздері түсініп алсын» деп аударуға болмайды. Адамдарды шатастырмаңыз. Басқалардан көмек сұрауға ерінбеңіз.
Бәрі біткен соң тағы бір рет қарап шығыңыз. Бәлкім кейбір жерлерін қайта түзеп, басқаша айтуға болатынын есіңізге түсер.
Екіншіден, аниме қалып қойыпты.
Екіншіден, аниме қалып қойыпты.
Дорама деп айтып жүргенімде бір қыз маған бұл жапондардың драма сөзіне тілдері келмегендіктен дорама деп атайды деген еді. Негізі біздің тіліміз келеді ғой, сондықтан драма дей бердім.
Анимэ аударудың кейбір ерекшеліктерін өзіңіз білсеңіз жазып кетсеңіз. Анимэ де шамамен осылай аударылатын сияқты.
Ол қызға "Зауыт, пойыз бен поштаға да тіліміз келуші еді..." дер едім^_^ Қанша дегенмен драма біз үшін театр өнеріне қатысты сөз. Ал дорама - Шығыс Азия елдерінің фильмдері мен сериалдарының жалпылама атауына айналып кетті. Имхо дорама деген дұрыс. Әрине, дорама (тэреби дорама) деп тек жапон сериалдарын айтқан жөн, бірақ біз корей, қытай, гонконг, тайвань сериалдарын да осылайша атап, аузымыз үйреніп кеткен.
Сол себептен қыздар ағасын, жігітін, немесе жақын тартқан адамын (бұл жерде жігітті) «Уппа» деп атайды. Көбінесе субтитрларда «Оппа» деп жазылады. Бірақ мен «уппаа» деп естимін. Негізі корейлердің тілі біраз сақаулау сияқты ма, сол себепті кириллицаға ыңғайланып алынады.
Әпкесін, және де сол сияқты жақын тартқан құрбысын «Онни» дейді. Менің Кореядағы құрбым айтады, «Онни» деп қалсам, бәрі жалт қарайды деп ))
Жігіттер өзінен біраз үлкен, не жасты жігітті «Хёң» деп атайды. Жалпы дорамада екі жігіт сөйлесе қалса, «Хёңға» көшіп кетеді. Бәлкім ары қарай проблема болмасын дейтін шығар. )))) Және де “A.N.Jell: Ты прекрасен!” деген дораманы қараған болсаңыздар «Хён-ним» дегенді де көп естисіздер, бұл кішкене жақындатып, сыйлап айтатыны болса керек.
Інісі – әпкесін, не әпкедей көретін адамын «Нуна» дейді.
Және де дорама көргіштер «Сонбэ» деген сөздің қолданысын байқаған болар. «Сонбэ» деп көбіне өзімен жасты, не үлкен жұмыстас, не бір салада қызметтестерді атайды.
Өзінен біраз үлкен ағаны «Ачжошши», ал үлкен апайды «Ачжума» дейді. Осыдан біраз бұрын «Город влюбленных» дорамасында, жасы 30-дан асқан, бірақ тұрмысқа шықпаған қызды «Ачжума» деп айтқаны үшін ренжитін эпизоды бар. )
Және де тағы бір сөз көп аударылмайды: «Айгууу» деген. Осы сөзді кәрістер көп қолданады. Бұны кейде «О, Құдайым-ай» деп те аударып жатады. Бірақ нақты аудармасы жоқ сөз. Тек өздеріне ғана түсінікті.
Орта жастағы не жастары егде тартқан жұбайлар бірін-бірі «Ёбо» деп атайды. Қазақша «жаным, қымбаттым» дегенді білдіреді. Бұл сөзді де дорамалардан жиі естіп жүрміз. Ал жас жұбайлар, әсіресе жоғары білімді, көзі ашық жандар бір-бірін есімдерімен атай береді.
Және Ёбомен бірдей «Чаги» атауы бар. Тек бұл жұбайлар емес, жігіт пен қыздың арасында қолданылады.
Сосын кәрістерде адамның есіміне «сси» сөзін қосып айту қалыптасқан. Жоғарғы жақта айтылып өткен корей тілінің аздап сақаулылығына байланысты бізге бұл «ши» деп естіледі. Бұл сөз достардың, жастары шамалас қызметтестердің арасында қолданылады. Бұлай деу сыпайылықты, жақын достық қарым-қатынасты білдіреді. Егер осы сөз адамның тегі мен есімінен кейін қолданылса (мысалы, Ким Сан Хён-сси), онда ол ресми түрдегі атау боп табылады. Ал егер бірден адамның тегіне қосылып аталса (мыс, Пак-сси), онда бұл дөрекілікті білдіреді. Бұлай деп сауатсыз, оқымаған адамдар бірін-бірі кемсіту, ашуына тию мақсатында айтады.
Сонымен қатар, осыған ұқсас жалғау тәріздес «-я» және «-а» бар. Бұл да бізге дорамалардан жақсы таныс. Кәрістер есімдеріне осыларды жалғап атау арқылы жақын қарым-қатынастарын білдіреді. Егер есім дауысты дыбыстан аяқталса «-я», дауыссыздан бітсе «-а» қосып айтады. Мысалы, Суён-а немесе Хани-я. Тағы бір нәрсе – өзінен жасы кіші қызға айтылатын «ян» және балаларға айтылатын «гун» жалғаулары.