Теңге құнсызданды, доллар шарықтады!

"Курс доллара достигнет 185 тенге" дейді tengrinews.kz! Кімде доллар, кімде теңге? Бұған қалайсыздар?

Онда теңгемен емес, енді тек доллармен жүретін болармыз...
"Тек қана теңге!" дейтін патриоттарға қиын болды-ау :roll:
Ызам ішіме сияр емес. Әнеукүні ғана келімбетовтың, "Теңгенің төмендеуіне еш себеп жоқ, орнында қалады" дегенге сеніп жүріп ем, бүгін төбемнен жай түскендей болды. Халықтың аузына беріп, артынан айдайтын бұл үкіметке қолымды қойдым!!!
Қайтты айтсам айып етпеңдер, теріме сыймай әрең отырмын! Шындық осы
Ә, бұл үкіметке таңғалмайтын болдық қой.
ОСы туралы толығырақ айтасыздар ма? Оны өзгерту кімнің қолында? Кім бағаны өзгертетін?
"Алаш айнасы" газетінің журналисі Қарлығаш Зарыққанқызы сараптама мақала жазыпты. Сондағы ДЕВАЛЬВАЦИЯНЫҢ пайдасы мен зияны деген тұсын қырқып алдым:

Дегенмен, мамандардың пайымдауынша, бұл девальвацияның да ұтымды тұстары баршылық.

Пайдасы...

Негізінен, девалвацияға қатысты біз тілдескен мамандардың байыптауынша, біз девальвациядан мынадай пайда көремекпіз: а) Біріншіден, теңге девальвациясы қаржы жүйесінің беріктігіне оң ықпалын бермек. Мысалы, біз осы уақытқа дейін теңгенің тұрақтылығын сақтап тұру мақсатында Ұлттық банктің алтын-валютасын көп мөлшерде жұмсап келдік. Өкінішке қарай, «елдегі инфрақұрылымды дамытады, экономикамызды өркендетеді» деп сақталған сол қаржы дағдарыстың құлқынында да, қаржыны игере алмаудың да себептерінде оңды-солды кетіп жатты. Міне, теңгені еркіне жіберсек, біз ең алдымен алтын-валютадағы ақшаны сақтап қала аламыз.

ә) Екіншіден, теңгенің құнсыздануы Қазақстан тауарларының әлемдік рыноктағы бағасына оң әсер етпек. Теңге девальвациясы доллардың қымбаттап, теңгенің арзандауына апарып соғады. Ал әлемдік нарықтағы тауар бағасы доллармен бағаланады. Демек, әлемдік рынокта Қазақстан тауарларының бағасы да қымбаттайды деген сөз. Бұл жерде осы үрдісті ұтымды пайдалана білген тауарды экспорттаушылар ұтады, – дейді экономист-ғалымдар.

б) Үшіншіден, теңгенің құнсыздануы банктен теңгемен несие алғандарға пайдасын тигізбек. Егер Қазақстандағы банктер жанынан құрылған коллекторлық орталықтардың есебіне жүгінсек, бүгінде қазақстандықтардың үштен бірі несиені теңгемен алған. Ал теңге құнсызданған жағдайда банктер пайыздық көрсеткіштерін өсірмей, сол қалпында қалдыратын болса теңгенің құны арзандайтын болғандықтан, теңгемен несие алғандар ұтады.

Міне, теңге девальвациясының басты-басты пайдасы осы үш секторға ықпал етпек. Десек те зияны қандай? Девалвациядан халықтың ұтылатын тұсы не? Енді осыны тізбелеп көрсек...

Зияны...

а) Бірінші, теңгенің құнсыздануы сыртқы қарыздың қайтарылуына зиянын тигізеді.

Қазақстан банктерінің дені сыртқы қарызды доллармен алған. Ал теңге девальвациясы доллардың құнын арттырмақ. Теңгенің құнсызданып, доллар құнының артуы сыртқа қарызы көп банктерге өзіндік салқынын тигізеді. Бұл сырттан доллармен алған қарыздың өсімін көбейтеді. Девальвация банктердiң сыртқы мiндеттемелерiн орындауды да қиындатып жiбередi. Сондықтан әрине, бұл жерде банктер халыққа беретін несиенің пайызын өзінен өзі өсіруі мүмкін. Мұндай жағдайда банктен теңгемен несие алғандарда ұтылып сала береді.

ә) Екінші ретте теңгенің девальвациясы теңгелік депозиттерге кері ықпал етеді.

«Қазір қарапайым халықтың басым бөлігі депозиттерге қаржысын теңгемен жинақтап отыр. Ал теңге құнсызданған жағдайда теңгелік депозиттердің де құны түседі. Қысқасы, халықтың теңгемен жинаған ақшасы құнсызданады» дейді сарапшылар.

б) Үшінші кезекте доллармен несие алғандар үлкен шығынға ұшырайды. Бізде банктен несие алушылардың біразы қарызды АҚШ долларымен алған. Оларға тұрақты теңге бағамы керек. Долларға деген сұраныс өсетіндіктен, отандық экономистер теңге девальвациясы доллармен несие алғандарды шығынға белшеден батыратынын жасырмауымыз қажеттігін алға тартады.

в) Төртіншіден, теңге девальвациясы валюталар базарына да кері әсерін тигізбек. Мемлекетаралық келісім, сауда-саттық қарым-қатынастардың дені валюталар құндылығына байланысты жүретіндіктен ұлттық теңгеміздің құнсыздануы валюталар базарына да кері ықпал етеді. Мысалы, өзге елдердің ұлттық валютасының құны артып, теңгенің құны төмендейтін болса, біз нарықтық экономикамыздың осалдығын танытып қоямыз. Сондықтан теңге сауда-саттық жүргізу үшін, уақытында төлем жасау үшін басқа мемлекеттердің қазіргі айналымда жүрген валютасымен сәйкес келуі керек.

Жалпы, бірде құлдырау, бірде өсім беру нарықтық экономикаға бейімделген құбылыстар десек те, теңге девальвациясы халықты алаңдатып отырған жайы бар. Осыдан біраз уақыт бұрын ғана Ұлттық банктің мамандарының «теңге құнсызданбайды, оған ешқандай себеп жоқ, алғышарттар қарастырылған» дегені нақ бүгін жоққа шықты. Халыққа берілетін әлеуметтік төлемдер, жәрдемақы, зейнетақы, жалақы биылдыққа өспейтініне, әйтсе де теңгенің құнсызданып кеткеніне алаңдаған халық ертеңгі күнін ойлап уайымға салынуда. Ешбір тараптан алдын-ала құлақтанбаған халық «теңгеміздің «сабан ақшаға» айналмасына сонда кім кепілдік бере алады» деп дал болуда. Ал сарапшылар әзірге доллардың күшейіп, теңгенің әлсіреуі өз күшінде болатынын, тек сәуір айының соңына таман ғана бір доллардың бағамы 6-7 теңгеге төмен түсетінін айтып жорамал жасауда.
ОСы туралы толығырақ айтасыздар ма? Оны өзгерту кімнің қолында? Кім бағаны өзгертетін?


Саған жауапты Келімбетовтың өзі берсін, міне :)

Теңгенің күрт девальвацияға ұшырауының себебін, бас банкир бес себеппен түсіндірді деп хабарлайды бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатындағы Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің мәлімдемесіне сілтеме жасаған Tengrinews.kz тілшісі.

"Біріншіден, бұл арада жетекші дамушы елдердегі, оның ішінде БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка) елдеріндегі жағдай негізге алынып отыр. АҚШ-тағы "сапалы жұмсару" бағдарламасына сәйкес, қаржы дамушы елдерден дамыған елдерге ағылды, сөйтіп бұл аталған мемлекеттердің ұлттық валютасына қысым түсірді. Әлемдік экономиканың кейінгі даму жағдайы нақты болмағандықтан, әлемдік қаржы және тауар нарықтарында дүрбелең орын алып, баға өз еркіне кетті.

Екіншіден, қазір Ресей рублінің жағдайы аса қиын. Бір кеңістікте қарым-қатынас құрғандықтан, ондағы жағдай да біздің экономикамызға әсер етпей қоймайды. Былтырдан бері бүгінге дейін Ресей рублі әлсіреуін жалғастырып келеді.

Үшіншіден, бұл ҚР төлем балансы жағдайына да байланысты. Ағымдағы қаржылық операциялардың жағымды көрсеткіштерге ие болып отырғандығына қарамастан, елімізге ағылып келіп жатқан импорт көлемі үдей түсуде.

Төртіншіден, спекульяциялық іс-қимылдар да орын алды. Салдарынан девальвацияға қатысты тәуекел жоғарлай түсті. Спекульятивтік дүрбелеңнің, айырбас курсы өзгерістерінің алдын алу үшін Ұлттық банк валюталық нарыққа жиі араласып отырды.

Бесіншіден, болашақта инфляцияны 3-4 пайызға төмендету үшін Ұлттық банк инфляциялық шектеуге өтуді жоспарлады, ал ол дегеніміз – айырбас курсын қатаң қадағалаудан бас тарту" деді Қ.Келімбетов мырза ұлттық валютаның құнсыздануы салдарына қатысты ресми пікірінде.

Толығырақ: http://kaz.tengrinews.kz/money/dollar-b ... sndrd-815/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Tengrinews.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі
ОСы туралы толығырақ айтасыздар ма? Оны өзгерту кімнің қолында? Кім бағаны өзгертетін?


Саған жауапты Келімбетовтың өзі берсін, міне :)


Пайдалы жақтары да бар екен ғо) Болд, онда ештеңе етпес! Импорт азайып, экспорт жақсара түседі деп үміттенем