Әдебиет теориясы
Әдебиет теориясы
Әдебиет (арабша — асыл сөз) — сөз өнері, әлеуметтік мәні бар шығармалар жиынтығы. Мазмұнына қарай саяси, ғылыми, техникалық, көркем әдебиет болып бөлінеді. Әдебиет атауы көбінесе, көркем әдебиет мағнасында қолданылады. Ахмет Байтұрсынұлы оған “бір нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері”, “Сөз өнері” деп баға берген. Әдебиет — жалпы өнердің бір саласы. Бірақ ол қоғамдық сананың ерекше түрі есебінде шындықты логикалық ойлау жүйесімен емес, көркем тіл арқылы, сөз өнерінің күшімен суреттеп көрсетеді. Көркем бейненің сыртқы сұлбасымен бірге ішкі мазмұнын, сырын оқырман тұшынып сезіне алатындай етіп ашады, адамның жан дүниесі мен ішкі сезім байлығын көзге елестету арқылы қоғамдық санаға әсер етеді. Оның “өнер атаулының ең қиыны және күрделісі” (Бальзак), “Өнердің ең жоғарғы түрі” (В.Белинский) болатыны да осыдан. Қазақ та “Өнер алды — қызыл тіл” деп тегін айтпаған.