Шәкәрім Құдайбердіұлы «Жолама қулар маңайға».

Шәкәрім Құдайбердіұлы «Жолама қулар маңайға».

Жолама қулар маңайға.
Не қылмадың талайға?
Кім жағады сендерге
Тартқызғаң азап Абайға?
Соның да тілін алмадың,
Сабадың, сөктің, қарғадың.
Көріне қашан кіргенше,
Арсылдап иттей қалмадың.
Сендерден белгі нең қалар? —
Жемтігің жеген жем қалар.
Ақылы дария Абайдан
Таусылмас қоры кен қалар.
Жақсыдан қазына пұл қалар,
Солмайтын жасыл гүл қалар.
Сендердей арсыз қулардан
Желге ұшатын күл қалар.
Мені арбайтын сен емес,
Көнетін саған мен емес,
Ақылың сенің — маған тұл,
Дертімді жазар ем емес.
Адамдық борыш ар үшін,
Барша адамзат қамы үшін
Серт бергем еңбек етем деп,
Алдағы атар таң үшін.
Сендермен де жүргемін,
Әр тесікке кіргемін.
Жәдігей, арам сайтаным,
Сырыңды түгел білгемін.
Сертіме жету — арманым,
Көтерем тағдыр салғанын.
Өлгенімше ізденем,
Толтырар кемін қалғаным.
Адам үшін — еңбегім,
Өмірден барлық тергенім.
Қалағанын қарап ал,
Мұрам сол, жастар, бергенім!
Нравится · Комментарий