КешYou тобы / Кешью тобы биография
"KeshYou" тобы 2006 жылдың 10 сәуірінде Баян Есентаева және Бағым Мухтденованың қолауымен пайда болды. Ең алғашында топ [b:wu21m6rs]Маржан, Әнел, Зумрад[/b:wu21m6rs] есімді үш қыздан құралды. Кейін топ құрамы алмасып, Маржанның орнына Мөлдір келді, ал Зумрадтың орнын Наиля Заитова басады.
2010 жылы "KeshYou" Қырымдағы "Шығыс базары" фестиваліне қатысып, жүлделі бірінші орын алады. "Әдемі қыз", "Сүгірдің термесі" ел ішіне кеңінен таралып, топтың атағы шыға бастаған кезде, Наиля Заитова топтан кетіп, оның орнына Кәмшат Жолдыбаева келеді.
Продюссер сол уақыттарда өте сәтті шыққан "Коктейль для звезды" фильмін түсіріп, басты рөлді топ құрамындағы Мөлдір Әуелбековаға береді. 2011 жылы "Коктейль для звезды 2" фильмінде басты рөлдердің бірін Баян Есентаеваның продюсерлік орталығында жұмыс істеп жүрген әнші Жанар Дұғалова ойнайды.2012 жылы "KeshYou" тобынан [b:wu21m6rs]Әнел Әрінова[/b:wu21m6rs] мен Мөлдір Әуелбекова кететіні хабарланады. Олардың орнын кастинг арқылы таңдалып алынған Айдана Меденова және Жанар Дұғалова басатыны белгілі болады. Қазірге дейін топ осы құраммен өнер көрсетуде. Осы құраммен 1 жыл ішінде "Қазақтың қыздары", "Асықпа", "Туған жер" атты хит әндерді шығарып үлгерді. Жанар Дұғалова жеке шығармашылығын қатар алып жүрсе, Айдана Меденова "Сұлу бойжеткен" мюзиклінде, "Ғашық жүрек" телехикаясында басты рөлді сомдады. [b:wu21m6rs]Кәмшат Жолдыбаева[/b:wu21m6rs] ел арасында танымал болған "Тракторшының махаббаты" телехикаясында басты рөлді сомдады. 2013 жылдың басында Муззон телеарнасының ұйымдастыруымен өткен "Eurasia Music Awards" байқауында "Ең үздік қыздар тобы" номинациясы бойынша жеңіп шығады. Ал 6 жылдай топ мүшесі болған Мөлдір Әуелбекова мен [b:wu21m6rs]Әнел Әрінова[/b:wu21m6rs] жеке шығармашылықтарымен айналысуда.
[youtube:2fmppr0h]http://www.youtube.com/watch?v=9lUplu3qD7E[/youtube:2fmppr0h]
KeshYou - Әлия
[youtube:2fmppr0h]http://www.youtube.com/watch?v=Cm5nN2hZ1ds[/youtube:2fmppr0h]
KeshYou - Әдемі қыз
[youtube:2fmppr0h]http://www.youtube.com/watch?v=Ismu1vky54Y[/youtube:2fmppr0h]
KeshYou - Персона
[youtube:2fmppr0h]http://www.youtube.com/watch?v=YJYA8jbzcbw[/youtube:2fmppr0h]
KeshYou - Арман-ай
[youtube:2fmppr0h]http://www.youtube.com/watch?v=GUM7_e3OtDQ[/youtube:2fmppr0h]
КешYou - 100 дней любви
[youtube:2fmppr0h]http://www.youtube.com/watch?v=fhyTRSgqlCI[/youtube:2fmppr0h]
КешYou - Мама
[youtube:2fmppr0h]http://www.youtube.com/watch?v=SDojsKBOiUY[/youtube:2fmppr0h]
КешYou - Асықпа
[youtube:2fmppr0h]http://www.youtube.com/watch?v=o7B8cO-B8_I[/youtube:2fmppr0h]
КеshYou - Қазақ кыздары
[youtube:2fmppr0h]http://www.youtube.com/watch?v=eBuQUWXWtsE[/youtube:2fmppr0h]
КешYou - Туған жер
[youtube:2fmppr0h]http://www.youtube.com/watch?v=uvPGNnHil-A[/youtube:2fmppr0h]
- «Ғашық жүрек» киносында Баян Есентаева: «Мені апай деп атама!» дейді. Өмірде де солай ма? Продюсерлеріңді қалай атайсыңдар?
Айдана: – Баян Мақсатқызы деп атаймыз.Продюсерлік орталыққа келгелі бері осылай дейміз. Жалпы, Алматыда «апай» деген сөзді жиі қолданады екен. Бірақ, біз олай айтып үйренбегенбіз.
- Қазір «КешYOU» тобы жазғы демалыста екен. Демалыстарың қалай өтіп жатыр?
Айдана: – Иә, қазір әркім өзінше демалып жатыр. Өзім жақында тауға шығып, достарыммен серуенге шықтым. Бізге тек басқа қалаларға және шет елдерге шығуға болмайды.
Кәмшәт: – Ал, мен болсам қазір жаңа жобаға түсіп жатырмын. Сондықтан үлкен демалыс жасауға уақыт жоқ десем де болады. Ол телехикаяда мен қаланың өміріне әбден үйренген, өз еңбегімен табыстарға жеткен өжет, ақылды, айтқанынан қайтпайтын қыздың рөлін сомдаймын. Бұйыртса, алдағы уақытта бағасын өздеріңіз бере жатарсыздар.
- Продюсерлеріңмен арада белгілі бір келісім-шарт бар. Онда сендерге не істеуге тыйым салынған?
Айдана: – Жалпы, келісім-шарт соншалықты қатал деп айта алмаймын. Әркімнің келісім-шарты әрқалай. Тек қана тұрмысқа шығуға, балалы болуға болмайды. Ең бастысы өзіміздің жұмысымызды жақсы істесек болды. Күнделікті вокал сабағына барып, сырт келбетімізді күту, дене пішімімізді бір қалыпта ұстау дегендей...
- Сүйіктілерің бар ма? Бар болса, сендерді сахналық өмірден қызғанбай ма? Ер азаматтарға деген өздеріңнің талғамдарың қандай?
Айдана: – Сүйіктім бар. Ол менің өнерімді бағалайды. Қолынан келген көмегін аяған емес. Әрбір қызға мықты, сабырлы, ақылды, мәдениетті жігіттер ұнайды деп ойлаймын. Қыздар тұрмысқа шыққан соң, жұмыс істетпей қоятын ер адамдарды өзім түсінбеймін. Ондай құрбыларым да жоқ емес, бар. Менің ойымша, қыз баланың алған білімі мен дипломы үйдегі сандықта ескірмеуі тиіс.
Кәмшәт: – Құпия болып қала берсінші (жымиып).
Жанар: – Қазір жігітім жоқ. Бірақ, менің ойымша өнер адамы сүйіктісі бар болса да, жоқ деп айту керек.
- Неге? Жанкүйерлерің азайып қалады деп ойлайсың ба?
- Иә. Біз халықтың алдында жүрген соң, халыққа тек қана біздің өнеріміз қызық болу керек деп ойлаймын.
- Айдана, сүйіктің үйленген соң ауылда тұруды қаласа, қайтер едің?
- Келісер едім. Егер де екі адамның арасында махаббат болса, адам қай жерде тұрса да бақытты болады деп ойлаймын.
- Қазір сендерде шығармашылық жұмыс қызып жатыр. Дегенмен, тұрмысқа шығу туралы ойланасыңдар ма?
Жанар: – Әрине, ойланамын. Ең бірінші ана болуды ойлаймын. Бірақ, мен жоспарламаймын. Бәрі де сәтіне қарай, бұйырған кезде болады.
Айдана: – Өзімнің жоспарым бойынша, шамамен үш жылдан кейін отбасын құруға дайын болатын шығармын.
Кәмшәт: – Ал, мен 1-2 жылдан кейін шығар.
- Топтағы қыздардың сырт келбеті қатты қадағалана ма? «Белгілі бір салмақта болу керек» деген сияқты талап бар ма?
Айдана: – Жоқ, ең бастысы өзіңе арнап тігілген костюмің сыйып тұрса болды (күліп). Бұл өзіңнің де жеке мүддең ғой.
-Сахнаға киіп шыққан киімдерің кейін сендер топтан шыққаннан кейін өздеріңде қала ма?
Кәмшат: – Жоқ, сахналық киімдеріміз бізге қалмайды. Ол продюсерлік орталықтың меншігінде қалады.
- Үшеуің де бірге тұрасыңдар ма?
Жанар: – Жоқ, бөлек тұрамыз.
- Сендерді үймен, көлікпен қамтамасыз ету продюсердің міндетіне кіре ме?
Айдана: – Жоқ, ол продюсеріміздің міндетіне кірмейді. Десек те, Баян Мақсатқызы маған да, қыздарға да бөлек пәтер жалдап берді.
- Айдана, «Ғашық жүрек» телехикаясындағы кішкентай Жұлдызды сомадаған қыз саған қатты ұқсайды. Туған сіңлің емес пе?
- Жоқ, көрген адамдардың барлығы да қатты ұқсайтынымызды айтты. Бірақ, ол менің туған сіңлім емес. Мен ол қызды түсірілім кезінде бір-ақ көрдім. Ол қыздың өзі бұған дейін киноға түсіп көрген, маған қарағанда тәжірибесі бар жас актриса екен.
- Кәмшат, бірнеше рет үнді тілінде ән айтып, би билегеніңді көрдік. Үнді фильмдеріне деген қызығушылығың қандай?
- Енді қызығуышылығымды айтып жеткізу мүмкін емес . Үндіше ән айту бұл менің бала кезден бергі үлкен арманым еді. Үнді фильмдерін бала кезден көріп өстім, өте қызықтым. Үнді актерларының ішіндегі кумирларым – Шакрух Кхан, Мадхури Дикшит, Рекха. Бұл кісілерді мен үнді фильмдерін жақсы көрген соң ғана айтып тұрған жоқпын. Расында да олардың еңбегін мойындау керек.
– Үнді фильмдеріне түсуді армандайтын шығарсың?
- Болашақта Үндістанмен бірлесіп телехикая түсірілетін болса, сол жобада басты рөлді сомдағым келеді. Сонымен қатар, тарихи киноларға түсіп, өзімді басқа қырымнан да танытсам деймін.
- «КешYOU» тобындағы қыздардың ішіндегі ең еркесі кім?
Кәмшәт: – Жасы бойынша Айдана. Ал, еркелік жағынан, ортамызда үлкеніміз болса да Жанар көп еркелейді (күліп).
Жанар: Мен бе? (таңырқап)
Айдана: – Менің ойымша да арамыздағы еркеміз Жанар сияқты. Алайда, көп нәрсе адамның көңіл күйіне де байланысты болады.
- Ал, ашуланған кезде сабырлылыққа шақыратын кім?
Жанар: – Екеуі маған үнемі: «Жанар басыл! Басыл!» деп айтып жүреді (күліп).
- Араларыңдағы ең арығы Жанар екен. Жанар, бұл арнайы диетаның арқасы ма? Қазіргі салмағың қанша?
Жанар: – Қыздарға қарағанда, мен тамақты көп жеймін. Бірақ, бұл менің болмысым. Тамақты қанша көп жесем де, толмайтын адаммын. Ал, диетаға келер болсақ, диета ұстаған емеспін және ұстамаймын да. Қазіргі салмағым - 53-54 кг.
- Қалай ойлайсыңдар, халыққа бұрынғы «КешYOU» ұнай ма, әлде қазіргі ме?
Жанар: – Қазіргісі (Күліп). Өзіміз болған соң мақтанып тұр деп ойлап қалмаңыз, бірақ расымен де халықтың пікірі осындай.
Кәмшат: – Топтың бұрынғы құрамының өздерінің тыңдармандары, жанкүйерлері, хит әндері болды. Қазіргі құрамы да дәл солай. Топта біз болсақ та, болмасақ та «КешYOU» тобы болады. Өйткені, «КешYOU» ол өзіндік қолтаңбасы, стилі бар бренд.
- Жанар, жеке орындауыңдағы «Кім үшін?», «Сен емес» әндерін өзің жазыпсың. Әндеріңді тыңдасақ, басыңнан жауапсыз махаббат өткен сияқты?
- Жоқ, бұл жауапсыз емес, үлкен махаббаттан туындаған әндер. Көбісі: «Жанардың басынан жауапсыз махаббат өтіпті, сосын осындай ән жазып жүр» деп ойлайды. Алайда, олай емес. Өмірімде баянсыз махаббат болғанмен, жауапсыз сезім болған емес.
- «КешYOU» тобының негізгі тыңдармандары қай жас аралығын қамтиды деп ойлайсыңдар?
Айдана: – Әрине, біздің әндерімізді барлық адамдар тыңдаса дейміз.
Кәмшәт: – Дегенмен де, жастар, оның ішінде жас қыздар деп ойлаймын. Кішкентай бүлдіршіндер де біздің әндерімізді жатқа айтып жүргенін естиміз.
Жанар: – Және жігіттер.
- Мезгілсіз уақытта телефон соғып, мазалайтындар көп шығар?
Жанар: – Өте көп. Әсіресе, түнде ұйықтап жатқанда звондап: «Қалыңыз қалай?», «Маған мына әннің минусовкасын беріңізші» деп сұрайтындар бар.
Айдана: – Көбінесе қыздар хабарласады. Түннің бір уағында звондап: «Шашыңызды қандай сусабынмен жуасыз? Бетіңізге қандай крем жағасыз? Маған ақшалай көмек бере аласыз ба?» деп сұрайды.
Кәмшәт: – Маған кейде: «Мына көйлекті қайдан сатып алдыңыз?» деген сияқты смс-хабарламалар келіп тұрады. Бірақ, қуанышыма орай, соншалықты қатты мазалап, тынымсыз телефон соғатындар жоқ.
- Телефон нөмірлеріңді жиі ауыстырасыңдар ма?
Жанар: Жоқ, жиі ауыстырмаймыз.
- Білуімше, әлеуметтік желілерде тек Айдана ғана бар. Ал, Жанар мен Кәмшаттың жеке парақшалары бар ма?
Жанар: – Мен әлеуметтік желілерде тіркелмегенмін. Және оған қызығушылығым да аз.
Айдана: – Ал менде қызығушылық бар. Вконтакте желісінде отырамын.
Кәмшәт: – Твиттер, Фейсбук, ВКонтактеде болмасам да, мен өзімізге қатысты ғаламторда қандай пікірлер айтылып, не талқыланып жатқанын біліп отырамын.
- Кез келген топтың көшбасшысы болады. Ал, «КешYOU» тобында көшбасшы бар ма?
Кәмшәт: – Әрбіріміздің жеке ойымыз, пікіріміз бар. Бірақ, көшбасшы деген біздің топта жоқ. Олай бөлінбейміз. Және ол дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, бөлініп жүретін адамдар араларындағы қарым-қатынасты анықтаумен уақыт өткізіп жүреді. Ал біз ондайдан аулақпыз.
- Шоу-бизнесте қыздардан құралған топтар өте аз сияқты. Дегенмен, бәсекелестерің бар ма?
Айдана: – Қазір түрлі музыкалық премиялар көбейіп жатыр. Бәлкім, соларды жеңіп алу ниетімен, қыздардан құралған топтар көбейетін шығар.
Кәмшәт: – Соңғы кезде ұйымдастырылған музыкалық премиялардың екеуінде де біз «Үздік қыздар тобы» болып танылдық. Мұның өзі бекер емес шығар деп ойлаймын. Бұл да болса халықтың біз туралы пікірінің көрінісі деп түсінеміз.
Жанар: – Бәсекенің болғаны жақсы. Бәсекеден сапа туындайды ғой. Отандық шоу-бизнесте біздің бәсекелесіміз жоқ демейміз. Бар, бірақ, олардың саны аз.
- Жанар, Баян Есентаеваның продюсерлік орталығына алғаш келгенде, «КешYOU» тобына кіремін деп ойладың ба?
- Жоқ, ондай ойым болған емес.
- Той-томалаққа жеке әнші Жанар Дұғалованы көп шақырады ма, әлде «КешYOU» тобын ба?
- «КешYOU» тобын көбірек шақырады.
- Қай қалаға көбірек шақырту аласыңдар?
Жанар: – Барлық дерлік қалаларға барып тұрамыз. Әйтсе де, оның ішінде Астана қаласына жиі барып тұрамыз.
Кәмшәт: – Иә, Астанаға. Себебі, Астанада мемлекеттік шаралар, форумдар, үлкен мерекелік концерттер көп болып тұрады.
- Баян Есентаеваға еліктейтін тұстарың бар ма?
- Қай жағынан алсаң да, Баян Мақсатқызы үлгі боларлық тұлға. Жеке өмірімен қатар жұмысын жоғарғы деңгейде алып жүрудің өзі бүгінгі заманда жиі кездесетін жағдай емес.
Айдана: – Ол сондай нәзік, адамгершілік қасиеті зор. Құдды бір анамыз сияқты... Қыздарына деген қарым-қатынасы мен беріп отырған тәрбиесінің өзінен көп нәрсені үлгі етуге болады.
- Қатал продюсер ме?
Жанар: – Шығармашылық жұмысқа келгенде қатал. Ал, жеке өмірімізге қатысты қатал болғанын байқаған жоқпын.
Кәмшәт: – Талапшыл.
- Белгілі топ болған соң, сұхбатқа көп шақырады. Қандай сұраққа жауап бергілерің келмейді?
Жанар: – Жеке өміріме қатысты сұрақтарға.
Кәмшәт: – Әсіресе, «КешYOU» деген сөз нені білдіреді? Қай жерде туып-өстіңіз? деген сияқты сұрақтарға.
- Жақында әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа ұзарту туралы бастама көтеріліп, кейін Елбасымыз бұл заңнаманы қабылдамаған болатын. Бұған көзқарастарың қандай болды?
Жанар: – Мен қарсы емеспін. Өйткені, ондай заң 63 жастағы әйелдің өзін-өзі күтуіне, өзіне жағдай жасауына стимул болар еді деп ойлаймын. Өзім де жұмыссыз үйде отырсам, тыныш отыра алмаймын. Өйткені, мен жұмыс істеп үйреніп қалғанмын.
Кәмшәт: – Әр түрлі мамандықтар бар ғой. Олардың барлығының жұмысы тең емес, әртүрлі. Қай мамандық иесі болмасын, әйел адам өзі жұмыс істей аламын, шамам келеді десе, мен қарсы емеспін.
Айдана: – Кім не десе де, әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа ұзарту дұрыс емес деген ойдамын. Өйткені, қазіргі 63 жастағы апа-әжелерімізге қарасақ, шаршап қалған. Бәлкім, уақыт өте келе, халықтың тұрмыс жағдайы қазіргіден де жақсарып,қазіргі жастар өсіп, бұл заңнама солардың уақытысына сай келсе, онда мүмкін болар деп ойлаймын. Ал, дәл қазір зейнет жасын көтеруге қарсымын.
- Саяси идеалдарың бар ма?
Жанар: – Бар. Маргарет Тэтчер мен Мандела.
Айдана: – Менің саяси идеалым Атилла. Өткені, ол кісі расымен де өте мықты тұлға болған, тарихта өз есімін өшпестей етіп қалдырды. Атилланың түркі тілдес халық өкілі болғаны үшін, ал, мен түркі тілдес халықтың өкілі Атилланың ұрпағы болғаныммен мақтанамын.
Кәмшәт: – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ол кісі саясат сахнасында көрегендігімен, парасаттылығымен танылған тұлға. Елімізді көркейтіп, үлкен жетістіктерге жеткізді.
- Қолдарыңа «сиқырлы таяқша» түссе, ең алдымен не істер едіңдер?
Айдана: – Мен жақындарымның барлығының жағдайын жақсартар едім.
Жанар: – Ал мен әлемдік мәселелерді шешер едім. Өйткені, ол әлемдік мәселені ішінде менің жақындарымның да мүддесі жатыр.
Кәмшәт: – Адамның армандарының орындалуының өзі ғажайып емес пе? Сен кезінде армандап, ол арманың қазір орындалып жатса, сиқырдың өзі осы ғой. Сондықтан, оқырмандарға: «Армандаңыздар! Ол арманға сеніңіздер! Армандар орындалады!» деп айтқым келеді.
- Жанар мен Айдананың қазақ тіліне шорқақтау екені байқалады. Қазақ тілінде еркін сөйлеу үшін не істеп жатырсыңдар?
Жанар: – Қолым қалт еткенде, қазақша кітап оқуға тырысамын. Соңғы рет Күләш Байсейітованың өмірбаяны туралы кітапты оқыдым. Дегенмен де, уақытымыз тығыз болғандықтан, қазақ тіліне тиісінше көңіл бөле алмай жатырмын. Егер кәдімгідей қолға алатын болсам, мен тіпті тауды да қопарып жібере аламын (күліп).
Айдана: – Менің достарымның басым бөлігі орыс тілді болған соң, тілімде орысша басымдау болды. Алайда, қазір тек қана қазақша сөйлеуге тырысамын. Ана тілімді кітап оқу арқылы дамытып жатырмын.
- Сахналық киімдеріңнің ішіндегі өздеріңе ең ұнайтыны қайсысы?
Кәмшәт: – Ең жаңасы ұнайды (күліп). Продюсеріміз кейде бізге: «Сахналық костюм жоқ» дейсіңдер. Ең көп киім тігілетіні, ең көп дайындалатыны «КешYOU» тобы деп ұрсады.
Айдана: – Қазір ғаламтор дамып кетті ғой. Тобымыздың фан-клубы да бар. Әрбір сахнаға шыққанымызды ғаламторға салып қояды, суреттеріміз таралады. Бір киген соң, ол бәріне белгілі болып қалады. Бір киген киімді қайта-қайта кисең, бұл халықты жалықтырып жіберуі мүмкін. Сол үшін, қазір әрбір үлкен шараларға жаңа киім тіктіруге тырысамыз.
- «КешYOU» тобының бұрынғы құрамы киген киімдерді де киесіңдер ме?
Кәмшәт: – Топтың бұрынғы құрамы киген киімдерді де кидік. Өйткені, ол киімдердің барлығы продюсерлік орталықтың дүниесі. Егер де орындайтын әнімізге ескі костюмдеріміз сай келіп тұрса, онда киеміз. Оған қоса, қазір химиялық тазалау деген бар. Сондықтан, онда тұрған ештеңе жоқ. Ал, өлшемге келер болсақ, «КешYOU» тобында әрдайым бойы ұзын, арықша қыздар болды. Сондықтан, ол жағынан мәселе туындамайды.
- Егер де топтарыңның атауы «КешYOU» болмаса, қандай болар еді деп ойлайсыңдар?
Кәмшәт: – «Киш-миш» деп па (күліп)?! Қазір бұл атау құлаққа соншалықты сіңіп кеткен. Өзімізге қатты ұнайды.
Айдана: – Бұл туралы мүлдем ойланбаппыз.
- Теледидар көруге арнайы уақыт бөлесіңдер ме?
Кәмшәт: – Шынымды айтсам, әсіресе соңғы кездері теледидарды мүлдем қосып жүрген жоқпын. Менің үйімде тек «теледидар» деген аты ғана бар. Оны көруге уақыт та, қызығушылық та жоқ. Бірақ, кейде жаңалықтарды көруге тырысамын.
Айдана: Ал мен жаңалықтарды ғаламтордан көремін. Теледидарды мүлдем көрмеймін.
- Қазақстандағы №1 продюсер кім деп ойлайсыңдар?
Кәмшәт: – Біз үшін Қазақстандағы №1 продюсер - Баян Есентаева. Себебі, ол кісі өзін мойындатқан адам.
- Қазір қасиетті Рамазан айы. Ораза ұстадыңдар ма?
Айдана: – Жоқ, ұстамадым.
Кәмшәт: – Біз ораза ұстамадық. Бірақ, осындай ыстық ауа-райында ораза ұстап жүрген адамдарға бас иеміз. Өзімнің бір құрбым ораза ұстап жүр. Оның шыдамдылығына қарап қайран қаламын. Бұл үлкен төзімділікті қажет ететін амал! Барлығына ораза қабыл болсын деймін!
- Тыңдармандарыңа, «Жұлдызбен сырласу» журналының оқырмандарына айтар тілектерің?
Кәмшәт: – Қыз балаларға айтарым, өздеріңізді күтіңіздер, сымбаттарыңызды қадағалаңыздар!
Айдана: – Және әр түрлі опа-далапты орынсыз пайдаланбауларыңызға кеңес беремін. Себебі, оның барлығы бірдей адам ағзасына жағымды емес. Ең бастысы, жан сұлулықтарыңыз кетпесін!
Жанар: – Бірінші байлығымыз –денсаулығымыз ешқашан сарқылмасын! Барлығына бақыт тілеймін!
- Сұхбатқа уақыт бөлгендеріңе рахмет! Зор шығармашылық табыстар тілейміз!
[i:3e2kxpzo]Әңгімелескен: Салтанат АСАНҚЫЗЫ[/i:3e2kxpzo]