"Тұран" этно-фольклорлық ансамблі
"Тұран" менің ең сүйікті ансамбліме айналды. Ансамбль туралы алғаш рет 2009 жылы, қателеспесем, қыркүйек я қазан айларының бір күндерінде консерваторияның мерейтойына арналған концертте білдім. Сол кезде орындаған шығармалар мені өзіне баурағандай болды. Содан бері ансамбль жайлы азды-көпті біліп жүрдім. Өкінішке орай, ансамбльдің алғашқы альбомының тұсаукесер концертіне бара алмадым, алайда, диск қолыма тиген бойда барлық композицияларды ұялы телефондарыма жүктеп алдым.
Ансамбльдің жетістіктеріне тәнтімін. Өз таңбасы, өз ерекшелігі бар топ. Өзгелер сияқты жеңіл-желпі, арзанқол дүниеге жақын емес. Сахнамызда жылтыр мен сапасыз өнім билеген біздің заманда "Тұран" ансамблінің еңбегі бірден көзге түседі. Жаның сая тапқандай болады. Біздің қауым осындай шығармаларға зәру.
"Тұран"-ды, әттең, біреу білсе, біреу білмейді. Сондықтан да, өз ортамда, алыс-жақын шетелдерде жүрген достарыма, қандастарға, таныстарға ансамбль дисктерін почтамен жіберемін. Олар тыңдап, мәз болып жатады.
Болашақта "Тұран" ансамблі сияқты халқымыздың төл мәдениетін дәріптейтін дарынды топтар көбейсе екен деген тілегім бар. Сондай-ақ, осындай топқа, мүмкіндігінше, үлкен қолдау көрсетілсе екен деймін.