Берік Айтжанов биографиясы
Берік Бошенұлы Айтжанов 1979 жылдың 11 наурызында Қызылорда облысында туылған. Үш жасында Алматы қаласына отбасымен көшіп келген. Балалық шағы мен жастық шағы Алматы қаласына жақын маңдағы Іле ауданында өткен. Әкесі ұзақ уақыт ішкі органдарда істеген, кейін өз мамандығы бойынша агроном қызметін атқарған, ал анасы бала-бақша қызметкері.
Білімі:
Салмақ жетіспеушіліктен әскерге қабылданбаған болашақ актер көптеген мамандықта өзін сынап көрген, осылайша кафеде бармен қызметін атқарған. Бір күні оны модель агенттігінен бір қыз кастингке шақырады. Суреттер кино түсірушілердің қолына түседі. Біраз уақыттан кейін Берікке кинода бағын сынап көруге ұсыныс түседі. Алайда алғашқы кастингтен өте алмай қалады. Бірақ Берік Айтжановты кино әлемі қызықтырып, ол Т. Жургенов атындағы Өнер академиясына түсуге бел буады. Қазірде М.Әуезов атындағы Драма театрдың басшысы Есмұхан Обаев оның жетекшісі болады, ал өзі Талас Өмірзақовтан тәлім алады. 2004 жылы академияның музыка факультетінен "музыкалық драма актері" мамандығын алып шығады.
Мәнсап:
Театрда ең алғаш “Гамлет” қойылымында Лаэртты сомдайды. Кейін Мұхтар Әуезовтың "Қарагөз" драмасында Сырымның рөлін алып шығады. Кинодағы дебюті Мұхтар Әуезовтың "Қорғансыздың күні" әңгімесінің желісімен түсірілген Рымбек Әлпиевтің "Қасқыр уақыты" атты фильмінде болады. Берік онда Ақан байдың күңі Қалтайды сомдайды. Кейін, “Махамбет” фильмімен қатар, ол Ташкентте ресейлік “Застава” сериалында ойнайды, одан кейін “Мұстафа Шоқай” фильмінде рөл алады. Егор Кончаловскийдің "Возвращение в А" фильмінде Айтжанов басты кейіпкердің жас кезін сомдайды. Бұл фильмге түсу үшін ол үлкен кастингтен өтеді. Оның алдында Ахан Сатаевтың “Ағайындылар” телехикаясында ойнаған рөлі бар еді. Дәл осы телехикая арқылы жұрт оны танып қалады. Ал 2011 жылы "Ликвидатор" фильмінде Берік Айтжанов басты рөлді сомдайды. Бұдан кейін "Мың бала", "Параллель әлемдер" сынды үздік фильмдер мен "Тракторшының махаббаты" телехикаясында ойнайды. «Жоюшы» фильміндегі Арсен ролі үшін 2011ж. «Құлагер» сыйлығына ие болды.
Фильмография:
2005 - "Қасқыр мезгілі", (Қалтай)
2005 - "Махамбет", (Махамбет)
2006 - "Мұстафа Шоқай", (Байдрахман)
2009 - "Махамбеттің жебесі" ()
2010 - "Ликвидатор", (Әрсен)
2010 - "А"-ға оралу" (Марат)
2011 - "СуперБаха" (Ерденов)
2011 - "Жоюшы" (Арсен)
2012 - "Жаужүрек мың бала" (Әбілқайыр хан)
2012 - "Балкон" ()
2012 - «Астана – жүрегім менің»
2013 - "Кітап" (Оңғар)
2013 - "Параллель әлемдер"
Телехикаялар:
2005 - "Застава", (Селим)
2008 - "Ағайындылар", (Шыңғыс)
2009 - "Арман қала", (Руслан)
2013 - "Тракторшының махаббаты", (Жасұлан)
Сахнадағы негізгі рольдері:
ұлттық классика мен заманауи драматургияда– М.Әуезовтің «Қарагөзінде» Сырым (реж. Б.Атабаев), Т.Ахметжанның «Сұлу мен суретшісінде» Суретші (реж.Н.Жақыпбай), С.Балғабаевтың «Сағыныш пен елесінде» Арман (реж.Ә.Рахимов), М.Әуезовтің «Абайында» Әбдірахман (реж. Е.Обаев), И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Абзал (реж. Е.Обаев), Т.Мәмесейіттің «Бәкей қызында» Сейіт (реж. Ә.Рахимов), М.Әуезовтің «Қилы заманында» Әубәкір (сахналық нұсқа Н.Оразалин, реж. Ә.Рахимов), Д.Исабековтің «Жаужүрегінде» Балуан Шолақ (реж.Е.Обаев), И.Сапарбайдың «Қыз мұңында» Жарқын (реж.Е.Обаев, Т.Аралбай), И.Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?..» спектаклінде Абай (реж.О.Кенебаев), т.б.
әлемдік классика мен заманауи драматургияда – Шекспирдің «Гамлетінде» Лаэрт (реж. Ю.Ханинга-Бекназар), Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Эрих Кламрот (реж. Р.Андриасян), Е.Уахитовтің «Құдаларында» Нәдір (реж. Ә.Рахимов), М.Байджиевтің «Қылмысында» Темір (реж. О.Ақжарқын-Сәрсенбек, А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуінде» Вершинин (ауд.Ә.Бөпежанова, реж.Р.Андриасян, А.Кәкішева).
Отбасы
Шығыс жекпе-жегімен, жүзумен, ат серуенімен айналысады (Каскадерлер ассоциациясының мүшесі). Жұбайы - Әйгерім Байбергенова, театр актрисасы. Тауасар, Хантөре есімді ұлдары, Айзере есімді қызы бар.
Танымал театр және кино актері Берік Айтжанов биылғы жылы бір түсіру алаңынан екіншісіне барып, жұмыстан қолы тимей жүргенін айтады. Қазіргі таңда ол «Дала дауысы» деген жұмыс атауы қойылған кинода басты рөлдердің бірін сомдап жатыр.
Көктем айларында Баян Есентаеваның бастамасымен түсіріліп жатқан «Тракторшының махаббаты» телехикасында жұмысын бастаған Берік, оның соңғы бөлімі қазан айына бекітіліп қойылғанын жеткізеді. Жаңа маусымнан көпшілік көрерменге жол тартқан сериалда өнер иесі ауылдың қарапайым жігітін сомдайды. Қым-қиғаш оқиғаға толы туындыда Берік – тракторшы жігіт қаланың еркетотай қызын ұнатып қалып, оқиға тиісінше ғашықтық ғаламатына ұласады. Сырлы сезім мен кереғар көзқарастар, тағдыр түйткілдері көрініс тапқан «Тракторшының махаббаты» – Беріктің түсіп жатқан жалғыз картинасы емес. Ол, сондай-ақ, қазіргі таңда режиссер Ермек Шынарбаевтың «Дала дауысы» («Голос степей») деген фильмінде өнерін паш етіп жатқанын атап өтті. Актердің айтуынша, туындыға шетелден де актерлер шақыртылған.
- Онда мен Абай есімді бизнесменді сомдаймын. Түсірілім жұмыстары енді басталған картинаға менен бөлек, басты рөлде әйгілі француз актері Жерар Депардье ойнап жатыр. Қазіргі таңда сол кісімен бір түсіру алаңында жүрміз. Жұмыс қызып жатыр, – дейді бізге өнер иесі.
Бұдан бөлек Берік Айтжанов қараша айында танымал қазақстандық режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманат» атты киносының түсірілетінін баян етті. Тарихи драма тарихшы Ермахан Бекмахановтың өмір жолынан сыр шертеді. Кейіпкерімізге онда басты рөл бұйырыпты.
Естеріңізге сала кетсек, Айтжанов бұған дейін «Қасқыр мезгілі», «Махамбет», «Махамбеттің қылышы», «Нағыз полковник», «Ликвидатор», «Арман қала» сияқты фильмдер мен «Ағайынды» телехикасында ойнаған.
Info: Aynaline.kz
Театрдағы қойылымдарын көру мен үшін арман. Алматыда болсам міндетті түрде коремін)))