Асан қайғы дүниетанымындағы «Жерұйық» идеясы

Асан қайғы дүниетанымындағы «Жерұйық» идеясы

Асан қайғы жел маясына мініп халқына Жерұйық іздейді. Сонда «жерұйық» дегеніміз қандай жер және бүгінгі заманда қазақ халқы өз жерұйығын тапты ма деген сауалдарға жауап іздеу кезек күттірмес мәселе. Орхон-Енисей руникалық жазбаларын негізге ала отырып және оларды археологиялық, этнографиялық, мифологиялық деректермен толықтыра отырып, көне түркілердің дүниетаным түсінігін және олардың космогониялық танымын анықтауға негіз бар. ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «Бұдан 1,5 мың жыл бұрынғы ғұн нәсілдері – түркілер – Ашина руының түркілері – Ордос алабынан ауған жүнді тайпаларының ежелгі ақсүйек әулиетінен тараған ұрпақтар. Осынау жаңа рухани толқынның тоғысында тұңғыш Түркі қағанаты – Мәңгілік Ел бой көтереді. Бұл үшінші империя жергілікті сақ тайпаларын бұдан арғы мыңжылдықта ғұндардың арынды асау рухының ықпалымен таратып жіберіп, Байкалдан Каспийге дейінгі байтақ өлкені жайлап келген Түркі тайпаларымен біріктіріп, барлығын өз қанатының астына жинаған» , – деп атап көрсетуі Қазақ даласының ұлы түркі елінің қара шаңырағы екендігін айқындай түседі. «Жерұйық» концепциясының негізін түркілер заманынан іздеу осынысымен маңызды.