Үмбетей жырау жырларының басты ерекшелігі

Үмбетей жырау жырларының басты ерекшелігі

Үмбетей Тілеуұлы 1697 жылдар шамасында осы еліміздің Ерейментау өңірінде дүниеге келген. Әкесі – Тілеу қаһармандық жырларды, көне аңыздарды, шешендік сөздер мен қиссаларды жақсы білетін шежіре, сонымен қатар халықтың музыка өнерінен көп хабары бар шебер қобызшы, ел ішінде абыз атанған адам екен. Үмбетейдің өмірдегі, өнердегі мектебі — өз әкесі, дәріс алған тұстаздары – сол кездегі әкесі тәрізді көнекөз қарттар. Ақындық қабілеті ерте байқалған Үмбетей ауыл арасында ғана емес, жалпы жұртқа да өзіндің ерекшелігімен өте тез танылады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ат жалын тартып мініп, найзасы мен жалынды жырларын жауына қатар сермеген Үмбетей жырау халқының құрметіне бөленеді. Сыртқы жаулармен күресте аты шыққан батырларды мадақтау оның өзекті тақырыбына айналады.

Үмбетей – Бұхар жыраудың әрі замандасы, әрі тілектес-ниеттес ең жақын досы болған адам, XVIII ғасырдағы ең атақты, ірі жыраулардың бірі. Ол өзі көрген, басынан кешкен тарихи оқиғаларды жеріне жеткізе шыншылдықпен жырлайды. Оның бұл қасиетін Бөгенбай батырды жоқтауынан және оның дүниеден өткенін Абылайға естіртуінен айқын аңғарамыз. Үмбетейдің жыраулық, ақындық өнерінің ерекше қасиеттерін Шәкәрім Құдайбердіұлы шеберлікпен суреттейді. Қарабұжыр қанжығалы Үмбетей жырауды Мағжан Жұмабаев та ерекше мадақтап:

Әрі ақын, әрі батыр Қарабұжыр,
Айтайын өрлеп барып аспанға сыр, -
дейді өзінің «Батыр Баян» дастанында.
Осындағы Қарабұжыр – Үмбетей жыраудың лақап аты.
Жырау өз замандасы Бұхар Қалқаманұлына арнаған толғауында:
Өткіздің тоғыз ханды толғауменен,
Шештің талай түйінді болжауменен.
Іс болса қиын-қыстау сен сөйлеттің,
Қылыш қып қызыл тілді қорғауменен.
Сұрағанмен берместі,
Жылағанмен келместі,
Айттым сәлем еліңнен,
Сарыарқадай жеріңнен,
Жатсаң да шірімейтін,
Асыл тасым – дейді тебіреніп.

Үмбетей жырау «өткіздің тоғыз ханды толғауменен» десе, бұл тарихи шындық. Бұхар Әз Тәукеден бастап, одан кейінгі қазақ хандары: Қайын, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Күшік, Әбілхайыр, Барақ, Абылайдың ақылшысы, кемеңгер биі болған.