Ақтамберді жырау «Уа, қарт Бөгембай»

Ақтамберді жыраудың «Уа, қарт Бөгембай» деп басталатын толғауының шығу тарихы

Үмбетей жырау Бөгембай туралы толғауында:

Уа, Алатаудай Ақшадан

Асып тудың, Бөгембай!

Болмашыдай анадан

Болат тудың, Бөгембай!, деп жырлайды. Бөгембайдың әкесі Ақша батырды Алатауға теңеген. Ал, Мәшһүр Жүсіп Бөгенбай батырдың шығу-тегі, үрім-бұтағы жайлы былай деп айтады: «Қанжығалыдан Бөгенбай батыр шықты. Үш жүздің баласының кәрі құлақтысынан ақымыз бардай қадалып сұрадық. Түбін, тегін білуге:

Бөгенбай әкесі Ақша, Ақша әкесі Әлдекүн, Әлдекүн әкесі әлде кім дегеннен басқаны білмейді. Әлдекүннен екі бала Әлібек, Ақша екеуі бір туысса керек.

Ақшадан екі бала: Көлбай, Бөгенбай. Көлбай есер-еселаңдықпен бір аста Әлібектің үсті-басын майлай берген сықылды. Сонда Әлібек айтқан екен:

– Ерке баладан жынды бала көп жақсы деген осы екен-ау. Мынау өскенде менің тұқымыма таң атырып, күн шығармас, – дегенде, Ақша тұрып:

– Мұны айтасың ба, үйде бір шойқара бар, тұқымың соның тепкісінде шіриді,- депті.
– Ендеше мен тұқымымды оның тепкісінде шірітпейін,- деп бөлініп көшіп кеткен. Сол бойымен бөлек өсіп-өніп, Көкшетаудан әрі Әлібек қараған деген жер бар, ұрым-бұтағы сонда деседі.