Марғасқа жырау

Марғасқа жыраудың «Ей, Қатағанның хан Тұрсын» жырының шығу тарихы

Марғасқа Жырау(т.-ө.ж.б.) – ақын. Қазақ поэзиясында жауынгерлік рухты жырлап, көне дәстүрді жалғастырған жыраудың өмірі мен өлеңдерінің туындауы туралы нақты деректер сақталмаған. Ол Есім ханның жорық жырауы, қол бастаған батыры болған. Ташкент өңірін билеп тұрған Тұрсын ханның Есім ханға қарсы бүлігін басуға қатысқан (1627). Марғасқа Жыраудың бізге жеткен санаулы ғана жырлары оның от тілді, орақ ауызды жырау болғандығын көрсетеді. “Ей, Қатағанның хан Тұрсыны” атты өлеңінде Ташкент ханының қазақ ауылына опасыздықпен шабуыл жасағанын, жазықсыз жандарды қырып-жойғанын бетіне басады. Марғасқа Жырау Есім ханның өмірі мен ерлік істері суреттелген жеті мың жолдық “Еңсегей бойлы ер Есім” атты тарихи жырды алғаш жырлаушы болған деген болжам бар.