Бұқардың арнау толғаулары
Абылай туралы тарихи жырлар арасында Бұқардың арнау толғауларының орны
Жыраудың “Абылай ханның қасында”, “Ал, тілімді алмасаң”, “Ай, Абылай, Абылай”, “Қазақтың ханы Абылай”, “Ханға жауап айтпасам”, “Басыңа біткен күніңіз”, “Ай, Абылай, сен он бір жасыңда”, “Ал, айтамын, айтамын” атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталады. Ал, “Садыр, қайда барасың?”, “Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға” деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз етеді. Бұқар Жыраудың Абылай хан саясаты жөніндегі байламды пікірлері де орнықты, әділ. Ол қасындағы Қытай мен Ресей туралы да ұстамды бағыт ұстанады. Соның арқасында ата жауы Жоңғарлардың іштей іріп, азып-тозуы үшін ұтымды саясат қолдана отырып тарих сахнасынан кетуіне қолайлы жағдай жасағанын мақтанышпен жырлайды. Бұл орайда жырау Абылай ханды “әділдігі Наушаруандай, жомарттығы Хатымдайдай” деп бейнелейді. Тіпті, ханның әділдігі мен адамгершілік қасиеттерін де жоғары бағалай келіп, оның байлық-салтанатын “қырық мың атан тарта алмас” деп сипаттайды. Мұның бәрін жырау ханның жас кезеңдерімен тығыз байланыста алып қарастырады.