Тәңіршілдік - түріктердің дәстүрлі сенімі

Тәңіршілдік - түріктердің дәстүрлі сенімі. Ислам дінінің Қазақстан территориясында таралуы

Тәңіршілдік — дәстүрлі түркілік дүниетанымның бастауындағы діни сенім. Тәңіршілдік сенімнің Ұлы Тәңірісі – берік қандастық жүйеге негізделген түркі қоғамының Жаратушысы әрі Иесі. Ұлы Тәңірдің елі де, қағаны да, жері де киелі әрі қуатты деп танылған. Тәңіршілдік ұлттық психологияны, яғни ұлттың ділдік сипатын анықтайтын танымдық өлшем. Ибн Фадлан ( Аббас халифатының елшісі) 10 ғ-дың басында оғыздарға жасаған саяхатында “түріктердің қиын-қыстау кезеңде “Бір Тәңірі” деп, басын көкке қаратып мінажат ететіндіктерін” айтқан. Әр түрлі дін адамдарын пікірталасқа шақырған Мөңке ханның: “…Біз тек қана Бір тәңірге құлшылық етеміз” деген ұстанымын еуропалық миссионер-саяхатшылар Марко Поло, Плано Карпини, Рубрук мәлімдеген. Тәңір ұғымы Шумер сына жазуларында, ғұндарда “зингир” (қазақта “зеңгір” сөзі бар) түрінде кездеседі. Ұлы Тәңірдің “Көк, Ұлы, Нұр”, т.б. сипаттарының бәрі аспанды білдіреді. Сипаты жағынан Тәңірі ешнәрсеге ұқсамайды. Тәңіршілдік сенімінде соғыста жеңіс сыйлайтын да, билік иесіне билікті ұсынатын да, халықтың ниетіне қарай билеушіні таңдайтын да – Тәңірі. Дәстүрлі түркілік дүниетаным бойынша күйзеліске түсу халықтың рухани азғындағаны үшін Тәңірдің оларға жіберген жазасы болып саналады.