Көшпелі өзбек мемлекеті
Көшпелі өзбек мемлекеті: территориясы, саяси тарихы, қоғамдық құрылысы
XIV ғасырда Орда-Ежен мен Шайбани ұрпақтары иелігіндегі ұлыстар мен ру-тайпалар Ақ Орда мемлекетінің құрамында болды. Мұнда Орда-Ежен мен Тоқа Темір әулетінен шыққан хандар билік жүргізді. Осыған қарамастан Шайбани ұрпақтары өз иелігіндегі билігін сақтап қалды. Ал XV ғасырдың 20- жылдарының аяғына қарай Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі түрік шонжарларының қиян-кескі күресінің нәтижесінде билік Орда-Ежен мен Тоқа-Темір мұрагерлерінен Шайбан ұрпақтарына ауысады. Оған Ақ Орданың әлсіреуі мен құлдырауы, оның соңғы ханы Барақтың 1428 жылы қаза табуы себепші болды. Бұл кезде Ақ Орданың жерінде бір-біріне тәуелсіз екі саяси бірлестік нығайды. Олардың біріншісі – Жайықтан және оның батысына қарай Еділге дейінгі жерлерді қамтыған Ноғай Ордасы. Ал Жайықтың шығыс жағында Ырғыз, Елек, Торғай, Сарысу бойында, Тобыл мен Есілдің жоғарғы ағыстарына Шайбани ұрпақтары иеліктерін жүргізді. Олар: Аралдан солтүстікке қарай Шайбани әулеті Жұмадық ханның ұлысы, Шайбани әулетінің екінші бір тұқымы Мұстафа хан Атбасарда, үшінші бір тұқымы Махмұд Қожа Тобылда. Маңғыт Кепек би мен Адабек Бүркіт Батыс Сібірдегі Тура өңірінде билік еткен. Жазба тарихи дерекетерде бұл феодалдық иеліктер Көшпелі өзбектер хандығы деп те аталған. Бұл ұлыстардың арасында жер үшін, билік үшін ешбір тоқтаусыз, қиян-кескі ұрыстар үнемі болып тұрған. Осы талас-тартыстың барысында Жошының Шайбан ұрпағынан тараған Дәулет-Шайхоғылының баласы 17 жасар Әбілхайыр жеңіске жетті. Ол 1428 жылы Батыс Сібірде Тура (Түмен) қаласында хан болып жарияланды. Оны Шайбани ұлысына кірген рулар мен тайпалардың 200-ге жуық ірі өкілдері қолдаған.Халқының құрамына Ақ Ордаға кірген түрік және түріктенген түрік-моңғол тайпалары жатты. Олардың бастылары: қыпшақ, найман, қият, маңғыт, қарлұқ, қоңырат, қаңлы, ұйылын, шынбай, күрлеуіт және тағы басқалары. Бұл тайпалар тілі, шаруашылығы, мәдениеті және тұрмысы жағынан туыстас тайпалар. Сондықтан олар «өзбек» деген атпен саяси жағынан бірге аталған. Оның иелігі Ноғай Ордасының шығыс бетін, батыста – Жайыққа, шығыста – Балқашқа дейінгі, оңтүстікте – Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысына, солтүстікте – Тобыл мен Ертістің орта ағысына дейінгі жерлерді қамтыды.Әбілхайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде (1428–1468 жж.) елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. Жошы әулеті – оның ішінде Ибак-хан, Береке-сұлтан, Ұрыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей тағы басқалары – Әбілхайырға үнемі қарсы шығып отырды. Әбілхайыр хан өзінің жаулаушылық әрекетін XV ғасырдың 30-шы жылдарынан бастайды. Ең әуелі ол Тобыл бойында Шайбан ұрпағы Махмұд Қожа ханды талқандайды. Ол Алтын Орданың әлсіреуін пайдаланып, Еділ бойындағы көптеген жерлерді басып алады. Өзінің орталығын Турадан Орда-Базарға көшіреді. 1430 жылы аз уақыт Хорезмді басып алып, Үргеніш қаласын тонайды. 1446 жылы Әбілхайыр өзіне қарсы болып жүрген күшті шонжарлардың бірі – Мұстафа ханның әскерлерін талқандайды. Сол жылы Әбілхайыр хан Сырдария өзені мен Қаратау баурайындағы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты өз хандығының астанасына айналдырды.Әбілхайырдың Сыр бойындағы қалаларды басып алуы ағайындас Шайбани ұлысы мен Ақ Орда ұлысы ру-тайпаларының арасындағы қырғи-қабақ қатынастарды одан әрі шиеленістіре түсті. XV ғасырдың 50-ші жылдары Әбілхайыр Мәуеренахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тартысына араласып, Самарқанд пен Бұхараға талау-тонау жорықтарын жүргізді. Соғыстар барысында Әбілхайыр қанша жерлерді қосып алғанымен, хандық ішінде саяси берік бірлік болмады, әлеуметтік-экономикалық қайшылықтар күшейді. Ірі феодалдық топтар, ру басылары, сұлтандар оны қолдамады, қарсы шығып отырды. Әбілхайыр мемлекетінің ішкі әлсіздігі, Шыңғыс әулеті арасындағы тоқтаусыз қырқыстар, көшпелі рулар мен тайпалар сұлтандарының өз алдына бөлінуге ұмтылуы 1456–1457 жылдардағы Әбілхайырдың Үз-Темір-Тайшы басқарған ойраттармен Сығанақ маңындағы шайқаста күйрете жеңілуіне алып келді. Ол Түркістандағы талан-таражға түскен қалаларын тастап, Дешті-Қыпшақ даласына кетуге мәжбүр болды. Тек 60-жылдардың басында ғана Әбілхайыр Сырдария бойындағы бұрын өзі жаулап алған қалаларына қайта оралды. Осы жерден Әбілхайыр 1468 жылы Моғолстанға қарсы жорыққа кетіп бара жатқанда кенеттен қайтыс болды.Ішкі және сыртқы қайшылықтардың шиеленісуі, бітпейтін феодалдық соғыстар мемлекеттің шаңырағын шайқалтып, Әбілхайыр хандығының ыдырап тарауына ұрындырды. Сөйтіп Шайбан әулетінің Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігі тоқтады. Көшпелі өзбек тайпаларының бір бөлігі XVI ғасырдың бас кезінде Мәуеренахрға көшіп кетті. Қазақстан жерінде қалып қойған ру-тайпалар қазақ хандарының қол астына кірді. Темір ұрпақтары өкіметінің әлсірегенін пайдаланып, Шайбанилер Орта Азиядағы өкімет билігін басып алды.