Қазақтардың XVI-XVIII ғғ. материалдық және рухани мәдениеті

Қазақтардың XVI-XVIII ғғ. материалдық және рухани мәдениеті (үй тұрмысы және халықтың салттары, астрологиялық таным түсінігі)

Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің түп тамыры өте тереңде жатыр. Қазақ мәдениетінің қалыптасып дамыған аймағы осы ұлттың бүгінгі мекені, соның төңірегі. Оның дәлелі археологиялық, палеоэтнографиялық деректер. Біздің жерімізде мекендеген андронов тайпаларының қыш құмыраларындағы ою-өрнектер кейінгі қазақтың бау, басқұрларындағы нақыштарға ұқсайды. Андроновтықтардың тастан салған үйлері, шаруашылық құрылыстары, құдықтары кейінгі қазақтың осындай құрылыстарында көрініс тапқан. Одан бергі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпаларының да мәдениеттерінің қазақ дәстүрлі мәдениетінің қалыптасуына әсері аз болмаған. Ерте ортағасырларда бүгінгі Қазақстан жерін және көрші аймақтарды мекендеген таза түркілік этностар және мемлекеттер тұсында бүгінгі қазақ халқы дәстүрлі мәдениетінің, тілінің негізі қалыптасты. Жалпы мәдениетті, әдетте, шартты түрде екіге бөлеміз. Ол материалдық (заттай) және рухани мәдениет. Материалдық мөдениетке ұстап көруге болатын заттық дүниелерді жатқызсақ, рухани мәдениетке көзбен көріп ұстауға келмейтін рухани құндылықтарды жатқызамыз.

Ұлттық материалдық мәдениетте оның дәстүрлі ерекшеліктері анық көрініс табады. Қазақтың дәстүрлі материалдық мәдениетінің ең бір көрнектісі де көнесі — киіз үй.