Сөз формалары, олардың жасалу тәсілдері
Қазақ тілінде сөз формалары, әдетте, лексика-грамматикалық , не лексикалық-семантикалық мағыналарды тудырудың нақтылы тілдік жамылғышы болып келеді. Сөздердің формалары негізінен екі түрлі тәсіл арқылы жасалады: синтетикалық (морфологиялық) және аналитикалық (синтаксистік) тәсіл. Сөз формаларын жасаудың бұл амалдарын зерттеп анықтау, әрине, қазақ тіл білімінде бірден қалыптасып кете қойған жоқ. Кеңес дәуірінің алғашқы кезінде бұлар тек сөз жасаудың морфологиялық тұрғысынан ғана қаралып келсе, бертін келе, атап айтылмағанмен, синтаксистік тәсілдің де ескеріле бастағаны байқалады. Қазақ тіліндегі сез жасаудың синтетикалық (морфологиялық) және аналитикалық (синтаксистік) тәсілдері 50-жылдары практикалық та, теориялық та тұрғыдан әбден қалыптасып орнықты. Сөйтіп кейбір күрделі еңбектерде ол сөз жасаудың тиянақталған негізгі амалдары ретінде ұсыныла бастайды да, жеке ғылыми мақалалық зерттеулер объектісіне көшеді.