"Тамаша ғасыр" телехикаясы / Сүлеймен сұлтан

«Тамаша ғасыр» (түр. Muhteşem Yüzyıl) — Сүлейман сұлтанның кезіндегі Осман Империясы жайлы 2011 жылдан бері көрсетіліп келе жатқан тарихи-эпикалық телехикая.
1348219571_wv2.jpg
Жанр: тарихи, драма
Рөлдерде:
Халит Эргенч (тур. Halit Ergenç)
Мерьем Сахра Узерли (түр. Meryem Sahra Uzerli)
Небахат Чехре (түр. Nebahat Çehre)
Нур Айсан (Феттахоғлы) (түр. Nur Fettahoğlu)
Окан Ялабык (түр. Okan Yalabık)
Сельма Эргеч (түр. Selma Ergeç)
Мехмет Гүнсүр (түр. Mehmet Günsür)
Филиз Ахмет (түр. Filiz Ahmet)
Дениз Чакыр (түр. Deniz Çakir)
Вахиде Гөрдүм (түр. Vahide Gördüm)

Мемлекет: Түркия
Сериялар саны: 103 (?)
Маусым: 3
Продюсер: Тимур Савджы
Режиссер: Ягмур және Дурул Тайлан
Сценариі: Мерал Окай

Сипаттама:
Телехикая ұлы қолбасшысы, реформаторы Сүлеймен сұлтанның Осман имериясын басқару кезіндегі болған оқиғаларға негізделе отырып түсірілген. Сериал сұлтан басқарған кездердегі маңызды деп табылған оқиғалар мен оның славян ұлтынан шыққан күң әйелі Роксаланамен қарым-қатынасы жайлы сыр шертеді. Роксалана кейінде ислам дінін қабылдап, Хюррем деген есімге ие болады. Османдар оны крым татарларының Рогатинге шабуылы кезінде ұстап алады, кейбір деректерде Чемеровецке. Қазір бұл Украинаның батыс жағы. Шамамен 1520 жылдары болашақ кеңесші Ибрагим-паша Роксалананы Сүлеймен сұлтанға сыйлайды. Сұлтанатта өзінің қалауын іске асыру үшін Хюррем оған кедергі болатындардың бәрінің көзін құртып отырады.

Жалпы сериалды анда-санда көзім шалып қалады, жақсы сериал негізі. Түріктердің тарихын танып жатырмыз :mrgreen:
file1828775_poleznoeru-12968.jpg
Мерьем Сахра Узерли (түр. Meryem Sahra Uzerli), 1983 жылы 12 тамызда Германияның Кассель қаласында дүниеге келген. "Тамаша ғасыр" сериалында Хюррем рөлін сомдап, танымал болды.
Отбасында үшінші бала (анасының бірінші отбасынан туылған екі ағасы Денни мен Кристофер және туға сіңлісі — Джанан). Әкесі Хуссейн — түрік, анасы Урсула — неміс.

2000—2003 жылдары Гамбургте Фрезе («Schauspielstudio Frese») драма студиясында актерлік шеберлікке оқыған. Бірнеше театр жобаларында өнер көрсеткен. 2003 пен 2008 жылдар аралығында неміс қысқаметражді фильмдерінде ойнаған. 2011 жылы Юсуф Тимур Савджидің шақыртуымен "Тамаша ғасыр" сериалына түсуге шақырту алады.

2013 жылдың 16 мамырында телехикаяның үшінші маусымының түсіріліп бітуіне аз қалғанда Мерьем Берлинге ұшып, қайта түсірілімге келмей қояды. Актрисаның айтуынша, 100-120 минутқа жалғасатын сериялар оны физикалық та, психикалық тұрғыдан әбден шаршатқанын айтады.

"Тамаша ғасыр" сериалындағы рөлі үшін ол "Үздік актриса" марапатын бірнеше рет алған.
[b:1k8j2var]Мерьем Узерли жеке өмірі жайлы сұхбат берді[/b:1k8j2var]
file1828772_e-hv-gffava.jpg
Көрермендерге сіз Хюррем ханшайым ретінде таныссыз. Алайда оларға сіздің өз өміріңіз де маңызды. Шыққан тегіңіз жайлы айтып беріңізші.

Мен Германияда туылғанмын. Анам - неміс, ал әкем Стамбулдық түрік. Олардың танысу хикаясы өте қызық, бұған осы елге жол тартқан. Менің атам Германияда жұмыс істеген. Кейін Түркияға оралып, үйленген. Кейін төрт ұлды болады, ең үлкені менің әкем. Әкем Европада білім алуды армандап, Германияға келеді. Оған менің анамды танитын інісі қонаққа келеді, кейін әкемді анаммен таныстырады. Анам әкеме ғашық болады. Олар бірге университетті бітіріп, үйленеді, кейін мен туыламын.

Отбасыңызда нешеусіздер?

Төртеу. Менің Денни және Кристофер деген екі ағам және сіңлім бар. Менің кішкентай шақтарым бағы бар үйде өтті. Онда әрдайым көңілді, шулы еді. Біздің мысығымыз, шошқамыз және қоянымыз болатын.

Неміс анаңыз бен түрік әкеңіздің тәрбиесі сізге қалай әсер етті? Олардың қарым-қатынасының ерекшелігі неде еді?

Басынан бастап әкем мен анамның арасында үлкен сенім болды. Олар барлық мәселелерді келісіп шешетін, ортақ мәмілеге келіп отырады. Менің анам - өте мықты әйел, бірақ әкемнің табиғи жұмсақтығы мен сақтықтығы дау-жанжалдың алдын алатын. Бір қарағанда, менің әкем басқа үлгідегі түрік болып көрінуі мүмкін. Бірақ менің ойымша оларды махаббат байланыстырды және жылдар өтсе де махаббаттары ортаймай келеді.

Кішкентай қыз кезіңізді еске түсіріңізші? Сіз қандай бала болдыңыз?

Ұялшақ, ұяң, өз әлемінде өмір сүретін. Менің сіңлім керісінше өте ашық. Оған достары келгенде жарты сағаттан кейін менің мазам қашып "Қашан кетеді? Жалғыз қалғым келеді" деп сұрай бастағанда ол ашуланатын. Бірақ есейе келе жұғымы жоқ, ұяң адам болу дұрыс емес екенін түсіндім, және де бейсаналы түрде әрдайым ел алдында жүруді аңсаған едім.

Актриса боламын деген шешіміңе ата-анаң не деді?

Ата-анамыз бізге бостандық берген, және қандай шешім қабылдасақ та қолдап отырады. Актриса болуымды ең бірінші анам қолдады. Атап өткенімдей, анам өте мықты, керемет әйел! Ол қазір 62-де, карьерасын да жасап үлгерді, керемет ана да болды, қазір де қандай болмасын мәселелермен хабарлассам, ол маған бар ақылын айтады. Анамда бастау алып келе жатқан рак табылған болатын, ол бірнеше ай ауруханада жатып, ерлікпен сол аурумен күресті, 38 киллограммаға дейін арықтап кетті. Дәрігерлер оған бар-жоғы екі ай ғана өмір сүреді деген. Мен де анаммен ауруханада өмір сүрдім, мен үшін оның жанына төсек қойып қойды, түсте сабаққа барып келемін де қайта оған барамын. Осылай бір ғажайып болып, анам емделіп шықты. Анамның ауру мені қатты күйзелтті, тіпті ол жазылып шыққан соң бір жыл лейкемиямен ауыратын балалармен жұмыс істедім.

Бала кезіңізде нені армандадыңыз?

Ол кездері мені үш нәрсе қызықтырды: полиция қызметі, дәрігерлік және актерлік өнер. Кейін мен ойладым, егер актриса болсам, онда үшеуін де қамти алатын боламын деп.

Екі түрлі мәдениетте шырмалып қалғандай сезім болмады ма?

Жоқ, ешқашан. Мен өзімді әрдайым неміс сезінетінмін. Түркияға жазда екі аптаға ғана келіп кететінбіз. Мен Германияда білім алдым, жалпы түр-әлпетім де түрікке онша ұқсамайды. Бірақ түрік әнін естісем, немесе жанымда біреулер түрікше сөйлей бастаса жаным кіретін. Стамбулға көшіп келмейінше, мен оның сырын білмей келіппін. Түрік генім ғой оның бәрі.

"Тамаша ғасырға" қалай тап болдыңыз?

Гамбургтық театрда бірге жұмыс істеген менің бір құрбым бар. Сериал авторларына мен жайлы сол айтқан екен. Олар мені кастингке шақырды. Мен жобаның мән жайын білмей, кастингке келе салдым. Мен өтіп кетемін деп еш ойламадым, өйткені оған дейін түрік жобаларына барғанымда: «Атың түрікше болғанымен, түрің түрікке келмейді. Және де түрік тілін де білмейсің... » деп алмайтын. Бұл жолы да бағымды сынап көрейін дедім. Маған сонда: «Осы жақта бірнеше жыл қалу керек болатын шығар» деді. Дәл сол кезде, қалай қашып кетсем болады екен деп ойлағаным есімде.

Телехикаяға түсуге қалай бел будыңыз?

Кастингтен кейін олар маған хабарласып алатындарын айтты. Мен жобаның басқа да қатысушыларымен кездестім, түсірілім алаңының адамдарымен де. Және олар маған сипаттап берген Хюрремге ғашық болдым. Бір күнде өміріңді өзгертуге бола ма? Мен өзіммен тіс щеткасы, екі джинсы, бірнеше футболка ғана алып келгенмін. Бірақ мен қалдым. Осылай әлі де осында тұрып жатырмын.

Түркияда өмір қалай екен? Өзіңізді үйдегідей сезінесіз бе?

Күн сайын мен осы жерге бауыр басып барамын. Мұнда адамдар эмоциямен өмір сүреді. Германияда ондай жоқ. Мұнда мен өзімнің түрік "менімді" таныдым. Бірақ біраз жалғызсыраймын. Бастапқы апталарда жалғыздықтан жапа шеккенмін. Мұнда ешкімді танымаймын, ештеңе білмеймін. Сериалда бірге жұмыс істейтін адамдардан басқа. Сонымен қатар, мен енді Хюрреммін ғой, мен тіпті дүкенге де бара алмаймын. Біреу-міреу танып қомайтындай далада да жүре алмаймын. Қайда барсам да елдер махаббатын жаудырып жатады. Бұл жақсы екенін білемін, алайда кейде қорқынышты да, жанкүйерлердің де түр-түрі болады.

Мерьем Узерли бос уақытында немен айналысады?

Қатты шаршайды... Демалады. Шаршағаннан дымым құриды. Массаж жасатамын. Ешқайда бармаймын. Жұмыс деген бастан асады. Басында маған сериалдың эпизодтары аударып беріп отырған, кейін өзім оқып, аударатын болдым. Түсінбегенін сұраймын. Бұған да уақыт кетеді.

Бұрынғы жігітіңіз түрік болғаны белгілі. Онымен көп жүрдіңіз бе?

Иә, алты жылға созылды. Ол да Германияда туылған, көп уақыт Стамбулда тұрған, кейін Германияға қайтып оралған. Есімі Озджан. Біз онымен немісше сөйлесетінбіз.

Неге айрылысып кеттіңіздер?

Қарым-қатынасымыз өз шегіне жетті, қазір тіптен хабарласпаймыз. Ол біздің демалысымыздағы суреттерді сатып жібергенін естігенде, мүлде арамызды үздім... Бұл суреттер БАҚ-та небір пікірлермен шығып жатты, өте жаман болды.

Ал кейін ше, сезімін білдіргендер болды ма?

Одан кейін қарым-қатынас құрмадым. Бірақ осы Стамбулда махаббат хикаясы болатын сияқты сезімдемін. Маған оның ұлты, түрі немесе байлығы қызық емес. Ең бастысы сезім болса болғаны.

(с) showbiz.delfi.ua
қазақшаға аударған: Анар Мұстафина
керемет сұхбат)рахмет анар апа
Бiр көргенде-ақ ( өзi бiр рет көрдiм-ау ) «Түр-түсi түрiктерге бергiсiз екен» деп ем, бәсеeee! )
Осы танымалдардың «Басында ұнамады, кеткiм келдi» дейтiндерi ұнамайды, шын солай болса да айтпауға болады деп есептеймiн, сонша биiкке шығып алып, «құдыққа түкiрген» сияқты менiңше :D

Өнерi өрге жүзе берсiн!!! :)
ХЮРРЕМ ОСМАН ИМПЕРИЯСЫ ТАРИХЫНДА ЕҢ КҮШТІ, ӘРІ ЕҢ МЫҚТЫ КҮҢ РЕТІНДЕ ҚАЛДЫ

Айдынгүл ХАВАН,
шығыстанушы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Ежелгі және орта ғасырлар әдебиеті бөлімінің кіші ғылыми қызметкері:


– Сүлеймен сұлтанның сүйікті әйелі болған Хюррем қай елдің, қай ұлттың қызы? Шын аты-жөні кім?
– Тарихқа Осман ­империясы деген атпен енген ұлы империяның оныншы сұлтаны Ұлы I Сүлейменнің (1494-1566) сүйікті жары болған Хюррем туралы тарихи деректерге сүйенсек, оның шын аты-жөні – Анастасия немесе Александра Гавриловна Лисовская (1506-1558). Жалпы, Хюррем сұлтанның шығу тегі туралы жазылған тарихи деректер жоқтың қасы. Тіпті оның гаремге келіп түскенге дейінгі өмірі жайлы нақты мәліметтер де толымды емес. Қолда бар деректердің барлығы да оның славян халықтарының бірінен шыққандығын айтумен шектеледі. Ал оның балалық шағының қалай өткендігі, ата-анасының кімдер екендігі және отбасында қанша ағайынды болғандығы жөнінде толыққанды мәліметтер кездеспейді.
Анастасия немесе ­Александра Гавриловна Лисовскаяның туған жері туралы мұрағатта сақталған деректерге үңілсек, ХVІ ғасырдың ортасында Қырым хандығындағы Ұлы Литовский князьдігінің елшісі болған Михалон Литвин 1548-1551 жылдар аралығында жазған «О нравах татар, литовцев и москвитян» (латынша «De moribus tartarorum, lituanorum et moscorum») атты еңбегінде «Қазіргі түрік императорының ең сүйікті әйелі, өзінен кейін таққа отыратын мұрагер-ұлдың анасы біздің жеріміздің тумасы, ол тұтқын ретінде ұсталып кеткен болатын» депті.
Ал 1621-1622 жылдары Осман сұлтанына Речь Посполитая елшілігінің мүшесі ретінде барған ақын Самуил Твардовский естеліктерінде түріктердің оған Хюрремнің Рогатин қаласындағы (қазіргі Украинаның Ивано-Франковский ауданы) православтық дін қызметшісінің қызы болғандығы туралы айтқандығын еске алады.
Хюрремнің гаремге келіп түскенге дейінгі өмірі жайлы мәліметтер әдебиетте тек ХІХ ғасыр басында ғана көрініс таба бастаған екен. Поль әдебиетінде Хюррем рогатиндік дін қызметшісі Гавриил Лисовскийдің қызы Александра деп суреттелсе, украиндық көркем шығармаларда ол Анастасия болып кездеседі. Михаил Орловскийдің «Роксолана или Анастасия Лисовская» (1882) атты тарихи повесінде Хюрремді Чемеровцы қаласынан (қазіргі Хмельницкий ауданы) шыққан деп жазады.

– Оған Хюррем, Роксолана деген есімдер қалай берілді? Ол Осман империясының гареміне қалай тап болды?
– Иә, Еуропада Хюррем «Роксолана» деген атпен танымал. Бұл ат оған Осман империясында Гамбург елшісі болған Огир Гизелин де Бусбек арқылы берілген. Огир де Бусбек 1589 жылы Парижде латын тілінде жарық көрген «Турецких записок» (латынша «Legationis Turcicae epistolae quatuor IV») атты еңбегінде ХVІ ғасырдың аяғындағы Речь Посполитаяның даңқын сипаттай отырып, Хюрремді қазіргі Батыс Украи­надан шыққандығы негізінде Роксолана деп атаған. Речь Пос­политая ХVІ ғасырдың соңында әлемге әйгілі мемлекеттер қатарынан көрініп, даңқы арта түскен екен, әрі осы аумақты Роксолания деп атаған (роксоландар – б.з.д. ІІ ғасыр мен б.з. 1 мыңжылдығына дейін Солтүстік Қара теңіз бен Дунай өзендері аралығында көшіп-қонып тіршілік еткен ирантілді сармат-алан тайпалары). Қырым татарларының басқыншылығы кезінде қолға түскен Александра (Анастасия) Маниса провинциясында мемлекеттік қызмет атқарып отырған тақ мұрагері – шахзада Сүлейменге сыйға тартылады. Бұл Сүлеймен 25 жасқа толып, хан тағына отырған кез еді. Сүлеймен сұлтанның гареміне түскеннен кейін сұлтан оған Хюррем деген ат береді. «Хюррем» сөзі парсы тілінен аударғанда «көңілді» деген мағынаны білдіреді. Тағы бір деректерде «жүрекке аяулы» деп те айтылады. Тарихшылар Хюрремнің гаремге келген уақытын 1517 жыл және Сүлеймен таққа отырған 1520 жыл деп көрсетеді. Бұл кезде Александра шамамен он бес жаста болғанға ұқсайды.
Хюррем туралы тағы бір аңызда былай делінеді: ­Анастасия (Александра) Лисовская 1522 жылы 16 жасқа толған шағында Рогатин (Львовқа жақын жерде) қалашығында Степан атты жас жауынгер жігіт оған ғашық болып, үйленбекші болады. Жауынгерлер сол кезде ер-азаматтың сарасы болып саналады екен. Себебі Батыс ­Украина жеріне Қырым татарлары жиі-жиі жорық жасап тұрған. Анастасия ақкөңіл, тартымды қыз болып өседі. Өзі қатарлы қыздардан зеректігімен, ақылдылығымен ерекшеленеді. Сол себепті әкесі, дін қызметшісі ­Гавриил Лисовский қызын шіркеу мектебінде дәріс бере алатындай сауатты болып өсуін қалайды. Бірақ, тағдыры басқаша болып шығады.
Некелесу тойы күні Анастасияға бейтаныс бір кәрі әжей келіп, болашақ өмірі туралы, яғни күйеуі жатжерлік болатынын, әрі оған ұланғайыр империяның тағына жол түсіп тұрғандығын айтып береді. Анастасия бұл сөздерден зәресі кете қорқып, ешкімге ештеңе айтпастан теңізге қарай жүгіре жөнеледі. Дәл осы кезде Рогатинге татарлардың кезекті шабуылы басталған еді. Анастасия тұтқынға түсіп, Қырымға құл сататын базарға әкелінеді. Осыдан кейін Анас­тасия ата-анасын да, Степанды да көрмеген екен.

– Тұтқын қыз сұлтанның көзіне қалай түскен? Жалпы, Хюррем қандай адам болған? Оның айлакер, қитұрқы істерді жүргізуге, қарсыласын жолынан тайдыруға шебер болғандығы рас па?
– Гаремге келген аз уақыттың ішінде Хюррем сұлтанның назарын өзіне аударып үлгереді. Алғашында көп күңдердің бірі болған Хюррем өзінің сүйкімділігімен, ақылдылығымен келе-келе империя билеушісінің жүрегін жаулап алады. Сүлеймен сұлтан оның басына азаттық береді.
Хюррем – Осман империя­сы тарихында Сүлеймен сұлтанмен заңды некеге отырған ең бірінші әрі соңғы әйел. Олардың неке тойлары туралы тарихи деректерде кездеспейді. Той шамамен 1534 жылы өткен, нақты айы-күні белгісіз.
Ал Сүлейменнің Хюрремге дейінгі әйелі әрі күңі, шахзада Мұстафаның анасы, албан немесе черкештік Махидевран Сүлеймен сұлтанды Хюррем­нен қызғана бастайды. Махидевран мен Хюрремнің арасындағы қызғаныш жайында венециялық елші Бернардо Навагеро 1533 жылғы жазба есебінде: «Черкештік Махидевран Хюрремді балағаттап, шашынан жұлып, көйлегін жыртып, бет-аузына дақ түсіріп тастайды. Біршама уақыт өткен соң сұлтан Хюрремді жатын бөлмесіне шақырады. Бірақ Хюррем мұндай түрімен әмір иесіне бара алмайтынын жеткізеді. Сұлтан Махидевранды шақырып, Хюрремнің айтқандарының рас екендігіне көз жеткізеді. Махидевран өзінің сұлтанның бірінші әйел екендігін, сол себепті де гаремдегі өзінен кейінгі күңдердің оған бағынуы тиістігін айтады. Сұлтан ашуланып, Хюрремді өзінің сүйікті күңі деп жариялайды» деп жазады. Сұлтанның заңды әйелі дәрежесіне Хюррем 24 жасында жетеді, ол сол кездің өзінде Сүлейменнің бірнеше баласына ана болып үлгерген екен.
Сүлеймен сұлтанның анасы – Валиде сұлтан Хафса Хатун 1534 жылы қайтыс болғаннан кейін, гаремдегі барлық билікті Хюррем өз қолына алады. Соңғы 25 жыл ішінде ол сарайдағы ең күшті тұлғаға айналады. Хюррем өзінен туған ұлдардың бірінің тақ мұрагері болғанын қалады, әрі сол жолда күресті де.
Осы мақсатта ол Сүлеймен сұлтанды Махидевраннан туған тұңғыш перзенті, янычарлар арасында сүйіспеншілікке ие Мұстафаға деген сенімінен айырады. Жастайынан жақсы тәрбие, білім алған Мұстафа 18 жасқа толғанда әкесі ел басқару ісіне үйретпек болады. Сол үшін де тақ мұрагері ретінде оны кезінде өзі басқарған Маниса провинциясына жібереді. Осында ол өзіне қажетті тәжірибе жинақтайды.

Cұхбаттың толық нұсқасын "Аңыз адам" журналының №10(70) Мамыр 2013 жыл нөмірінен оқи аласыздар.