" Серке" газеті

"Серке" газеті -1907 жылы Петерборда татардың "Улфат" атты газетіне қосымша шыққан газет.

«Серке» газеті - 1907 жылы Петерборда татардың «Улфат» (қазақша мағынасы - бірлесу, келісім) атты газстіне қосымша шыққан газет. Ғылыми әдебиеттерде оның бір ғана саны шыққан делінеді. Сірә, ол «Улфаттың» 1907 жылғы №84 санының қосымшасы болса керек. Татар ғалымы И. Рәмидің зерттеуіне қарағанда, жалпы бұл газеттің 87 саны ғана шығып, патша цензурасының күшімен 1907 жылы 9 маусымда жабылып калған. 1906 жылдан бастап шыккан. Редакторы - Ғабдрашид Ибраһимов ныспылы татар қайраткері. Газет мақсаты - ислам дүниесін біріктіру, діни білікті көтеру, оқу-білімді насихаттау, ұлттық автономиялар кұрудың негізін қалау болған. М.Сералин «Айкаптың» алғашқы санында «Серкені» «1907 жылы II Мемлекеттік Думаның мүшесі Шаймерден Қосшығұлдың ыждиһатымен шықты» деп көрсетеді. Зерттеуші М.Әбсемет «Серкенің» 2-саны да шыққан дей келе, осы 6 маусымда шыққан нөміріндегі М.Дулатұлының «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы үшін Антокольск баспаханасынан халыққа тарайын деп тұрған «Улфат» тәркіленген дегенді жазады. Осы тұста бір жайды айта кеткен орынды: Б.Кенжебаев 1958 жылы жарияланған зерттеуінде «Нажат» атты жинақтағы «Серке» 1906 жылы 28 наурызда шықты» деген фактіге сілтеме жасайды. Сірә, бұл деректің дұрыс-бұрыстығын ғалымдар анықтай жатар. Ал, газет атына келсек, серке - қазақ ұғымында жайылымдағы малды бастайтын түлік, Сексек атаның көшбасшы тұқымы. Біздің «көсем» сөзіміз де осымен мағыналас. Бүгінгіше ол - лидер, көшбасшы. Газетке осылай ат беру арқылы ұлт зиялылары саясатқа енді араласа бастаған елге мұрындық болуды көздесе керек.