Тілдік талғам

Тілдік талғам-тілді, сөзді жұмсап үйрену, жаттығу арқылы қалыптасатын қасиет.

Тілдік норма дегеніміз – тілдегі бірізділік, тіл материалдарын нормалау деген сөз, белгілі бір тәртіп, заңдылыққа бағындыру.Тілдік норма тілдің ішкі заңды жүйелері негізінде дамып қалыптасады, олар сұрыпталған, ұтымды орайында, жалпыға бірдей ортақ түрінде жұмсалады. Ол тәртіпті орнататын да, оның иінін қандыратын да әдеби тіл. Тілдің дыбыс жүйесі, сөз байлығы, сөз мағыналары, тілдің грамматикалық құрылысы – бәрі қалыптасқан заңды ерекшеліктерге негізделеді. Халық тілінің сан қабат байлығы басы бір жерге қосылмайтын бытыраңқы құбылыс емес. Олардың бәрінде әдеби тілге негіз боларлықтай заңдылықтар бар. Қазақ әдеби тілі халық тілінен өзіне керегін таңдап-талғап, сұрыптап алып, оларды жалпы жұртқа ортақ етіп, халықтың тіл мәдениеті дәрежесі жоғары болу үшін оларды бірізге түсіреді.

Тілдік норма әдеби тілдің нормасы арқылы реттеліп отырады. Әдеби тіл нормасы өзгермейтін, сірескен қатаң қағидаларға құрылған жүйеге ғана емес, динамикалық қасиетке ие дағдыға да сүйенеді. Мәселен, тілдік жүйе бойынша тізгінде, шылбырла, бұзаула, ботала, т.б. қолданылатын сөздер қатары ара-тұра ауытқуға жол береді. Салыстырыңыз: ат тұсады дегенді ат тұсаулады, қой қоздады дегенді қой қозылады деу тілдік жүйеге кереғар болмағанымен, бірақ дағдыға айналып, дәстүрге енген құбылыс емес. Кейбір сөздерді қолдануда тілдік жүйе мен тілдік дағды қайшы келіп жатады. Қозыла деп қолдану тілдік жүйенің қысымы, әсер-ықпалы екенін байқау қиын емес. Ат ертте дегендегі ерттедіні ерле деп қолдану да соған ұқсас: «Көкем атты ерледі, ерлеп жүріп терледі» (Манашыұлы Тұяқбай). Тілдік жүйе бойынша ерле болуға тиіс (салыстырыңыз: шідер-ле, жыр-ла, түр-ле («текеметке түр басу», т.б.). Кей жағдайда тілдік жүйе мен тілдік дағды айнымас бірлікте болса, кейде өзара қайшылықта болып күреске түседі. Тілдік жүйе бойынша ерле болуға тиіс сөздің ертте болуы жүйеге қарағанда дағдының басым түсуінен деп түсіну керек.