М.Әуезовтің Абайтану іліміндегі еңбегі

М.Әуезовтің Абайтану іліміндегі еңбегі

Абай және Әуезов, Абай тәлімі, Мұхтар Әуезовтің Абайды танып-білуге қосқан үлесі. Мұның өзі екі үлкен сала. Бірі Мұхтар Әуезовтің абайтануға, яғни Абайдың өмірі мен шығармашылығын, оларға қатысты мәселелерді баяндайтын ғылыми еңбектерін, зерттеулері мен мақалаларын талдап бағалау. Екіншісі Мұхтар Әуезовтің көркем шығармаларында Абай бейнесін суреттеуі, оның заманын, өмір жолын, ақындық, ағартушылық, қоғамдық қызметін сипаттап көрсетуі, яғни Мұхтар Әуезовтың Абайға арналған пьесасы, опералық либреттосы, киносцена­рийі, әсіресе төрт томдық «Абай жолы» эпопеясы төңірегінде айтылған, қорытылған ой-пікірлер. Тағы бір өте маңызды қыры бар. Ол Абай шығармашылығының, әдеби мұрасының Әуезовке әсеры қпалы туралы, әсіресе «Абай жолы» роман-эпопеясында Мұхтар Әуезовтың Абай шығармаларын деректік тірек етуіне қатысты айтылатын жайлар. Мәселеге бұдан да кеңірек келсеқ Абай мен Әуезовті қазақ әдебиетіндегі екі дәуірдің, екі ғасырдың (яғни 19 ғасыр мен 20 ғасырдың) аса ірі өкілдері ретінде алып, ұлттық сөз өнеріміздегі дәстүр жапғастығы тұрғысынан қарап, олардың үндестігі мен өзгешелігі қандай екенін байыптаудың өзі осы екі сөз шеберінің өнерпаздық тұлғасын айкынырақ түсінуімізге себін тигізеді. Абай мен Мұхтар Әуезовтің екі заманның перзенті екені рас. Алайда Мұхтар Әуезов өмір сүрген, әдебиетке араласып, шығармашылық ғүмыр кеш­кен дәуірі Абай заманынан тым қашық емес, сипаты, мазмұны мүлде өзгеше заман болса да, мерзімдік жағынан жалғас, өзектес.