Тіл мен когнитология
Тіл мен когнитология
Тілдік бірліктер мен сөз астарындағы танымдық элементтердің адам дүниетанымындағы орнына қатысты мәселе тіл білімінің ғана емес, сонымен бірге философия мен логиканың және психологияның, сондай-ақ когнитология ғылымдарының ең күрделі проблемаларының бірі болып саналады. Мәселенің маңыздылығы – ойлау процесі мен тіл табиғатының, тілдік жүйе мен танымдық элементтердің бір-бірімен өте-мөте күрделі заңдылықтармен орайласуында. Дыбыстық тіл де, абстракт ойлау да – тек адамға ғана тән құбылыстар. Бұл екі құбылыс та адамның екі жақты табиғатына сәйкес әрі әлеуметтік, әрі биологиялық жақтарымен сипатталады, осы екі факторды бірдей қамтиды. Біріншіден, тіл де, ойлау да – адам миының қызметінен туындайды, сәйкесінше соның өнімі болса, екіншіден, тіл де, ойлау да, танымдық жүйе де – әлеуметтік құбылыстар, өйткені оларды өмірге әкелетін адамның өзі – сол қоғамның құраушы бөлігі. Тіл мен таным әрі әлеуметтік, әрі индивидуалды-биологиялық тұрғыда ұштасып, өзара үндесімде, бірлікте болады. Тіл мен танымның жалпы тұтастығы сол бірліктен көрінеді.