Мағжан Жұмабаевтың "Педагогика" оқулығы
Мағжан Жұмабаевтың "Педагогика" оқулығы
Ол жазған “Бастауыш мектепте ана тiлi” (1925), “Сауатты бол” (1926), “Педагогика” (1922) атты оқулықтары педагогика және әдiстеме ғылымдарына қосқан тың үлес болып саналады. М.Жұмабаев орыс, батыс педагог-психолог ғалымдар еңбектерiн оқи отырып, сонымен бiрге тәрбиенiң ұлттық ерекшелiктерiн ескере өзiнiң “Педагогика” атты оқулығын жазудағы ұстанымын былайша сипаттайды: “Тәрбие ғалымдарының пiкiрлерiн (орыс, батыс ғалымдарын айтып отыр – С.Қ.) таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ жанына қабыстыруға тырыстым… Бiзде бұрын пән тiлi болмағандықтан түрлi терминдерге тап басқанда қазақша сөз табу көп күшке тидi. Қалайда курстарда оқыған мұғалiмдердiң жәрдемiмен таза орыс сөздерi қазақшаға айналдырылды. Ал ендi жиһан тiлi (интернацианалдық терминдер – С.Қ.) болып кеткен сөздерi қазақшаға аударам деп азаптануды тиiс таппадым”. Шынында да ол кезде қазақша педагогикалық терминдар жоқтың қасы едi. М.Жұмабаев жүздеген педагогикалық жаңа терминдердi ойлап тауып, тiлiмiзге енгiзген. Оқу құралының бiрiншi бөлiмiнде педагогиканың жалпы мәселесiне арналған. Оның пiкiрiнше тәрбие саласы төртке бөлiнедi. Олар: дене, жан, ақыл тәрбиесi, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесi.