М. Дулатов мақалалары

Міржақып Дулатов мақалалардың негізгі тақырыптары Қазақстанның отарлануы, шаруашылық, жер мәселесі, 1916 жыл оқиғасы, тарихи тұлғалар - әдебиет, театр, баспасөз, оқулық жасау, халықаралық жағдай, ұлттық мінез сипаттары секілді толып жатқан салаларды қамтиды.Тіршіліктің шешуші тұтқасы, адам баласы байлығының кіндігі – жер мәселесін Әлихан Бөкейхановтан бастап алаштың көзі қарақты қайраткерлері ерекше көңіл бөліп, көптеген еңбектер, зерттеулер, мақалалар жазған. Бұлардың бел ортасында Міржақып Дулатов тұр. “Біздің мақсатымыз” (“Серке”, 1907) мақаласында қазақ халқының Ресейге тәуелділігі, отарлық тепкідегі ел екендігі, атадан мұра боп келе жатқан әдет-ғұрыптың, тұрмыс-салттың, мұсылман дінінің қудалануы, орыстандыру, шоқындыру әрекеттерінің өршуі, шұрайлы жерлердің тартып алынып, олардың байлар, дворяндар, помещиктер, генералдар меншігіне айналуы, бұларға қарсылық жасағандардың қуғын-сүргінге түсіп, абақтыға қамалып, түрмелерде отырғаны ашық айтылады. Патша өкіметінің отаршылдық саясатын қаймықпай айыптаған осы мақала үшін “Серке” газеті тәркіленді орыс тілінде жазылып, латынша ат қойылған “Апат төнгелі тұр” (“Сибирские вопросы”, 1910) мақаласында патша өкіметінің шет аймақтарға бөлінген азды-көпті қаржысының шаруаға бір тиыны да бұйырмай, шенеуніктер жемсауында кете баратыны өз әрекеті әлсіз, сырт көмектен құр-алақан қалған елуге төніп келе жатқан жұт деген айдаһар туралы аттан салған дауыс бар.