«Ер Сайын», «23 жоқтау» кітаптары

Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруда Байтұрсынұлы зор еңбек сіңірді. Әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі деп оның «Қазақ» газетінің 1913 жылғы үш санында шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласын атауға болады. Онда қазақ халқының рухани өмірінде Абайдың аса ірі тұлға екені, өмірбаяны, шығармаларының мазмұн тереңдігі, ақындық шеберлігі, поэтикасы, орыс әдебиеттерімен байланысы туралы ойлы пікірлер айтылған, ақын мұрасының эстетикалық қадір-қасиеттері ашылған.Қазақтың эпостық жыры «Ер Сайында» алғы сөз бен түсініктемелер жазып, оны 1923 ж. Москвада шығарды. Қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап, 1926 ж. «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялады. Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі — «Әдебиет танытқыш» (1926).Мұнда көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер, тұжырымдар сөз болды.Бұл еңбегінде Байтұрсынұлы ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің әлеуметтік, қоғамдық мән-маңызын ашудан гөрі адамгершілік, эстетикалық әсемдік әуенін талдауға көбірек көңіл бөлген.Сондай-ақ мұнда жазба әдебиеттегі ағымдар, әдістер туралы ой-түйіндер айтылған.