Мұхаметжан Сералиннің "Топжарған" поэмасы

1900 жылы алғашқы жарияланған «Топжарған» поэмасы қазақ әдебиетіндегі тарихи шығармалар қатарына жатады. Поэмада ХІХ ғасырдың 30-40- жылдарындағы қазақ өмірі, Кенесары, Наурызбай бастаған қозғалыс бейнеленген. М. Сералиннің мұраларына баға беруде кеңестік иделогияның талаптарын басшылыққа алынғанын да айтпай кетуге болмайды. Мысалы, Ә. Дербісалиннің еңбегінде М. Сералиннің «Топжарған» поэмасы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысты, осы қозғалыстың жетекшісі Кенесары ханды және Наурызбай батырды сынға алған шығарма ретінде бағаланған. М. Сералиннің аталмыш шығармасына мұндай баға беруге 1947 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының өрескел саяси қателері туралы» қаулысынан кейін басталған ұлт зиялыларын, ғалымдарды «ұлтшылдар» деп қуғындау науқаны және 1950 жылы қазақстандық бір топ тарихшылардың «Правда газетіндегі Е.Бекмахановты «ұлтшыл» деп айыптаған мақаласы, көп ұзамай Е. Бекмахановтың қуғындалуы әсер еткен еді.Еліміздегі әдебиетші ғалымдардың ізденістері М. Сералиннің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін онан әрі зерттеуге тың серпін берді. Бұл ретте   С.З. Зиманов пен К.З. Ыдырысовтың зерттеу жұмысын ерекше айтуға болады. Аталмыш ғалымдар 1989 жылы М. Сералиннің қоғамдық-саяси көзқарасын зерттеуге арналған еңбекті жариялады. С.З. Зиманов пен К.З. Ыдырысовтың еңбегінде М. Сералиннің көзқарасының қылыптасуы мәселесі, «Айқап» журналын шығарудағы еңбегі, ағартушылық бағыттағы жұмыстары, кеңестік билікті орнатуға қатысты арнайы қарастырылды. Ғалымдардың еңбегінде кең көлемдегі деректердің тартылуы да бірден көзге ұрады. Сондай-ақ еңбектен маркстік-лениндік методология ұстанымы басшылыққа алынғаны да байқалады. Дегенмен бұл еңбек М. Сералиннің қоғамдық-саяси қызметінің өзге де зерттелмей жатқан тұстарына назар аудартуда елеулі рөл атқарады деп айтуға болады.