Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мақалалары?
Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің қысқа ғұмырында халқына мол әдеби мұра қалдырып кетті. Ол әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек еткен талантты қаламгер еді. Оның қаламынан жүзден астам өлең, бес-алты поэма, екі роман, он шақты мақала туды.
Сұлтанмахмұт шығармаларының тақырыбы — өз заманының шынайы көріністері, қазақ халқының сол бір аласапыран кездегі тұрмысы, ой-арманы. Ол өмір шындығын Абай үлгісінде бейнеледі. Сыншыл көзбен қарады. Өйткені өмірді жақсарту мен адамды түзеу, ең алдымен, ондағы кемшіліктерді әшкерелеп, сын тұрғысынан бағалап, одан арылудың жолын іздеуден басталады.
Сұлтанмахмұттың лирикалық өлеңдерінің сипаты әр алуан. Оларда өмір тауқыметінен шаршаған ақынның қайғы-мұңы да, өкініш-наласы да, халықтың басындағы ауыр халге жүрегі сыздаған аяныш пен жанашырлық сезім де, болашаққа сенген, сол үшін күрескен азаматтық перзенттік патриотизмі де бар. Бірақ ақын өлеңдеріндегі мұң-зар жігерсіз, жасық қайғы емес. Ақын алдағы өміріне зор үмітпен қарайды.
1913 жылдың күзінде Троицкіге оралып, осында шығатын "Айқап" журналына қызметке орналасады. Бұл Сұлтанмахмұттың шығармашылық жолындағы аса абысты кезең болды. Шабыты толысқан ол әр түрлі жанрда көптеген шығармаларын жазады. Атап айтқанда, "Қамар сұлу" романы, "Өлең және айтушылары", "Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан", "Қазақ ішінде оқу оқыту жайы қалай?",«Әлиханның Семейге келуі». деген тәрізді мақалалары, бірсыпыра өлеңдері осы "Айқап" редакциясында қызмет істеп жүрген уакытында дүниеге келеді. Осында жүріп "Тентектің жинаған шоқпары", "Тамшы" атты жинақтарын әзірлейді. Өкінішке орай, бұл кітаптары жоғалып кетеді.