Б.Күлеевтің негізгі шығармашылық өрісі - лирика жанры
Б.Күлеевтің негізгі шығармашылық өрісі - лирика жанры. Ол махаббат көңіл-күй лирикаларын көп жырлаған ақын.Тіпті ақынның екі-үш поэмасының өзі оқиғалы сюжетке құрмай, бірыңғай лирикалық толғаныстарға құрған. Сондықтан да Бернияздың ақындық қуаты мен шығармашылығының қайнар көздері лирика жанрының төңірегінен табылмақ. 1916 жыл! Қайшылыққа толы, сол бір талайды әрі итеріп, бері шыққан уақытта ол небәрі 19-ақ жаста екен. Бірақ бұл да - болмысынан сезімтал жүректі, сергек ойлы айрықша талант иесі үшін аса бір ауыз ашып, көз жұмарлық аз ғүмыр емес-ау. Керісінше, қоршаған ортаның ағы мен қарасы туралы толғаныс иіріміне түсіп, сезгенін көргісі, көргенін танығысы келетін соншалықты бір тынымсыз, соншалықты бір мазасыз шақ осы ма деп қаласың... («Ойдағым», «Қыздың мінәжәті», «Қазақ қызы»). Туғаннан екі аяғымен тік тұра қалған тірі пендені кездестіргеніміз жоқ. Мұндайда тәй-тәй басып барып сұғұну де, сонысы үшін іштей қиналып «бүліну де» («Зарлық», «Өзіме») заңды құбылыс. Адамзаттың пешенесіне табиғат-ана о бастан-ақ жазып қойған осынау қалыптасу кезеңінен ол да аттап өте алмаған. Бірақ өзіндік бір ерекшелігі -жетістігі де, кемшілігі де сол - түбі қалай болар екен деп салмақтап, артын ойламастан, айналасынан алған әсерін албырт көңілмен қағаз бетіне түсіре берген, түсіре берген... Бернияз жеті шумақ өлеңін «Ойдағым» деп атап, ой деген сөзді жандандырып, тірі құбылыс, құбылмалы мінез «бітіріп», қуса жеткізбейтін жүйрік ретінде бейнелейді. Жүйрік ой адам көңіл-күйіне қалай әсер ететінін шебер суреттеп өрнектеген. Ойланғандары орындалса «жетсем, жаным көрсін деп рахатын», «жете алмаса, қалуға жолда солып»- биік армандар мен қатерлі күдіктер арпалысқан, толғаныстар мен буырқаныстар аясындағы тынышсыз, саналы жас бейнесі байқалады. Саналы жастың ойы, көзқарасы ең алдымен өзін танудан, адамды танудан бастау алып, өмірдегі олардың орны мен мәні туралы толғаныстармен астасып жатады. Ақынның «Апама хат» атты өлеңі сол кездегі яғни 1916 жылдардағы қазақ қалпын, олардың өз еркіндігінен айрылып, тұтқында жатқандай халде екендігін жырлап, халқына жаны ашитындығын айта отырып, «Қамыққанда туған жерді сағынып», «Тырс-тырс тамып кететін-ді ыстық жас» деп сағынышымен мүңын хат ретінде жолдайды.