Тайыр Жомартбайұлының «Қыз көрелік» романы.

Тайыр Жомартбайұлының «Қыз көрелік» романы. «Қыз көрелік» романы да 1912 жылдан кейін, жетпіс екі жыл бойы жарық көрмей келіп, тек 1982 жылы жоғарыда аталған «20 ғасыр басындағы қазақ ақындары» кітабында жарияланды. 
Т. Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романы – құрылымдық ерекшеліктері мен көркемдік бейнелеу құралдары, тақырыптық-идеялық мазмұны жақтарынан соны шығарма. 
Қысқасы дәстүрлі тақырыптан жаңа проблематика қозғаған «Қыз көрелік» романы – қазақ қыздарының бас бостандығы туралы күрделі жанрда жазылған көлемді шығармалардың бірі. 
Автор 20 ғасырдың басында көп қозғала бастаған тақырыптың өзіне дейін әңгіме болмаған жаңа қырынан келген. Әдетте, бұл тақырып қыздардың қалың малға, ескі әдет-ғұрыпқа қарсылығы, күресімен қабаттаса баяндалады. «Қыз көрелік» романында осы тақырып проблематикасы мүлде басқа: енді қыз таңдап жүрген мырзаларды қыздың өзі таңдауы керек. 
Жаңа идеяның өзі, әрине, жаңа пішінді талап етеді. Автор осы идеяны шартты реалистік мазмұнға көшіріп, көркем бейнелеуге тырысқан. 
«Қыз көрелік» туралы пікір айтушыларды біраз ойға қалдыратын мәселе ағартушы-демократтық идеясы айқын шығармада ертегі фабуласының пайдаланылуы. Көлемді шығармада шағын ертегіні мақсатты қолдану арқылы шығарма идеясын, авторлық ойды, көркемдікті күшейтуге қол жеткізген. 
Қазақ қыздарының өздеріне жар таңдауы, сүйгеніне қосылуы тарихта болмаған іс емес, алайда Т. Жомартбаев романында мүлде шартты шешімге барады. 
Автор баяндауында ойнақылық, юмор, ирония басым.