Әріп Тәңірбергенұлы шығармашылығы
Мұхамедғарып Тәңірбергенұлы Әріп (1856, қазіргі Шығыс Қазақстан облысында туған) — ақын. Абайдың талантты шәкірттерінің бірі. Өлеңді қолма-қол суырып салып айтуға шебер, айтыс өнерінің өрен жүйрігі болды. Оның Сәдір, Қуанышбай, Қаумет, Боранбай ақындармен, Көкбай, Әсет сияқты Абайдың талантты шәкірттерімен айтыстары белгілі. Әріп шығыстың ғажайып оқиғалы ертегілік сюжетіне құрылған бірнеше дастан жазған. Оның алғашқысы “Зияда-Шаїмұрат” дастаны 1884 жылы жазылып, 1890, 1892, 1893, 1896, 1909, 1912 жылдары немере туысы Жақып Байжігітұлының атынан Қазан қаласында баспадан шыққан. “Қисса-и Бәїрам” дастаны 1908, 1912 жылдары жарық көрді. Осы шығармалары және “Қожа Ғапон” “Нұрғызарун”, “Таїир” дастандары — махаббат тақырыбына арналған қисса үлгісіндегі туындылар. Әріп сонымен бірге, ислам дінін жақсы біліп, мұсылмандық әдет-ғұрыптарды зерттеген. Әріптің қиссашылдығын айыптаған Абайдың әділ сынынан кейін ол өз кезінің әлеуметтік өмір шындығын жырлауға бет бұрып, қарапайым халық жоқшысы болды. Өлеңдерінің тақырып аясы кеңейіп, ғылым, білім, еңбек туралы шабыттана жырлап, сараң байлар мен жебір би-болыстарды, өтірікші-өсекшілерді, халық есебінен күн көруші пайдакүнем алаяқтарды сын тезіне алды. Көптеген өлеңдерінде қалың мал сияқты ескі әдет-ғұрыпты әшкерелеп, әйел теңдігі мәселесін батыл көтерді, өнер-ғылымды насихаттап, жастарды білім алуға шақырды. Әріп өз шығармашылығында Абайдың дәстүрін ілгері жалғастыра білді. Қапалда қызметте болған кезінде атақты ақын қыз Сарамен танысып, ғашықтық жырларын арнады. Біржан — Сара айтысын көркемдік жағынан қайта өңдеп, хатқа түсірді, баспаға ұсынып, мәңгілік мұра етіп қалдыруда көп еңбек сіңірді. Әріп 1913 жжылы айтыс түріндегі “Тәуке-Ұрқия” дастанын жазды. А.С. Пушкиннің “Евгений Онегин” романын еркін аударма үлгісінде өлеңмен қазақ тіліне аударды.