С. Дөнентайұлының өлеңдерінің жанрлық сипаты
Cәбит Дөнентаев - сатира жанрында айрықша тұлғаланған талант. Қазақ әдебиетіндегі фельетон, сықақ, әзіл - қалжың, мысал жанрының дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Ақынның балаларға арнаған өлеңдерін екі бағытта қарастыруға болады. Оның бірі - тікелей балалар әдебиетіне жататын туындылар болса, екінші бір тобында бала көзқарасымен қарай отырып, үлкен әлеуметтік мәселе көтереді. Осы орайда «Балалық», «Балалықты сағыну», «Ұры мен баласы» сынды өлеңдерін атап өтуге болады
Татар классигі Ғабдолла Тоқайдан аударған. «Рамазан айында» деген сатиралық өлеңі мен «Калила мен Дамнадан» тәржіма жасаған «Бір көлдегі үш балық», «Бит пен бүрге» мысалдары еркін аударманың озық үлгісіне жатады. Сондай - ақ «Ібілістің шайтандарына айтатыны», «Ауырған арыстан», «Көзі тоймайтын ит», «Екі теке», «Көк төбетке», «Сұңқар мен қарғалар», «Бозторғай», «У жеген қасқырға» тағы да басқа туындылары мысал жанрына кеп құйылған қомақты үлес. Ақын мысал өлеңдерінде жан - жануарларды мысал етіп алады да, солардың іс - әрекеті арқылы қоғамдағы ашкөздік, аярлық, жағымпаздық, қаскөйлік, жалқаулық, парақорлық сияқты жағымсыз қасиеттерді өткір сынға алып, халықты еңбекке, бірлікке шақырады Сәбит Дөнентаевтың публицистикалық мақалаларында негізінен ел тұрмысындағы өзгерістер, адам психологиясындағы жаңалық, әлеуметтік теңсіздік және өнер тақырыбы, кедейлердің қатарға қосылуы, уақыт, заман туралы толғаныс тағы басқа мәселелер сөз болды.