«Рустем Зораб(Дастан)» поэмасы
1934 жылы «Шығыстың жарық жұлдызы» атанған Фирдоусидің туғанына мың жыл толған мерекесі әлемнің көптеген елдерінде атап өтіліп, мәңгі өлмес шығармасы «Шаһнама» (патшалар өмірі жайлы жыр) әр халықтың тілдеріне жаппай аударыла бастайды. Өз кезінде «Шаһнаманы» Шығыстың «Илиадасы» деп те атағандар болған. Бірақ шын мәнісінде «Шаһнама» «Илиада» секілді туындыдан сегіз есе көп келетін теңдессіз эпопея-дастан. Сол бір дүбірлі мереке аталып өтіп жатқан 1934 жылы Алматыда Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезі, одан соң дәл сол жылы көркемөнерпаздардың республикалық І слеті өткізіліп, оған Оңтүстік Қазақстан облысынан Тұрмағамбет Ізтілеуов те қатысады. Осы барған сапарында Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Мирзоянмен, Оқу Халық комиссары Т.Жүргеновпен жүздесіп, олармен келелі әңгімелер қозғалады. Сөз түйініне тоқтар кезде Темірбек Жүргенов Тұрмағамбеттен: «Шаһнаманы» аудара алар ма едіңіз?» – деп сұрайды. Сонда Тұрмағамбет: «Ол дастанның түркішесін де, шағатайшасын да, тіпті парсышасы мен арабшасын да оқығанмын. Көптеген жерін жатқа да білемін. Оны аудармай несі бар», – дейді сенімді түрде.
Арқалы ақын Темірбек Жүргеновке осы кесімді сөзін айтқан соң, былай деп өлеңдете жөнеледі:
«Тәуекел! Орын тап та, тапсырып көр,
Алармын әрқалайда иілдіріп.
Қалайша қиял шіркін қашар екен,
Отырсаң жоғарыға киімді іліп.
Баяғы балалықтың базарында,
Өлеңді отырушы ем үйілдіріп.
Ойламай оның жолын қартайған соң,
Тастап ем зейінімді түйілдіріп.
Қалайда бәйге алып бере алмайды,
Жүйрікті жаратпастан күйін біліп.
«Ишарат – ақылы барға», деген нақыл,
Ал қойдым осы араға тыйылдырып».
Сол әңгіме үстінде бірге болған ақын Өтебай Тұрманжанов өз естелігінде былай деп жазады: «Шаһнаманы» бітіргеннен кейін оны редакциялауды маған тапсырған еді. Ең алдымен қолжазбаны бастан-аяқ оқып шықтым. Ақындық шабыттан туған әдемі жырлар жазылған беттерге қалам да тигізбедім».