Сұлтанмахмұт поэзиясы- өз дәуірінің шындығы
Сұлтанмахмұт поэзиясының басым бөлігі лирикалық өлеңдер болып келеді. Оның поэзиялық мұрасында саяси-әлеуметтік лирика да, махаббат, табиғат, көңіл-күй лирикасы үлгілері де мол кездеседі. Әрине, заман мәселелеріне көбірек көңіл аударған ақынның әсіресе саяси-әлеуметтік лирикаға жиірек қайырылғаны байқалады. Халықтың басындағы халді ақын өз басының жай-күйі арқылы жеткізуге ұмтылады. "Ендігі беталыс", "Шәкірт ойы", "Бір адамға", "Оқьш жүрген жастарға", "Осы да әділдік пе?", "Сарыарқаның жаңбыры", "Жас жүрек", "Кезек қашан келеді?", "Анау-мынау" тәрізді көптеген өлеңдерінде Сұлтанмахмұт осы тақырыпты мейлінше ашық көтереді. Бұл шығармаларының қай-қайсысында да ақын бойындағы ерекше жігер, жастық қайрат, неге де болса жетсем деген қуатты құлшыныс байқалады. "Шәкірт ойы". Ақынның әйгілі "Бір адамға" деген шығармасында заман шындығы белгілі бір сюжет негізінде барынша әшкереленеді. Заманның осы тәрізді ақиқатың арқау еткен ақынның шыншыл әрі сыншыл шығармаларының бірқатары әр кезеңде әр түрлі бағаланып келді. Сондай өлеңдердің бірі — "Сарыарқаның жаңбыры". Өлең белгілі бір сюжетке құрылған.Сарыарқаның сары даласына жаңбыр тамбағалы көп болған. Тілдері ауыздарына сыймай шөлдеген жан-жануар, тақырға айналып, қураған дала, қиындықтан әбден қажыған, садақа беріп, құдайдан жауын сұраған халық Ақыр аяғында дала төсіне нөсерлете жаңбыр жауады. Сай-сайда бұлақтар сылдырай ағып, табиғат көркі әп-сәтте құлпырып шыға келеді.