- Негізгі бет
- Психология
- Ым-ишара тілі: "Адамдарды...
Ым-ишара тілі: "Адамдарды сөзсіз түсіну"
Айшылық жерге бірнеше сағатта жетіп, қажет болса аспандағы айға қолымыз жетіп жатқан заманда жауабы әлі де табылмаған сұрақтардың бар екені өкінішті. Әлемнің үзік сырларын зерттеп жүрсек те, жанымызда қуанышымызды бірге бөлісіп жүрген адамдарымызды танымай жатамыз. Немесе әр адамның өзіне ғана тән жеке болмысын ескере алмауымыздан әңгімеміз басталмай жатып аяқталады. Олай болса кезекті материалымызды адамдарды сырттай бақылап, сөзсіз тануға мүмкіндік беретін ым-ишара тіліне арнаймыз.
1. Физикалық арақашықтыққа мән беріңіз
Адам бізге жақын тұрған сайын, соншалықты көзқарасы да оң. Егер біздің келе жатқанымызды көре салысымен артқа қарай шегінсе, бізбен тығыз қарым-қатынаста болуға дайын еместігі. Бір орында тұру беру арқылы ешқандай да қарсылығы жоқ екенін білдіреді. Ал егер сіздің өзіне қарай келе жатқанын байқап қарсы алдыңыздан шықса, сізбен барынша жайлылықты сезінетіндігі.
Осы ым-ишара белгілері әр мемлекетте түрліше талданатындығын ескеріңіз. Мәдениетіне сәйкес бір белгіні әр халық өздігінше түсінеді.
2. Әңгімелесушіңіздің басын қалай ұстайтынына мән беріңіз
- Әдетте басын ию арқылы жанашырлық сезімін немесе қайғыңызға ортақ екендігін білдіреді. Ал егер басын июмен қатар күлімсіресе, сізге көңілі ауып (флирт) тұрғандығы;
- Төмен қарап отыратын адамдар жасырын болғанды жақсы көреді. Басын төмен салып отырған адамды бақылап көріңізші. Немесе қошемет сөзді ести салысымен төмен қарайтын адамдар ұялшақ, көп ойланатын, сенімсіздік танытатын жандар;
- Бұдан өзге айтып тұрған сөздері толығымен шын екенін білмеген кезде басын төмен салбыратады;
- Кейбір елдерде бұл мәдениеттіліктің белгісі;
- Ал басын тым жоғары көтеретін адамдар тәкаппар келеді. Мұнымен қатар бетіндегі өзге де белгілерді анықтауға тырысыңыз.
3. Көзіне қараңыз
- Өтірік айтып немесе алаңдап тұрған адамдар әдетте жан-жағына жалтақтап қарай береді. Бұлар өзгелерге сенімсіздік танытқан кезде жүздерінде сұрақтың ізі пайда болады;
- Ұялшақ, тұйық адамдар еденге қарап тұрады. Бұдан өзге көңіл-күйлері болмай тұрған адамдар еденге қарайды;
- Кейбір елдердің мәдениетінде адамның көзіне тік қарау мәдениетсіздік болып есептеледі. Олардың ойынша, тек жақындарымыз бен туысқандарымыздың көзіне тік қарай аламыз;
- Көз қарашығының ұлғаюы қызығушылықты білдіреді. Ішімдік, амфетамин, есірткі сынды заттар да көздің қарашығын ұлғайтады;
- Адам тыңдамаған кезде немесе қалың ой үстінде болғанда алысқа қарайды.
4. Қолдарын бақылаңыз
- Қоғамның ықпалынан сақтанғысы келген адамдар екі қолын кеудесіне айқастырып тұрады. Кейде өзіне сенімсіз, ұялшақ немесе осылай тұруды әдетке айналдырып алған адамдар қолдарын айқастырады. Жәй ғана көйлегінің кірлеп қалған жерін жасырып тұруы да ғажап емес.
- Табиғатынан күш-жігері мықты, билеп-төстеуді жақсы көретін адамдар арқасын кеңге салып отырып аяғы мен қолын айқастырады;
- Қазіргі болып жатқан оқиғалар ұнамаған кезде алақандарын бір-біріне сүйкеп, үсті-басын түртпектей бастайды;
- Өзін жақсы сезінсе немесе айтылып жатқан мәселемен толықтай келісіп отырған адам екі қолын мойын тұсына қойып шалқайып отырады;
- Ал бір нәрсені күтуден жалыққан, шаршаған адам екі қолын беліне таянып тұрады;
- Ашуланып, тіпті төбелесіп кетуге дайын тұратын адам жұдырықтарын түйіп тұрады.
5. Қызбалыққа салынатын адамдардың бойынан табылатын белгілер
- Адам шашын саусақтарымен екі жағдайда тарайды. Біріншісі – сіз оған ұнаған кезде, екіншісі – сіздің айтып тұрған сөздеріңізбен келіспеген жағдайда. Ол мұны еш уақытта мойындамауы да мүмкін. Бірақ мұнымен қатар қасы көтеріліп тұрса, екінші жағдайға қатысты айтылған болжамдар толықтай расталады;
- Мұрнын тыржитып, көзілдірігін қайта-қайта түзеу арқылы адамдар айтылып жатқан пікірлермен келіспейтіндігін білдіреді. Оның көзілдірігін жай ғана түзеп жатпағандығына көз жеткізіңіз. Бұл белгі бірнеше рет қайталануы тиіс. Мұнымен қатар әңгімелесушіміз мұрнын тыржитып, қасын көтерсе, болжамымыз расталады. (Адам көзі нашар көрген кезде мұрнын тыржитып, ал көзілдірігінің өлшемі дұрыс болмаған кезде оны қайта-қайта түзете беруі мүмкін. Белгілерді талдағанда мұқият болыңыз);
6. Аяғын бақылап көріңіз
- Бір нәрсеге қызығып, асығып, жүйкесі тозып, шыдамсыздық танытатын адамдар аяқтарымен қайта-қайта жерді тықылдатады;
- Бұл тықылдатудың мағынасы тікелей жағдаятқа байланысты. Мысалы, әңгімелесу кезінде жерді аяғымен тықылдататын жандар ол жерден кеткісі келіп тұрады;
- Аяқтың ақырын қозғалуы - зерігу;
- Ережені құрметтейтін адамдар тұрған кезде екі аяғының ортасын біріктіруге тырысады. Бұл бағыныштылық пен әрекетсіздікті білдіреді;
- Кейбір адамдар барғысы келіп тұрған бағытын немесе қызығып тұрған объектісін аяғымен нұсқайды.
Қосымша кеңестер:
1. Әр адамның өзіне ғана тән ым-ишара тілі бар болуы мүмкін.
2. Ең алдымен өзгелерді емес, өзіңізді бақылап көріңіз.
3. Өзіне сенімді адамды байқамау мүмкін емес. Олар бойын тік ұстап, отырып тұрған кезде де сенімді қимылдар жасайды. Адамның көзіне тік қарайды. Және бір отбасының адамдары мен ғашық жандар бір-бірінің көзіне тік қарайды.
4. Ұялшақ адамдар көзге тік қарамайды.
5. Егер әңгіме барысында адам сізге еңкейіңкіреп тұрса, сөзіңіздің жалғаса бергенін қалағаны.
6. Адамдарды білдірмей бақылаңыз.
7. Адамның жүзіне қараңыз. Көз бен бет-әлпетінің өзгерісінен көп мәлімет алуға болады.
8. Шыдамсыз және бір нәрсені уайымдап отырған адамдар үстелдің үстін тықылдатады, еріндері аз дірілдейді.
9. Күйзеліп, алаңдап жүрген адамдар ашық тұрған көздерін саусақтарымен көлегейлей береді. (Кейде линзалары кеуіп кеткен кезде осы әрекетті жасайды).
Ал сізге осы әрекеттердің қайсысы таныс?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: nr2.ru
Қ. Бүйенбай