Ым-ишара тілі: Өтірікшілерді бірге әшкерелейік

Ым-ишара тілі: Өтірікшілерді бірге әшкерелейік

Өтірік айтатын адамдардың қандай қимыл-қозғалыстар жасайтынын білесіз бе? Мамандар, бұл қимылдардың бетке қол тигізумен байланысты екендігін айтады. Бүгінгі мақаламызда олардың әрқайсысына тоқталып өтейік:

1. Мұрынды сипау

Өтірік айтып тұрған адам мұрынды бірнеше әдіспен сипауы мүмкін. Мұнымен қатар, бұл әрекет жылдам іске асып отырады. Бүгіндері өтірікшінің қолдарымен аузын жабуға тырысатындығын барлығы да біледі. Алайда көп жағдайда аузын жапқан кезде сөйлей алмай қалатындығын ескеріп, қолдарын жылдам қозғалыспен мұрнына тигізеді.

2. Киімнің жағасын  ұстау

Ғалымдардың анықтауынша, өтірік сөз мойын мен беттің нәзік терілерін жыбырлатады. Осы жағымсыз жыбырдан арылу үшін теріні қолмен сипау қажет. Сөйлеп тұрған кезде жағасын ұстайтын адамдардың әрекетін осылайша түсіндіреді. Әдетте адамдар өздерінің өтіріктері әшкереленіп қалғандығын сезген кезде де осылай жасайды.

3. Көздің айналасын сипау

Бұл қимыл айтылып жатқан өтірікті тыңдап отырған адамнан ұялған кезде қолданылады. Яғни көзіне тік қараудан жалтару, жасырынып қалуға тырысу.

4. Мойынды қасыну

Өзіне күдіктеніп, сенімсіз болып тұрған адам оң қолының сұқ саусағымен құлағының артқы бөлігін қасиды. Бұл өтірік айтумен қатар өз сөзіне деген қарсылықты білдіреді. Мысалы, екінші бір адамның сөзін тыңдап тұрған кезде осы әрекет жасалып, «Мен сізді өте жақсы түсінемін» сынды сөздер айтылса, бұл оның мүлдем түсінбей тұрғандығын білдіреді.

5. Саусақтарды ауызға салу

Адам бір нәрсені қатты уайымдаған кезде саусақтарын аузына салады. Бұл сәби кезіндегі анасының сүтін ішіп, уайымсыз, қайғысыз күндерге оралғысы келетіндігін білдіреді. Кішкентай бала аузына саусақтарын салса, ересек адамдар темекі, қалам секілді заттарды қолданады. Бұл өзін қолдайтын адамдарға зәру болып жүргендігін көрсетеді. Сол себепті дәл осы әрекеттерді жасап отырған адамдарға қолдау көрсетіп, мақұлдап отырған жөн.

6. Құлақ үстін сипау

Бұл қозғалыс ата-анасын тыңдағысы келмеген баланың әрекетіне ұқсас. Өзіне қарсы айтылған сөздерді тыңдамау үшін құлақты жауып алғанмен бірдей. Осылайша, ересек адам өзіне айтылған сөздерді тыңдағысы келмеген жағдайда жәй ғана құлағының үстін сипайды. Бұдан өзге құлағының сырғалығын ұстап тұрған адам әңгімелесушінің сөздеріне қанық болғандығын, ендігі өз ойын білдіргісі келетіндігін білдіреді.

7. Қолмен ауызды қалқалау

Адам айтар сөздерін жасырып қалуға тырысқан кезде саусақтарымен аузын жауып, бетін ұстайды. Мысалы бас бармақ бетке жақын орналасып, қалған саусақтар ауызды жауып тұруы мүмкін немесе керісінше. Бірақ, қалай орналасса да бұл қимылдардың мағынасы бірдей. Бұл қозғалыстың екі мағынасын бір-бірінен ажырата білген жөн. Сөйлеп тұрған адам осы әрекетті өтірік айтып тұрған кезде пайдаланады, ал әңгімені тыңдаушы дәл осылау жасаса, сөйлеп тұрған адамның өтірігін әшкерелегені.

Қосымша 16 ереже:

1. Өтірікші барлық сөздерін ойланып айтуға тырысатындықтан, қимыл-қозғалыстарын әдеттегіден баяу жасап, ақырын сөйлейді.

2. Сөз арасында кідірістері көп. Мысалы, Сізге жұмысты тамаша орындадыңыз деп айтып болған соң ғана күлген болса, оның өтірік айтқандығы. Ал шындықты айтып тұрған адамның сөздері мен эмоциясы бір уақытта орындалып отырады.

3. Айтылған сөздермен қимыл-қозғалыстың үйлеспеуі. Мысалы, Сіз маған, расымен де, ұнайсыз дей отырып, қышқыл лимон жегендей түр көрсету.

4. Эмоцияның бет арқылы емес, тек оның бір бөлігі арқылы көрініс табуы. Мысалы, еріндермен жәй ғана жымиып, көздерді қозғалтпау. Ал шынайы күлкі бірінші кезекте көз арқылы көрінеді.

5. Өтірік айтып тұрған адам денесін кішірейте түседі. Мысалы, қолдары мен аяқтарын бірінің үстіне бірін қою.

6. Көзбен түйісуге қорқады.

7. Қарсы сөз айтудан қорқып әр сөзімен өзін қорғап отырады.

8. Өтірік айтып тұрған адам денесін немесе басын кері қарай бұруы мүмкін.

9. Қорғаныс ретінде айналасындағы заттарды алдына тізе бастайды. Ол заттардың үлкен болуы шарт емес.

10. Өтірікші сіздің сөзіңізді пайдалануы мүмкін. «Үстіңгі қабаттағы терезені сен сындырдың ба?». «Жоқ үстіңгі қабаттағы терезені мен сындырған жоқпын».

11. Сұрақтан жалтару үшін екі түрлі мағынада түсінуге болатын жауаптар қайтарады.

12. Өтірік айтып тұрған кезде есте сақтауға қиын соғатын детальдарды көп қолданады.

13. Өтірік айтып тұрған кезде есімдіктерді ұмытып, бірқалыпты дауыс ырғағымен сөйлейді.

14. Жұмсақ сөйлесе де, сөйлем құрауда грамматикалық қателер жібереді.

15. Біреудің өтірік айтып тұрғанын байқасаңыз, тақырыпты басқа арнаға бұрып көріңіз. Өтірік айтып тұрған адам бұл әрекетіңізге қуанып, өзіне жайлы сезіне бастағанын көрсетеді.

16. Өтірікші тақырыпты ауыстыру үшін қалжың мен сарказмды қолданады.

Бұл белгілер сізге өтірікшіні дәл анықтауға септігін тигізеді. Алайда бұл ережелерді бұрын-соңды жақсы білетін адамдарыңызға пайдаланудан бастағаныңыз дұрыс.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: techgrand.com

Қ. Бүйенбай