- Негізгі бет
- Психология
- Үйден жұмыс істегіңіз...
Үйден жұмыс істегіңіз келе ме?
Бүгінде күн санап жұмыстың түрлері көбеюде. Әркім өз мамандығына, жүрек қалауына қарай жұмыс істей алады. Тіпті үйден шықпай да жұмысыңызды атқарып, жалақыңызды алып отыра аласыз.
Мұндай жұмыспен әдетте есепшілер, редакторлар, корректорлар, дизайнерлер, фотографтар, репетиторлар және тағы басқа мамандар айналысады.
Мұндай жұмыстың тиімді жағы қандай?
Біріншіден, жұмыстан кешігіп қалам деп, таңмен таласып оянбайсыз. Көлік кептелісінде жүйкеңізді тоздырып, сағатқа қайта-қайта жалтақтап отырмайсыз. Көліктің жолақысы, түскі асқа жұмсалатын ақша қалтаңызда қалады.
Екіншіден, бастығыңыздың не әріптестеріңіздің қабағын бағып, 8 сағат бойы сіресіп отырмайсыз. Қалаған уақытта істеп, жалықсаңыз, шай, кофеңізді ішіп, арасында демаласыз.
Үшіншіден, қолайсыз ауа райының әсері жоқ. Демек, әріптестеріңіз жауын-шашында бүрсеңдеп, қолшатырмен жүгіріп жүргенде, жып-жылы үйіңізде отырасыз.
Төртіншіден, тығыз жеке шаруаларыңыз пайда болса, ешкімнен сұранбайсыз, қалаған жағыңызға тіпті апталап кете бересіз. Тек уақытымен жұмысыңызды тапсырсаңыз болғаны.
Бесіншіден, бір емес, бірнеше жерден жұмыс алуыңызға болады. Әрине барлығын да сапалы, кәсіби тұрғыда сауатты орындауыңыз қажет.
Ал мұндай жұмыстың кемшілігі неде?
Біріншіден, күндіз ұйықтап, түнде жұмыс істеп, күн режіміңіз сақталмай, кейде тығыз жұмыс болғанда тамақ ішуге де уақытыңыз болмай қалуы ықтимал. Сондықтан кеңседе отырмасаңыз да өзіңізді тәртіпке үйреткеніңіз жөн.
Екіншіден, қажеттілік болмағаннан кейін, іскерлік стильдегі киім алуды доғарғаныңызды байқамай қалуыңыз мүмкін. Үйде не киетініңізді өзіңіз шешесіз. Сөйтіп, сән әлемінен бейхабар қаласыз, гардеробыңыз да жаңармайды. Сол себепті кеңсеге анда-санда барсаңыз да іскерлік стильде киініп баруға тырысыңыз.
Үшіншіден, жұмысыңыз тек тапсырысқа байланысты болғандықтан, тұрақты жалақы алмайсыз. Тапсырыс кейде көп, кейде мүлде болмай қалатын жағдайлар да кездесетінін ескергеніңіз жөн.
Іске сәт!
Сурет: ©Данияр Шаймергенов
Ұқсас жазба:
Стереотиптің жағымсыз жақтары қандай?
Ф. Абилова