- Негізгі бет
- Психология
- Тест. Сізге не...
Тест. Сізге не жетіспейді?
Нәзік жандылардың көпшілігі өзін төмен бағалап, тіпті өзгелермен де салыстырады. Бұл – психологиялық тұрғыда қате. Егер адамның өз-өзіне көңілі толмаса, оған деген өзгенің пікірі де жағымсыз болады. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» дейді қазақ даналығы. Мына тесттен өтіп, өмірдегі кедергілерді ысырып тастаңыз.
1. Барлық адам періште емес, бәрі жаза басады. Қай жағдайдан кейін өзіңізді қатты кінәладыңыз?
А. Сүйгенімнің жүрегін жаралап, ренжіткен кезімде.
Ә. Келген мүмкіндіктен айырылып қалғанда.
Б. Ойлаған мақсатыңызға жете алмай жүргенде.
В. Жауапсыз махаббатта.
2. Жұмысқа қабылдау кезінде сіздің қабілетіңізді сұрап отыр. Өзіңізді қалай бағалар едіңіз?
А. «Маған берілген қызметті жауапкершілікпен оңай атқара аламын».
Ә. «Сөзге келе бермеймін, өзгелер үшін мойныма жүк алғанды жек көремін».
Б. «Үлкен істерді жақсы көремін, бірақ бағынышты болғым келмейді».
В. «Ортамен жақсы тіл табысамын, бірақ бір қалыпты жұмыстан тез жалығамын».
3. Сіз үшін ең маңыздысы ...
А. Неке.
Ә. Үй.
Б. Мансап.
В. Ақша.
4. Басыңызға іс түскенде не істейсіз?
А. Ештеңеге мән бермей, жұмысқа кірісіп кете бересіз.
Ә. Құрбыларыңызға айтып, бір жеңілдеп қаласыз.
Б. Ұялы телефонды біраз күнге өшіріп қойып, мәселе шешілгенге дейін тыныштықта жүресіз.
В. Шоколад жеп, көңіл көтересіз.
5. Өмірлік жарыңызды қай жерден кезіктіргіңіз келеді?
А. Әлеуметтік желіде таңдау көп.
Ә. Көшеде, қоғамдық көлікте, дүкенде немесе жаттығу залында.
Б. Мейрамханада, басқосуларда. Көңілді кейіпте көргім келеді.
В. Жұмыста. Жақыннан тануға мүмкіндік туады.
6. Жаппай сатылым кезінде мүмкіндікті өткізіп алғыңыз келмей ме?
А. Ия. Уақытым болса, мұндай ұсыныстан бас тартпас ем.
Ә. Міндетті түрде барамын. Қандай киімдер барын алдын ала анықтап аламын.
Б. Жоқ. Қатты керек болып жатса ғана баратын шығармын. Аса қызықпайды екенмін.
В. Жоқ. Бірде барып ем, сапасыз киімдерді ғана көрдім не маған үйлеспейтін киімдер қалады.
7 Өмірде қызық көргіңіз келеді. Мысалы, кезекті демалысыңызды қалай өткізер едіңіз?
А. Киноға түсіп, бағдарламаларға қонақ ретінде қатысқым келеді.
Ә. Несиеге әдемі диван алып, үйімді безендірер ем.
Б. Ата-анамды сүйіктіммен таныстырсам деп едім.
В. Көзді жұмып қойып, мен бармаған жаққа сапар шегер ем.
8. Жігітіңіз қандай болғанын қалайсыз?
А. Ажарлы, ақылды әрі көңілімді көтеріп жүрсе екен.
Ә. Құрбыларым қызғанатындай әдемі болсыншы.
Б. Романтиканы сүйетін жігіттер – менің таңдауымда.
В. Мені түсінсе екен.
9. Жоғарыда айтқанымыздай, адамның бәрі ақ емес. Ғашығыңыздың қай қылығын түсіне алмас едіңіз?
А. Спортпен айналыспаса, көңілімнен шықпасы анық. Ер жігіт спортқа жақын болуы керек қой.
Ә. Шыдамсыздығын. Байсалды әрі сабырлы болса жақсы емес пе?
Б. Сараңдығын. Шық бермес Шығайбай болса... Тіпті, дүниесін менен қызғанатын болса, кешірмес ем.
В. Шешім шығара алмаса. Өзі шешіп, өзі таңдау жасау керек.
10. Есіңізге түсіріп көріңізші. Қай сәтте бақыттан басыңыз айналып, қуанып едіңіз?
А. Шынын айтсам, ешқашан. Бір қуансам, бәрібір соңынан бір өкініш ілесіп кеп тұрады.
Ә. 3 кг салмақ тастап, арықтаған кезім есімнен кетпейді.
Б. Жұмысымды толық атқарған кезде.
В. Парашютпен секіргенде, лотереядан ұтқанда.
11. Балалық шақтағы кейбір сәттер есімізде мәңгі сақталады. Қай шақты ешқашан ұмыта алмайсыз?
А. Ұлдармен сөйлескенім үшін анамнан айқай естігенімді.
Ә. Мұғалімнің сол күнгі дайындығымды әділ бағаламағанын.
Б. Әкемнің өзгелермен салыстырғанын ұмыта алмаспын
В. Сыныптастарым менің киім киісімді, шаш үлгімді келемеждегенін.
№ | А | Ә | Б | В |
1 | 10 | 15 | 5 | 20 |
2 | 15 | 5 | 20 | 10 |
3 | 10 | 20 | 5 | 15 |
4 | 15 | 10 | 20 | 5 |
5 | 5 | 15 | 10 | 20 |
6 | 20 | 5 | 10 | 15 |
7 | 10 | 5 | 20 | 15 |
8 | 15 | 20 | 10 | 5 |
9 | 5 | 20 | 15 | 10 |
10 | 15 | 10 | 5 | 20 |
11 | 5 | 10 | 20 | 15 |
50-ге дейін
Сіз өзіңізді тым арық не толықпын деп есептейсіз, жұмысыңыз өзіңізге ұнамайды, жалғызсырайсыз. Өзіңізге үнемі сенімсіздікпен қарайсыз. Еркіндік, махаббат, мансап, саяхат, отбасы деген өміріңізге маңызды құндылықтарды тізіп жазып қойыңыз. Артынша сол құндылықтарға қалай қол жеткіземін дегенді ойлаңыз.
50-115-ке дейін
Кездесулерге, жиындарға шақырса, қалмайсыз. Би, аспаздық, тіл курстарына жазылып қоясыз. Бір күнде 24 сағаттың барын ұмытып, бәріне үлгеремін деп ойлайсыз. Бірақ, біріне бару үшін екіншісінен құр қаласыз. Сол үшін «неге мен бәріне үлгермеймін» деп өзіңізді жазғырасыз. Мұндай жағдайларға тап болмау үшін күн тәртібімен жүру керек. Бір жұмысты бітіріп болмай екіншісіне аяқ баспаңыз.
115-185-ке дейін
Ғашығыңыз, жұмысыңыз, мансабыңыз, сұлулық – сізде бәрі-бәрі бар. Бірақ сізге тыныштық жетіспейді. Қайнап жатқан күйбең тіршілік қанша асықсаңыз да бітпейді. Сол себепті, бір ғана сабырлылық керек. Бәрін ақылмен шешкен дұрыс, бірақ бір кезек жүрек тыныштығын да естен шығармау керек.
185-тен жоғары
Сіз жұмысқа адалсыз, жауапкершілікті жақсы көресіз. Бірақ, жан рахатын сезінуді ұмытып кетесіз. Сіз қаласаңыз, барлығын жасай аласыз, қолыңыздан бәрі келеді. Дегенмен, ішкі жан дүние деген ұғымды ұмытпау керек, жастық шақ, отбасы, сәби, қарттық шақпен жүздесу деген өмір заңдылығына үйрену керек.
Г. Берік