- Негізгі бет
- Психология
- Сіз қандай қалыпта...
Сіз қандай қалыпта ұйықтайсыз?
Сіздің ұйықтап жатқандағы қалпыңыз өзіңіз туралы ақпарат беретінін білесіз бе? Әрине біз ұйықтап жатқанда аударыламыз, дөңбекшиміз. Дегенмен әрбір адамның қимыл-қозғалысының «тілі» болады. Себебі жұрттың алдында сыр білдірмей, күліп-ойнап жүрсек те ұйықтаған кезде бар сырымыз ашылады.
Мысалы, біреу бүк түсіп, қол-аяғын бауырына жинап, дөңгеленіп жатып ұйықтайды. Бұл кісі әлі анасының құрсағында. Өмірдің қилы-қилы белестері бұл кісі үшін қиындау. Анасының ішінде жатқанда бәрі жақсы еді, сондықтан сол кезді аңсайды. Ол үлкен қамқорлыққа зәру.
Екінші кісі етпетінен жатып, төсектің үстін толық жауып жатып ұйықтағанды ұнатады. Ол күтпеген, жағымсыз «тосынсыйларды» ұнатпайды, сол себепті бетін теріс беріп жатады. Ал күндіз айналасындағы жағдайды қалт жібермей бақылап отырғысы келеді. Үйлі-баранды адам болса, бала-шағасының мазасын алып, мезі етіп жібереді.
Үшінші кісі аяқ-қолын еркін созып жіберіп, шалқасынан жатып, алаңсыз жатады. Бұл адам өз-өзіне сенімді, жан-жағындағы жағдайларға елеңдемейді. Ол отбасында, ұжымда көшбасшы, көбіне бетің бар, жүзің бар демей тура айтады, жұрт назарының өзіне ауғанын қалайды.
Төртінші қалыпта, яғни қырынан аяқ-қолын сәл-пәл жинап, бір жамбастап жатуды ұнататындар екіге бөлінеді: солақайлар сол қолын ілгері созып, оң қолын кеудесіне тартып, оңақайлар керісінше, оң қолын ілгері созып, сол қолын кеудесіне тартып, қырынан бір жамбастап жататындарды ақылды, данышпандар деп атайды. Себебі айналасындағылармен тіл табыса алады, әр нәрсеге байыппен қарайды, сабырлық сақтап, әліптің артын күтеді.
Адам ұйқысына сыртқы фактор да көп әсер етуі мүмкін, мысалы, бөлменің температурасы, егер салқын болса, бүктетіліп, сәби сияқты ұйықтаймыз. Жарықтан қорғанып, бетімізді жауып аламыз, ауырып қалсақ та, әдеттегіден тыс басқаша жатамыз, дөңбекшіп, мазамыз болмай, тіпті айқайлап сөйлеуіміз де ықтимал.
Ал ерлі-зайыптының ұйықтағандары бойынша да көөптеген жайттың бетін ашуға болады, олардың қарым-қатынастары, отбасында кім көшбасшы, тағысын-тағылар, алайда бұл туралы кейінірек әңгімелейміз.
Төсегіңіз сайлы, ұйқыңыз жайлы болсын!
Автор: Фариза Әбілова
Сурет: grid.al
Оқи отырыңыз:
Ештеңе жасамасақ та, бос емеспін деп айту әдетінен қалай арыламыз?
Жігіттерге қандай қыздар ұнайды?
Өміріңіздің бір сағаты қанша теңге тұрады?
Ф. Абилова