- Негізгі бет
- Психология
- Сұлу қыз бен...
Сұлу қыз бен келбетті жігітке сенуге бола ма?
Қоғамда "сыртқы келбеті ерекше сұлу қыздар мен жігіттерге аса сенуге болмайды" деген пікір бар. Өйткені "сұлу қыздың жігіті көп, келбетті жігіттің қызы көп, сенімсіз".
Сұлу адаммен тұрақты қарым-қатынас құру үшін өміріңіздің заңдарына бірнеше ереже енгізу керек. Өйткені біріншіден, сұлу қыз бен көрікті жігіттің бәрі өз-өзін шектен тыс жақсы көреді, өзіне айрықша сенімді. Екіншіден, оларда жүрегінің жартысы болатын жанды шетінен шертіп тұрып таңдау мүмкіндігі бар. Олар кастинг жарияласа, "кастингке" келетіндердің қатары көп болмақ. Сұлулық та байлық, атақ сияқты жақсы өмір сүрудің кілті. "Сұлулық – сұмдық күш", "Сұлулық әлемді құтқарады". Шын мәнінде солай ма? Сыртқы сұлулықтың қандай артықшылығы мен кемшілігі бар?
Асаубек Әйімбетов, журналист: "Сыртқы келбеттің жағымды болуы әр кезде жақсы бағаланған. Келбеттің сұлу не тартымды болуын әр адам әрқалай қабылдайды. Достарым "түрің бар, қыздарды қос-қостан "ұстасаңшы" деп айтып жатады. Өз басым түрімді жеңіл сезімдер үшін пайдаланбаппын. Ол - қате түсінік. Келбетті болып, бір адаммен дұрыс қатынас орната алмасаң, не пайда?! Әрине, көптің көзінің отына айналған қыз-жігіттерді көпшілік жеңілтек деп қабылдайды. Бірақ олай емес. Өз басыма келбет телевизия саласында алға жылжуыма септік етті. Басқа да қызметтік мақсаттарыма (кино, сахна) көмектеседі деп ойлаймын. Қыздардың қарша бораған хаттарына қарап отырып, көптеген адамның әдемілікке қызығатынын ұғамын. Ол дұрыс. Келбетті жігіттің өмірі кәдімгідей, тек нәзік жандылар тарапынан көп назардың ауатыны рас. Жеңіл ойлы болу түрге емес, санаға байланысты. Ең бастысы - шынайы болу, таза болу. Сонда ғана өз орныңызды табасыз".
Айнара Байжан, баспасөз хатшысы: "Кейде инстаграмда сұлу қыздардың парақшаларына кіріп, сұлулықтарына сүйсінем. Алайда әдемі суреттің астына жазылатын неше түрлі пікір мен өсек-аяңдарды көргенде, сұлуды аяймын... Жазықсыз жаман сөздердің астында қалып жатады. Әйел адамға физикалық сұлулық маңызды. Байқағаным, қазір біздің қоғамда сыртқы келбетке үлкен мән беріледі. Баян Есентаева ән айтатын қыздардан гөрі, жазық маңдай, қыпша бел, қиғаш қасты қыздарды көбірек іздейді. Демек, сұлулардың табысқа жетуде жолдары болады. Сұлу қыздарға қанша көз сүйсіне қадалса, оларды көре алмайтын іштарлардың тарапынан зиянды әрекеттер де көп. Тарихтан көп мысал келтіруге болады... Аяқтан шалу, жалған өсек тарату, қызғаныш... Сұлу қыз үлкен жетістіктерге жетіп жатса, айналасындағылар оның сол биікке өз еңбегімен көтерілгеніне сенбейді. Сондықтан көрікті қыздар жеңілдіктерге оңай жетсе де, тағдыры сәл ауырлау болатын сияқты... Өз басым сыртқы келбетімді еш жерде пайдаланып көргенім жоқ... Зиянын да көрмедім... Пайдасы – күнi бойы келетiн толассыз хаттар мен қоңыраулар, әдемі сөздер шығар. Бірақ қызға кім сөз салмайды?! Мен сыртқы келбетіме кез келгеннің назарын аудартқым келмейді. Арманым - бір ғана жанның сүйіктісі болу! Кез келген қыз сұлу болуды армандайды. Сондықтан сыртқы күтімге мән беріп, арықтауға талпынып, әдемі киімдерді алуға тырысамыз... Шын мәнінде, жібектей есіп тұрған мінезі мен риясыз таза күлкісі бар қыз сұлу болып көрінеді. Мен үшін сұлулықтың эталоны – Одри Хепберн және менің анам".
Анна Құдиярова, психолог: "Адамдар отбасын құру секілді жауапты қадамда ең алдымен жанның сұлулығын іздейтін шығар. Әрине жас кезінде сұлулыққа әсіресе жігіттер құмартып жатады. Бірақ сұлу қызыңыз, көрікті жігітіңіз ашуланшақ, қызғаншақ болса, оның денесінің сымбаттылығы маңызсыз болып қалады. "Үйлену оңай, үй болу қиын" демекші, үй болу үшін адамның жан жылулығы керек. Әрине сыртқы сұлулыққа қызықпайтын адам жоқ. Бірақ орыстар айтпақшы, "келбетті күйеу - өзгенікі" (красивый муж - чужой муж). Сондықтан осы стереотиптен көп адам қорқады. Бұлбұлды тар қапасқа қамап қойсаңыз, ол өліп қалмай ма, сол секілді көрікті жігіттер мен сұлу қыздарға айрықша, жеке жағдайлар жасалуы керек шығар. Көп жігіт үйленгенде қыздың сұлулығына емес, ақылдылығына, жұмысқа пысықтығына бірінші кезекте мән береді. Және керісінше, қыздар да жігітті өмірлік жар ретінде таңдағанда, оның сыртқы келбеті екінші орынға ысырылады. Келбетке көп мән беру – ажырасудың бір себебі дер едім".
Сұлу бола тұра, жалғызбасты, жетістікке жете алмаған қыз бен жігіт көп. Десе де сыртқы сұлулығына мастанып жүре бермей, ел мүддесіне қызмет еткен ерекше сырбаз Сәкен Сейфуллин сынды тұлғалар да аз емес. "Сырты жылтыр, іші түтін" деген стереотиптің барын жоққа шығара алмаймыз. Адамға деген құрмет сыртқы келбетіне сүйсінуден құралмаса керек. Сұлулық рухани байлықпен астасып жатса, кемел адам сол болмақ.
Сыртқы сұлулық па, жан-дүние сұлулығы ма?
Сурет: time.kz, bustle.com, жеке мұрағат
М. Оңғарова