Сөмкесіне қарап мінезін таны

Сөмкесіне қарап мінезін таны

Қыз-келіншектер үшін сөмке – нағыз қажетті бұйым. Сөмкенің ішінен "керек затын табу жолында" әйелдер орта есеппен 78 күнін құрбан етеді екен. Қыздың сөмкесіне бір рет көз тастап, оның мінезін анықтауға болады. Бұл тұжырымның дұрыстығына "сөмкетерапияны" ойлап тапқан неміс психологы Розанна Пирантонетти сенімді. Оның ойынша, сөмкесіне қарай қыздар түрлі типке бөлінеді. 

Осы жолдарды оқып отырған арулардың кейбірінде бір емес, бірнеше сөмкеден бар. Woman.ru сайты қай сөмкені ерекше жақын тартып, жиі ұстасаңыз, мінезіңізді сол сөмке арқылы тануға болады дейді. 

Ашық мінезді ару. Сөмкені жиі ауыстырады, гардеробынан клатчтан бастап, алып сөмкелерге дейін таба аласыз. Оның қай сөмкесі болмасын сәнді. Сөмкенің ішінде интернетке қосылған ұялы телефон, қыздарға арналған ноутбук не планшет, студенттік билет жүреді. Ондай қыздар үнемі белсенді, өткен күн не болашақпен емес, бүгінмен өмір сүреді. Олар соңғы жаңалықтардан құлағдар, қимыл-қозғалыстары ширақ. 

Болашағын болжағыш қыз. Ол қажетті заттары оңай сыятын көлемді сөмкеге құштар. Сөмкесінде қазір қажет болатын дүниелермен қатар, бір кездері керек болады-ау деген заттары да бар. Ондай қыздар көбіне әр ісін жоспарлағанды ұнатады, егер бір нәрсе өзі қалағандай орындалмаса, қатты уайымдайды. Сөмкедегі көп зат ондай қыздың кез келген тосын жайтты қабылдауға дайын екенін көрсетеді. 

Ерекше бойжеткен. Экологиялық таза материалдардан, матадан тігілген сөмкелерге құмар. Сөмкесінде органикалық косметика, қымбаттау тастан жасалған бір-екі білезік жүреді. Бұл қыздар үшін әлем ақ пен қараға ғана бөлінеді. Өзіне қатаң талап қоятын бұл типтегі қыз алдына мақсат қойғыш. 

Мінсіз қыз. Қымбат, нәзік сөмкелерге құмар. Сөмкенің ішінен смартфон, иіссу, карталарды (жеңілдік, несие карталары) таба аласыз. Бұл қыздар – іскер. Өз есесін ешкімге жібермейді. Сырт көзге ондай қыздың өмірі керемет болып көрінсе де, олар жиі-жиі күйзеліске түседі. 

Оптимист ару. Әр кезеңнің сәнді сөмкесін ұстайды. Сәннен қалған сөмкені тастай салып, жаңа сөмке сатып алады. Сөмкесінде үлкен күн көзілдірігі, шот қағаздары жүреді. Ондай қыздар өз қалауымен өмір сүреді. Ең алдымен өзгенің емес, өз жағдайын ойлайды. 

Стильді бикеш. Артық детальсіз элегантты классикалық сөмкені құп көреді. Сөмкесінен визит қағаздарын салғыш, танымал брендтің стильді қойын кітапшасы, қалам сияқты заттарды көруге болады. Бұл қыз өмірден нені қалайтынын, оны қалай алу керектігін жақсы біледі. Үнемі кез келген тосын сыйға дайын жүреді. 

Поп-жұлдыз (сәнқой). Ондай қыз Бритни, Николь сияқты сәнқой жұлдыздардың киген киімдеріне, ұстаған сөмкелеріне қатты қызығады. Солар ұстаған сөмкені алғысы кеп ынтасы ауса да, көбіне қалтасындағы қаражаттың аздығы кедергі келтіреді. Ол жарқыраған, сылдыраған, сүйкімді, сәнді көрінетін кез келген затқа әуес. Сөмкеде алқызыл түсті mp-3 плеер, жұлдыздар жайлы журнал, жалт-жұлт еткен қабы бар ұялы телефон жүреді. Бұл типтегі қыздар өмірге құштар, көңілді болып келеді. Олар кез келген жаңалыққа селт етіп, жаңа ойдан күш алады, десе де, энтузиазмы дереу жанып-сөнеді. Көбіне өзін өзгелерден мықтымын деп санайды. Соған қарамастан, жұлдыздарға еліктегіш.

Сурет: purseblog.comgalleryhip.com, weheartit.com

Р. Роза