Сөмкесіне қарап таны...

Сөмкесіне қарап таны...

Сөмке өзінің сұлу қожайыны жайлы көп сыр аша алады. Осыған дейін ұстанымдары мен өмір тәртіптері әртүрлі қыздардың қандай сөмке құп көретіндіктері жайлы айтқан едік. Енді қыздардың сөмкесін қалай ұстайтындығына, оның пішіні мен түсіне тоқталайық.

Сөмкесін қолтық астына қысып жүретін қыздар іскер, батыл болады. Олар мақсатына сүрінбей жетеді. Мансап жолында өзінің жеке өмірін ұмытуға бар. Мұндай қыздар тұйық, барлық қиындықтарды өз ішінде өткереді.

Арқа сөмкелері арудың мінезіндегі балалық қасиетін көрсетеді. Бұл ару әлі де кішкентай қыз, ол ересек адамдардың арасында өзін бөтен сезінеді.

Сөмкесін шынтағына іліп ұстайтын арулар қырсық болады. Алайда олардың қырсықтығы көбірек еркелеуге жақын, олар соның артында нәзік жанын жасырғылары келеді.

Дәстүрлерді құрметтейтін сұлулар сөмкесін қолда берік ұстап жүреді. Олар айтқан сөздеріне, жасаған істеріне мұқият болады, қателіктер жібермейді, кемшіліктерін көрсеткісі келмейді. Мұндай қыздардың ұқыптылығы мен қаталдығын басқалар тәкаппарлық деп қабылдауы мүмкін.

Үлкен сөмкеге иегер арулардың жиі жағдайда шыдамдылығы аз. Жұмыста да, үйде де ол бірден және бәрін қалайды. Олар ыңғайлылық пен қарапайымдылықты бәрінен жоғары қояды.

Классикалық пішінді және стильді сөмкелерді іскер, пысық қыздар таңдайды. Олардың киімі де классика стиліне жақын. Мұндай қыздар мансап жолында көп жетістіктерге жетеді, болашаққа да мақсаттары көп. Олар өздерін жоғары бағалайды. Сонымен қатар, тыныштық, жалғыздықта демалғанды жақсы көреді.

Түрлі түсті, ерекше, батыл дизайнды сөмкелерді батыл, өнер аруларының гардеробынан таба аласыз. Өнерге жақын адамдар әр уақытта жаңа, ерекше заттарға әуес болады. Сыртынан қарағанда бұл арулар батыл көрінеді, алайда шын мәнінде олар сынға өте сезімтал келеді.

Қара түсті сөмкені ұқыпты, үнемшіл қыздар ұстайды. Олар тек жақын достарымен ғана араласады,  ал жаңа адамдармен тіл табысуы үшін көп уақыт пен күшті қажет етеді.

Ашық түсті сөмкелерді романтикалық қыздардың қолынан көре аласыз. Олар көңілдері ашық, мейірімді, басқалармен оңай тіл табысады. 

Ал сіздің сөмкеңіз қандай?

Тақырып бойынша:

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: weheartit.com

С. А