Неге үйленбей жүрсіз?

Неге үйленбей жүрсіз?
Фото: massaget.kz

Айналамызда жақсы қыз-жігіт көп. Зер салсаңыз, көпшілігі теңін таппаған. Неге үйленбей жүрсіз деген сұраққа жартысынан көбі «Дұрыс қыз жоқ» деген жауап қатады. Тағдыры солай болса, оларға әңгіме жоқ. «Әр жынды өз жындысын табар». Ал бірнеше жылдан бері кездесіп жүрген жұп неке қию қадамына баса алмай жүруіне не деуге болады?

БАСЫ

Бұл сұраққа жігіттер берер жауап қыздарға қарағанда маңыздырақ. Себебі жанұяның бар жауапкершілігін мойнына алатын да, шешім қабылдайтын да осы ерлер.

«Үйленгеннен кейін тұратын баспанам жоқ». Адам бөлек отау құрған соң, төбесінде бір шатыры болуы  керек-ақ. Бірақ мәселе тек осында болса, өмір бойы пәтер жалдап тұрып жатқан бақытты отбасы қаншама?! Бағасына шашыңыз жетпейтін пәтерге қолыңыз қашан жетерін кім білсін. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады». Бәлкім, алғашқы сәбиіңіз несібелі болып, сол туғанда үйлі боп қаларсыз.

«Тұрақты жұмысым жоқ». Кеше бар жұмысынан бүгін айырылып қалып жатқандар көп емес пе? Күніне бір қысқарту боп жатқан алмағайып заманда нақты бір жұмысқа тұрақтап қалатыныңызға өзге түгілі, өзіңіз сонша сенімді бола алмассыз. Ыдыс жуып даяшы болсаңыз да, жүк сүйреп арбашы болсаңыз да, еркек болған соң, екі қолға бір күрек табарсыз. Тек жұбайыңыз маңдай термен тапқаныңызды бағалап, берекесін кіргізсе болғаны.

«Той жасайтын ақшам жоқ». Қазір болмаған ақша келесі жылы аспаннан жауады деген ертегіге бала да сенбейді. Осы кезге дейін жиналмаған қаржыны енді жинаймын деп те ойламай-ақ қойыңыз.  Қолда барыңызды бәріне жеткізсеңіз, достарыңыз бен туыстарыңыз да қаржылай қолдау жағынан қарап қалмас. Ал «бәленшенің тойы түгеншенікіне қарағанда орташа болды» деген уақытша айтылар қаңқу сөздер аса маңызды болса, амал жоқ, қарыз алыңыз.

«Отбасы асырайтын ақшам жоқ». Бас екеу болмай, мал екеу болмайды. Болашақ жарым деп таңдаған жаныңыз сіздің қабілетіңізге, келешегіңізге сенбейтін болса, көп дүние талап етсе, кеш болмай тұрғанда қош деңіз. Атадан қалған малды талғажау қылмай, бейнеті мен зейнетін зайыбыңызбен бірге көріп тапқан табысыңыз тәтті болар.

«Әке болуға дайын емеспін». Иә, бұл ең маңызды, ойланарлық мәселе. Ол үшін бір минутыңызды да босқа өткізбей, уақытты өзіңізді жетілдіруге арнаңыз. Болашақта баламды қалай тәрбиелеймін деген сұраққа дамылсыз жауап іздеп, өзіңіздің тәрбиеңізді басты назарда ұстасаңыз, бұл мәселенің де шешімі табылады.

Шешілмейтін түйін болмас. Қырық сылтаудың белінен бір сызып, тәуекел деп тезірек шаңырақ көтеріңіз, ұрпақ сүюге асығыңыз.

@. @assel_assanova